Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жастарға жұмыс көп

Қазіргі кезде жұмыс іздейтін жастар көп. Алайда олардың жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесуге мүмкіндігі бола бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен «Астана жастары» мемлекеттік мекемесі Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де елордамыздағы жоғары оқу орындарының түлектері мен жұмыссыз жүрген жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеге 40-тан аса жұмыс беруші ұйымдар, 1200-ден аса жұмыс іздеген жастар қатысты. Қуанарлығы, жастарға 1000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Әлбетте, көптеген жандардың өзі қалаған жұмысын тапқаны анық. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде елордалық ЖОО түлектері мен жұмыссыз жастар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкені «Астана жастары» КММ ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкенің негізгі мақсаты жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмыс іздеушімен тікелей байланыс орнату арқылы жұмысқа орналастыруға бағытталғанын атап өтті.

– Жыл сайын өткізілетін жәрмеңкеге, негізінен, жоғарғы курс студенттері қатысады. Орташа есеппен қатысушылардың 30 пайызы жұмыспен қамтылады. Егер де студенттер жұмыс тауып жатса, жұмыс берушілер дуальді оқыту жүйесін ұсынады. Яғни алдымен белгілі бір уақыт аралығында тәжірибеден өтеді. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін тұрақты негізде жұмысқа орналасады, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.

Айта кетейік, жәрмеңкеге 40-тан астам жұмыс беруші, 1200-ден астам жұмыс іздеуші қатысты. Сондай-ақ 1000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Жастар үшін бұл – өзі қалаған салада жұмыс табуға және бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сөйлесуге таптырмас мүмкіндік.

«Қазпошта» АҚ «Астана почтамты» астаналық филиалының маманы Айнаш Әлиақпарова байланыс операторы, жеткізуші, пошташылардың қатарына қосыламын деушілерді іздейтінін айтты.

«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне ай сайын қатысамыз. Байланыс операторына 35-ке дейін бос жұмыс орны бар. Сондықтан жұмыс іздеп жүрген студенттерді қуана қабылдаймыз» деді ол.

Жұмыс іздеушілердің басым бөлігін веб-дизайнер, офис-менеджер, әзірлеуші, аудармашы сияқты мамандықтар бо­йынша жұмыс орындары қызықтырды. Олардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Айжан Төлеуова бар.

– Мен журналистика және саясаттану факультетінде оқимын. Білім беру бағдарламам цифрлы медианы басқару деп аталады. Техникалық құжаттармен жұмысты атқара беремін. Менімен бірге келген қатарластарым көп. Мұндай жәрмеңкеге бірінші рет қатысып отырмын. Осының арқасында біз үшін осындай мүмкіндік барын білдім, – деді студент.

Халықты жұмыспен қамту орталығының айтуынша, мектеп түлектері, колледж, жоғары оқу орындарының студенттері «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналаса алады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button