Қала мен Сала

Жастарға қолдау көрсетеді

2021-2023 жылдары елімізде «Elorda Jastary» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында Neet санатындағы жастарға түрлі көмек көрсетіледі. Сондай-ақ осы санаттағы жастарға жан-жақты қолдау беруде Нұр-Сұлтан қаласының Жастарды қолдау орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері орталық NEET және пробация қызметінің есебінде тұрған 18-29 жас аралығындағы 2500 азаматқа тегін көмек көрсетіп келеді.

[smartslider3 slider=3820]

Айта кетейік, NEET санатына оқуын жалғастыруға немесе ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ, арнайы/кәсіптік білімі жоқ жастар, жұмыс іздеумен, оның ішінде арнаулы білім мен жоғары біліктілікті талап етпейтін жұмыс іздеумен айналысатын, сондай-ақ ауыл жастары, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар және пробациялық бақылаудағы жастар кіреді.

Жастарды қолдау орталығы 2020 жылдан бастап жұмыс істей бастады. NEET санатындағы жастарды қолдау жобасы «Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ қолдауымен іске асырылуда.

Аталған орталыққа елордалық жастар өздерін толғандырған түрлі мәселе, сұрақтар бойынша жүгіне алады. Солардың бірі жас ерлі-зайыпты – Сұлтан Сағындық пен Айгүл Дөсербекова. Олар мұнда бір айға жуық уақыт қызмет алуда.

– Тұрғылықты жер бойынша тіркелу мәселесімен осы орталыққа жүгіндік. Бұл мәселені бізге дәл сол күні шешіп берді. Орталық мамандарына алғысымыз шексіз. Тіркеуден өткеннен кейін үй алу кезегіне тұруды жоспарлап отырмыз. Қызымыздың денсаулығында ақаулықтар бар. Осы тұрғыда мамандардың кеңесін алдық. Материалдық тұрғыда да көмек көрсетілді. Жалпы орталық кез келген жағдайда қол ұшын созуға дайын, – деді Айгүл Дөсербекова.

Жастарды қолдау орталығында тұрақты негізде заңгерлер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер тегін көмек көрсетеді. Орталық мамандары жұмыс іздеу механизмі, жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, қайта оқыту және кәсіптік оқыту мүмкіндіктері туралы кеңес береді. Орталық психологтары мамандық таңдауда және жұмыс іздеуде дұрыс бағдар қоюға, жеке және кәсіби дағдыларды дамытуға, мақсат қою және жоспарлау дағдыларын дамытуға көмектесіп, басқа да мәселелер бойынша кеңес беруге әзір.

Орталық заңгері Айжан Еділбаеваның айтуынша, жастар арасында жеке құжаттарға немқұрайлы, жауапсыз қарау тенденциясы бар. Мысалы, азық-түлік сатып алу кезінде жеке құжаттарды кепіл ретінде қалдыру, жалға алу ақысын төлеу және құжаттарды кейіннен сатып алу үшін қарызды қайтармау секілді жағдайлар жиі кездеседі.

Заңгер ата-анасының қамқорлығынан қалған жастарға құжаттарын толтырып, болашақта жоғары оқу орындарына түсіруге де дайын екендігін атап өтті.

Орталықтың көмегіне жүгінген Наталья есімді қала тұрғыны жеке құжаттарын реттеу, тұрғын үйін тіркеу, жұмысқа орналасу мәселесімен мамандардың қызметін пайдаланып келеді. Қазіргі таңда жұмыс істеп, екі баласын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына орналастырған. «Қыркүйек айының басында жеке куәлігімді аламын. Одан кейін балаларымды балабақшаларға кезекке қоямын. Жұмысқа орналасып, жалақымды да алып жүрмін. Осы үшін мамандарға рақмет айтқым келеді» деді қала тұрғыны.

Сондай-ақ орталық мамандары маргиналды жастар шоғырланған жерлерде жұмыссыз жастар үшін ақпараттық-кеңестік көшпелі іс-шаралар өткізеді. Аталған жоба бойынша 1500 мыңнан аса адам кеңес алып үлгерді.

Жастарды қолдау орталығы жеке және кәсіби қасиеттерді дамыту бойынша оқыту семинар-тренингтері, түйіндеме жасау, әңгімелесуден өту бойынша шеберлік сыныптарын да тегін өткізеді. Бүгінгі таңда 1013 адам семинар-тренингтер мен шеберлік сыныптарына қатысқан.

Жастар заман ағымына сай жаңа мамандықтарды еркін әрі тез меңгеріп кетуге тиіс деп санайды орталық мамандары. Осы орайда жыл сайын «Компьютерлік сауаттылық негіздері, бағдарламалау курстары», «СММ, копирайтинг», «Social Media Marketing-менеджер», «Заманауи қоғам көшбасшысы» сияқты қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын ұйымдастырылып, 140-тан астам адам оқудан өтіп, сертификаттар алған.

«Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ бөлім басшысы Аян Ерментаев орталыққа Neet санатындағы жастар ғана емес, ата-анасының қамқорлығынан айырылған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да тегін көмек ала алатынын атады.

Орталық NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және ынталандыру мақсатында түрлі КВН байқауларын, турнирлер, футбол жарыстарын ұйымдастырып, техника дүкендеріне сертификаттар түрінде бағалы сыйлықтар табыстайды. Сондай-ақ онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіледі, онда мүгедек адамдар мен 29 жасқа дейінгі сотталған жастар үшін бос жұмыс орындары ұсынылады.

Жастарды қолдау орталығында ағылшын, қазақ тілдері, компьютерлік сауаттылық негіздері, тігін, фитнес, жол жүру ережелері, гитара үйірмесі және т.б. тегін курстар өткізілетінін атады. Орталық Абай даңғылы, 92/3 мекенжайында орналасқан.

Индира БЕРЖАНОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button