Сұхбат

ЖАСТАРҒА ЖАЙБАРАҚАТТЫҚ ЖАРАСПАЙДЫ

талгат рахманберді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр ҚР мемлекеттік жастар саясатының «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған болатын. Жалпыұлттық талқыға салынған бұл тұжырымдамада жастардың өзекті мәселелері ескеріліп, шешу жолдары да қарастырылған еді. Осыған орай бас шаһарда нақты қандай іс-шаралар жүргізілуде? Соны анықтау мақсатымен Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат Рахманбердімен тілдесуді жөн көрдік.

– Талғат Абайұлы, елордалық жастар саясатының жай-күйі қандай? Сөз еткелі отырған тұжырымдама бойынша нақты қандай істер тындырылуда?

– ҚР мемлекеттік жастар саясатының «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы – жас азаматтардың дамуына қатысты жан-жақты іс-шаралар қарастырылған өте жүйелі құжат. Жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, қайта даярлау, баспанамен қамту сияқты бірқатар мәселелерді шешіп, олардың бастамаларына қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда 2015 жылға дейінгі арнаулы жоспар бойынша концепцияның бірінші бөлімін жүзеге асырып жатырмыз. 2015-2020 жылға дейінгі тұжырымдаманың екінші бөліміне сәйкес жұмыс жоспары да әзірленуде. Біз Астана қаласының деңгейінде осы тұжырымдаманың орындалуын бақылауда ұстаймыз. Қала бойынша жылына 80-нен аса түрлі іс-шара өткіземіз. Атап айтатын болсақ, мәдени орта қалыптастыруға бағытталған «Студенттік көктем» фестивалі, қазақ тілін насихаттайтын «Жайдарман» көңілділер мен тапқырлар сайысы, тұрғылықты жері бойынша балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын «Аула клубтары» және тағы басқа жобалар. Жылда жастар ұйымдарын, жастар идеяларын қолдау ниетімен байқау жариялаймыз. Байқауға қызығушылық танытып, белсене қатысатындар қатары да көбеймесе, азайған емес. Мысалы, былтыр «Студенттік көктемге» мыңнан аса жас өнерпаз қатысса, биыл олардың саны 3 мыңға жеткен. Өнер майталмандарының өздері де таңғалды. Көпшілігі жаңадан келген, бойында таланты бар1-курс студенттері ғой. Өз жолын тауып, өнер жұлдыздарымен бірге үлкен сахнаға шығу – олар үшін үлкен жеңіс. Жыл сайын бойында өнері бар жастарды іздеп, қабілетін ұштауға дайынбыз. Жеңімпаз атанғандар да, жалпы қатысушылар да алдағы уақытта болатын ауқымды іс-шараларда өз өнерлерін көрсетеді.
Сонымен қатар, студенттер қатарына қабылдау рәсімін ұйымдастырдық. Былтыр ғана Астанаға 21 мың адам оқуға түсті. Соның 11 мыңы – асқақ арман қуып, талаптанып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар. Қарап отырсақ, романтикалық сәт қой. Сондай жастар өзара білісіп, белсенді болсын деп, оларды өзімізге тартамыз.

– Ал, жастарды жұмыспен қамту мәсе-­лесі шешімін тауып жатыр ма?

– Жастар жаз уақытында ауылға бармай, ата-анасына күш түсірмейін деп, осында қалып, жұмыс істейді. Студенттік құрылыс отряды мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы сынды ұйымдар арқылы жастарға қолдау көрсетіп, жылына екі-үш мың адамды жұмыспен қамтимыз. Олар көгалдандыру жұмыстарына ғана емес, EXPO қалашығының құрылысына да қатысады деген ойдамыз. Әзірше ол жұмыс ауыр техниканың көмегімен жүзеге асып жатыр ғой. Біраз жеңілдеп, адамның қол күші керек болғанда, атсалысатын болады.

Жақында ғана теміржол вокзалы мен сапаржайда жаз айларында қызмет көрсететін жастарды жұмысқа орналастыру пункттерін аштық. Өйткені, күніне қаламызға поезд бен автобус арқылы отыз мың адам келеді. Олардың дені – жастар. Жастар жиі жүретін осындай жерде жұмысқа орналастыру пунктін ашқанымыз да сондықтан. 138 компаниямен, сондай-ақ, қаладағы қызмет көрсету, тамақтану орындары, кинотеатрлармен келісім-шартқа отырдық. Бос орын болса, хабарын береді. Жалпы, істің аяқ алысы жаман емес. Жоба арқасында екі-үш күннің өзінде 14 адамды жұмысқа тұрғыздық. Ары қарай тіптен көп адам жұмыспен қамтылатындығына сенімдімін.

– Талғат аға, өзіңіз нешедесіз?

– Жасым жиырма тоғызда.

– Елімізде 14-29 жас аралы­ғын­дағы­ларды жастар қатарына қосады. Өзіңіз де жас екенсіз. Дегенмен, кейінгі толқынға аға ретінде көңіліз тола ма?

– Астананың 31%-дан астамы – 14-29 жас аралығындағы жастар. Ресми статистика 250 мың деген дерек келтіреді, бірақ қазіргі күні жастардың саны одан да көп. Байқағаным, сол жастардың көпшілігінің мақсат айқындауында нақтылық жоқ. Ол – мамандық таңдай алмаудан басталады. Өкінішке қарай, беделі жоғары деп ойлап, керісінше, еңбек нарығындағы сұранысы төмен мамандықтарға қарай жүгіреді. Төрт жыл оқып, кейін жұмыссыз қалу осындайдан келіп шығады. Ал, әр жас өзінің болашағын жоспарлаған кезде бүгінгі күннің қажеттілігін ескеру керек. Оларға жөн сілтеп, дұрыс бағыт беруге барлық жағдайды жасап отырмыз. Астана қаласында қажетті мамандықтар тізімі құрылған, соны жан-жақты насихаттап жатырмыз. Бұл жұмыс өз нәтижесін де берді. Есеп бойынша, 2012 жылмен салыстырғанда, 2013 жылы еңбек нарығындағы сұранысы төмен мамандықтарды таңдайтын мектеп бітіруші түлектердің саны 16%-ға азайған.

– Бүгінде әлеуметтік желілер жастар арасында кеңінен қолданылады. Кей адамдар оған жіпсіз байланып, тәуелді болып қалғандай. Өзіңіздің студенттік кезіңізді еске алыңызшы. Бір күніңіз қалай өтетін еді?

– Астана жастарының 85%-ы әлеуметтік желілерде тіркелген. Елордалық екі жарым мың жас азаматтан осы тақырыпта сауалдама алдық. Сөйтсек, әрқайсысы күн сайын интернетке кемінде 4 сағат жұмсайды екен. 24 сағаттың 4 сағаты әлеуметтік желіде өтеді. Бос кетіп жатқан уақыт десеңізші..

Иә, заман бір орында тұрмайды ғой. Жаһандану процесі жүріп жатыр. Мен 2001 жылы оқуға түстім. Ол кезде интернет те, ұялы телефон да өмірімізге енді-енді ғана ене бастаған, ал қазір өз дамуының шырқау үстіне жетіп отырғандай. 1-курс­тан бастап университеттегі жастар комитетін басқардым. Ғылыми кеңестің мүшесі болдым. Әр күніміз өте тығыз өтетін. Таңғы сегізде сабақ басталады. Түске дейін сабақта, түстен кейін қоғамдық жұмыстармен, ауыр атлетика, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысамыз. Университетаралық жарыстар жиі өтетін. Яғни, бәсеке мықты болатын. Үнемі еңбектенумен, алға талпынумен өтті көп уақытымыз. Студенттік кез – жастық дәуреннің ең асыл шағы ғой. Ұмытылмайтын, қайталанбас сәттер. Сондықтан, әр адам жайбарақат жүре бермей, өмірдің мәнін жете бағалап, уақытын текке жоғалтпай, қызықты өткізуге тырысу керек.

– Сөз соңында еліміздің жарқын бола­ша­ғына берер кеңесіңіз.

– Бір нәрсе орындалмай жатса, мұңайып, еңсе түсіріп, артқа шегіну деген болмасын. Қайтпас қайсарлық керек. Алған білімін еңбекпен ұштастырса, кез келген адам жетістікке жетеді.

Сұхбаттасқан Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button