#Жолдау-2022

Жастарға жігер қосты

[smartslider3 slider=2536]

– «Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Жолдауда айтылған осы сөздер – халыққа, әрбір қазақстандық азаматқа ең басты, ең қажетті, болашаққа бағыт-бағдар беретін бірден-бір маңызды ұйғарым, жол көрсетер, сенім арттыратын терең ой. Еліміз заман белесінде тұрған шақта әрбір азаматтың көкейінде осы сөздер тұр. Себебі қаңтар оқиғасы еліміздің тұтастығы, тәуелсіз ел болып қалуымыз қыл үстінде тұрғандығын көрсетті. Бұл оқиға көптеген факторлар мен мәселелердің түйіскен жері болғаны анық. Алайда елімізде тыныштық, бейбіт заман болмай, біз халық болып ешқандай жетістікке, көркеюге жетпейтініміз анық. Бұл – басты мәселе. Сондықтан әрбір азамат ел мүддесі үшін еңбек етіп, өз ісіне, отбасына, ниетіне берік болуы қажет.

Әрине, жасыратыны жоқ, ел ішінде көптеген шешімін таба алмай, бюрократия ағымына бет бұрған мемлекеттік органдар да өз ісін оңтайландыра алмай жатқан жайы бар. Бұл тұста осы органдардың қызметін ұйымдас­тыру, оңтайландыру жұмыстарын күшейту қажет. Құқық қорғау, сот жүйесі – халықтың мұңын айтып, шындық іздеп баратын жері. Сондықтан түбегейлі түрде бұл органдарда өзгеріс қажет. Коррупциялық элементтердің де осы органдарда көп көрініс табатынын білеміз. Сенім жоқ, ал сенім болмаған жерде талпыныс та, қайбір реформа болмаса, іске аспайтыны анық.

Жолдауда назар аударарлық жайт – бұл әйел мен балаға деген қылмысқа жауапкершілік пен жазалаудың күшейтілуі. Жасыратыны жоқ, бұл өте ауыр қылмыстарға апарып жатқаны белгілі. Бұл – ата дәстүрімізден де алшақтап бара жатқан тұсымыз. Әр отбасында сыйластық, құрмет пен сенім нығая түссе деген үміттеміз.

Кәсіпкерлік, өз ісін ашу, жұмыс орнымен қамтамасыз ету бұл қоғамның, экономиканың тіреуші күші деп ойлаймын. Ширек ғасыр кәсіпкерлікпен айналысқандықтан, осы салаға аса назар аударғым келеді. Тұрақты қаржы жүйесін қалыптастыру, шекарааралық сауда-саттықты жандандыра түсу сипаты Жолдауда аталды. Осы тұста ірі мемлекеттің ғана шамасы келетін ірі зауыттар, кәсіпорындардың айналасында шағын, орта кәсіпкерлікті шоғырландырып, оларды дамыта түсуге болады. Мысалы, мыс зауыты айналасында мыстан өнім жасайтын кабель өндірісін, кіші аппаратура жасайтын, басқа да тауар түрлерін шығаруға дағдылы кішігірім өндірістер қалыптастыруға болар еді. Шығарылған мыс шикізат күйінде шетелге кететіні белгілі. Шикізатты сатып алу бойынша осы кіші кәсіпорындарға жол ашу керек. Қарапайым мысал, жапон еліндегі Toyota кәсіпорны қажетті барлық детальдар, шуруптар, дөңгелегіне дейін сол зауыт маңындағы шағын кәсіпорындардан алады. Бұл дегеніңіз – қаншама жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік. Дамыған елдерде тағы бір ойға қонымды тәжірибе – бұл ірі кәсіпорындар 30 пайыз қажетті детальдарды шағын кәсіпкерлік нысандардан сатып алуға міндеттейтін заңнамалардың болуы. Біздегі ірі кәсіпорындар бұл сияқты шағын кәсіпорындарды маңына да жолатпайды. Сондықтан бұл тұста түпкілікті өзгеріс қажет.

Жалпы Президент Жолдауынан алған әсеріміз зор. Болашаққа, ертеңгі еліміздің көркейе түсуіне сенім мол. Әрбір азамат бұл Жолдаудан нәтиже шығарып, алға ұмтылып, адаспайтын жол іздеу, білім мен еңбекқорлыққа, жаңа технологияларды игеру, жастарымыздың барынша елде қалып еңбек етуіне жағдай жасау керектігін көрді.

Сандуғаш БЕКЖІГІТОВА,

кәсіпкер, қалалық іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі:

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button