Әлеумет

Жастарға арналған «жол картасы» қажет

Елімізде кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған көптеген бағдарлама бар. Ал, соның ішінде жастардың кәсібін дамытуға мемлекет қаншалықты көңіл бөліп жатыр? Осы  саланың жалпы ахуалы қандай? Бұл жөнінде Қазақстан Жас кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Мақсат Қожамбекпен әңгімелескен едік.

– Бизнеспен айналысқысы келген жастардың мүддесін қорғап, оларға бағыт-бағдар сілтеуді мақсат еткен Жас кәсіпкерлер қауымдастығы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Екі жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарып үлгердіңіздер, кәсібін ашқысы келген жастарға қандай көмек көрсеттіңіздер?
– Әр адамның табысты болуы оның өзіне, отбасына ғана емес, қоғамға да пайдалы. Ал, кәсіпкерлік – ауқатты, табысты болудың бір кілті. Соған қарамастан жастарымыз бизнеспен айналысуға онша құлықты емес. Олардың көпшілігі сәтсіздікке ұшыраймыз деген үреймен тәуекелге бара бермейді. Екінші, елімізде кәсіпкерлікті қолдауға арналған көптеген бағдарлама бар. Бірақ содан жастардың көбі хабарсыз. Әсіресе, шалғай ауылдағы азаматтар әлеуметтік қолдаулар туралы біле бермейді. Біздің мақсатымыз да сол – кәсіпкерлік саласына деген жастардың қызығушылығын арттыру. Қауымдастық құрылғалы бері бизнесін ашуға ойланып жүрген көптеген жастардың өздеріне деген сенімін оятып, бағыт-бағдар сілтедік. Оларға орта және шағын бизнес заңдылықтары жөнінде бизнес-жоспарды, келісімшартты қалай жасау керектігі туралы білгенімізді айтып, жөн сілтеп отырамыз. Бизнесті ашуға гранттарды, басқа да қолдауларды қайдан алуға болатыны жөнінде ақпарат береміз. Кейде несие, салық төлемдері жөнінде білгісі келетіндер телефон соғып жатады. Біз уәкілетіміз шегінде жауап береміз. Егер мәселені өзіміз шеше алмасақ, онда тиісті мекемелерге сұраныс жасаймыз. Әйтеуір, кәсіпкерлікке қатысты келіп түскен сауалдарды жауапсыз қалдырмауға тырысамыз.
– Еліміздегі жастар кәсіпкерлігінің деңгейі жөнінде не айтар едіңіз? Бұл саланың дамымай жатқанына не кедергі болып отыр?
– Елімізде жалпы кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар баршылық. Бірақ, соның ішінде жас­тар кәсіпкерлігін қолдауға байланыс­ты мәселелер кенже қалып келеді. Тіпті, мемлекет заңдарына «жас кәсіпкер», «жастар кәсіпкерлігі» деген ұғым енгізілмеген. Бізде қанша жас кәсіпкерлікпен айналысып жатқанын айғақтайтын статистика да жоқ. Ал кәсіпкерлікті қолдаулардың барлығы жалпыға бірдей. Меніңше, жастардың өз «жол картасы» болуы керек. Кәсібін бастағысы келген жас азаматтар аяғынан тұрып кеткенше мемлекет оларға жеңілдетілген несие жағынан, салық жағынан болсын, көмек қолын созуы керек. Ал, қазіргі ахуалымыз жастардың ісін өркендетуге мүмкіндік бермейді. Бизнеске енді ғана ден қойған азаматқа салық салып, олар төлемей кететіндей, жаналқымнан аламыз. Несиенің пайыздық жарнасы да жоғары. Осылайша, әжептәуір кәсіпкер болғысы келген жастың жігерін жасытып, мысын басып тастаймыз. Ол адам кәсібін әрі қарай дамытуға мұршасы жетпей, несиені қалай төлеймін деумен уақыты кетеді. Сондықтан, мемлекет жас мүддесін көздейтін арнаулы бағдарлама жасаса дейміз. Қазақстан – жас мемлекет. Статистикаға сүйенсек, елімізде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар – халықтың 27 пайызын құрайды, оның саны – 4,5 миллион адам. Бұлардың қатарына 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қоссақ, орта есеппен жастардың саны 5,2 миллион адамға өсер еді. Демек, жастардың арасынан миллиондаған кәсіпкер шығуы әбден мүмкін және олар жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасын дамытуға үлес қосар еді. Өз-өзін жұмыспен қамтамасыз еткен жастарға әлеуметтік жеңілдіктер жасаудың да қажеттілігі болмайды. Бұл мемлекетке де пайдалы.
– Жас кәсіпкерлердің жасын 35-ке дейін ұзарту жөнінде пікіріңізді жиі естиміз. Еліміздің заңы бойынша 29 жасқа дейінгі азаматтар жастар тобын құрамаушы ма еді?
– Иә, бірақ бұл еліміздегі жалпы жастарға қатысты айтылған. Ал кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың жасын 29-ға дейін деп шектеу қоюға болмайды. Өйткені, жеке бизнес ашу оңай емес. Бұл кәсіп бұғанасы әлі қатпаған жасқа тән емес қой?! Ол үшін адам алдымен қандай кәсіпке бейім екендігін саралайды, ізденеді. Бір кәсіптің тұтқасын ұстағаннан кейін оны әрі қарай өркендетуге тырысады. Бұған біршама уақыт қажет. Кәсіпкерлердің көпшілігі оқу орындарын бітіргеннен кейін кәсібін қолға алады деп есептесек, 35 жас – кәсіпкерлердің нағыз толысқан шағы. Осы жасқа дейін олар аяғынан тұрып, ісін дөңгелетіп кететініні анық. Алайда, бұл мәселені жастар саясаты туралы заңда атап көрсетілген 29 жаспен шатастырмау керек. Бұл – тек жас кәсіпкерлерге қатысты айтылып отыр. Демек, жастардың жасын ұзартсақ, әлеуметтік төлемдермен қолдауларды да көбейтуге тура келеді деген ой тумауы тиіс.
– Кәсібін енді ашқысы келіп жүрген замандастарыңызға не айтар едіңіз?
– Жастар кәсібін ашудан қорықпауы керек. Әр адам тәуекелшіл болғаны дұрыс. Әрине, қиындықсыз жұмыс болмайды. Бірнеше рет қателіктерге де ұрынуы мүмкін. Бірақ жұмысты бірден бастағаннан кейін шегінуге болмайды. Жастар белсенді болса деймін. Бәріміз қауымдастыққа бірлесіп, жастарға қатысты мәселелерді бірлесе шешкеніміз жөн. Кәсіпкерлікке байланысты қандай да бір қиындыққа тап келген жағдайда бізге хабарласса, көмек қолын созуға әзірміз. Бұл өз кезегінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға кедергі болып отырған түйткілді шешуге септігін тигізері сөзсіз.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button