Елорда тынысы

Жастарға жігер қосты

Елордалық Азаматтық бастамалар орталығында қаланың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.

Іс-шараға азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.

Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов Президент Жолдауы қоғамның маңызды проблемаларын шешуге бағытталған іс-шаралар кешені екенін атап өтті.

«Студенттерге жылдық 2-3 пайыз­бен білім несиесін алуға мүмкіндік беріледі. Бұрын мемлекет оқу үшін қаражат бөлетін. Грантқа түспеген студенттер ақылы оқыды, оқуын аяқтағаннан кейін болашақ жұмысы есебінен мемлекет алдындағы қарызын төледі. Қазір студенттер үшін жағдай одан да жақсы» деді Дәурен Бабамұратов.

Оның айтуынша, Президенттің бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1,5 жасқа дейін арттыру, әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін 61 жасқа дейін сақтау жөніндегі тапсырмасы халық арасында оң шешімін тапты. Әсіресе, бизнесті жүргізу үшін 2%-бен несие берілетіні қуантады. Бұл – астаналық жастар үшін өте жақсы демеу.

«Қазір Президент Жолдауын талқылағанда, оны мемлекет дамуының трендінен көріп отырмыз. Қазіргі жастар елімізде демографиялық жағдай қарқын алған 2004-2005 жылдары дүниеге келген. Олар жақын арада жоғары оқу орындарын бітіріп, еңбек нарығына шығады. Президент Жолдауда келесі жылы жастар үшін 100 мың қосымша жұмыс орны пайда болатынын мәлімдеді» деді Дәурен Бабамұратов.

«Камеда» қоғамдық қорының басшысы, «Қазақстанның Азаматтық альянсының» ресми өкілі Махаббат Еспенова мемлекетпен бірлесіп қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыру жөнінде бірер мысал айтып берді. Атап айтқанда, ол азаматтық бастамалар орталығының қызметін жоғары бағалады.

«Бұл – азаматтық қоғам институттары мен мемлекетте болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын белсенділер үшін көпсалалы сервистік қызмет. Егер олар қандай да бір проблеманы шешуді жоспарласа, мақсатымыз – оларды іске асыруға көмектесу. Сонымен қатар, бұл – азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды құру жөніндегі диалог алаңы. Президент өз Жолдауында билік пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың қажеттілігін атап өтті. Бұл тұрғыда қоғамдық ұйымдардың рөлі арта түсуде» деді Махаббат Еспенова.

«Қазақстан әйелдері» қауымдастығының президенті Гүлнар ­Байымбетова Президент жолдауы мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезең екенін атап өтті.

«Менің ойымша, азаматтық қоғам елдің ең өткір және шұғыл проблемаларын шешуге белсенді араласуы керек. Президент Жолдауында проблемалық тұстарды қамту ауқымдылығы ерекше ұнады» деп атап өтті Гүлнар Байымбетова.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button