Қоғам

Жастардың жолы кеңейді

Мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басымдықтарының бірі.

Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетудегі меритократия қағидаттарына негізделген ашық және әділ жүйені қалыптастыру Агенттіктің маңызды мақсаты мен міндеті болып табылады. Бұл ретте Мемлекет басшысымен қойылған мақсаттарға қол жеткізу, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі кадр потенциалын арттыру үшін мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру, сондай-ақ практикалық шараларды іске асыру бойынша Агенттікпен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Іріктеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөніндегі жұмыс жалғасуда.

Осы орайда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен (2022 жылғы 30 желтоқсандағы №177-VII ҚРЗ) мемлекеттік қызмет саласы бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұл ретте мемлекеттік қызметке конкурссыз кіру мүмкіндіктерінің шеңбері кеңейтілді, оның ішінде жоғары оқу орындарының түлектеріне мемлекеттік қызметке кіруге жеңілдіктер қарастырылған.  Өзгерістерге сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, яғни облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына; жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала атқарушы органының басшылық емес лауазымына; аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына; орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы  аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымына орналаса алатын болды.

Уәкілетті орган белгілеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу мүмкіндігін беретін оқу нәтижелерінің мәндері келесіден төмен емес болуы қажет: әріптік жүйе бойынша баға – В+, балдардың сандық эквиваленті – 3,33, балдар (%-тік құрамы) – 85-89, дәстүрлі жүйе бойынша баға – «жақсы». Осылайша 2023 жылы жоғары оқу орнын белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен бітірушілер жоғарыда аталған лауазымдаға конкурсcыз тағайындала алады.

Сонымен қатар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар да оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, ревизиялық комиссияларда, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде  «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.

Бұған қоса уәкілетті органмен, яғни Агенттікпен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасуға болатын мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының саны артты. Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы; орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аумақтық бөлімшесінің басшысы; облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органының басшысы; орталық мемлекеттік органның ведомствосы басшысының орынбасары; Жоғарғы Соттың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган басшысының орынбасары; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің Аппараты басшысының орынбасары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасуға жол берілетін болды.

Е.БЕЛГІБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

қызмет істері агенттігінің Астана қаласы  бойынша департаментінің бас маманы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button