Басты ақпарат

Жастарға жұмыс табу неге қиын?

Кез келген мемлекеттің әлеуметтік әлеуетін халқының жұмыспен қамтылу белсенділігі айқындайды. Себебі елдің экономикалық өсуіне жұмыссыздықтың айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Ал қоғамда білікті кадрларды дайындап шығарудың негізгі жолы – жоғары оқу орнында білім алу. Бірақ бүгінде төрт жыл білім алып, оқуды аяқтағандардың көпшілігінің құжаты шаң басып жарамай қалғаны жасырын емес.

[smartslider3 slider=3203]

Еліміздің бас қаласында да жұмыспен қамту өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты елордада арнаулы жұмыспен қамту орталықтары ашылып, бос орындар жәрмеңкесі ұдайы өткізіліп тұрады. Мәселен, өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеген 18874 азаматты қабылдап, олардың 11234-ін жұмысқа орналастырған. Оның 7027-сі – тұрақты жұмыс. Дегенмен, бұл көрсеткіштің ішіне үңілетін болсақ, екі қолға бір жұмыс тапқандардың арасында оқыған мамандығы, алған дипломы бойынша жұмыс тапқан жастардың саны өте аз. Екінші тұрғыдан алғанда, жоғары оқу орындарын тауысқан жастар мұндай бос орындар жәрмеңкесіне көп келе бермейді. Себебі бұл жұмыс орындарының, салыстырмалы түрде айтқанда, еңбек­ақысы төмен. Оның үстіне жастар жан қинамайтын, компьютер алдында ғана отырып істейтін жұмыс­тарға жаны үйір. Ауыр жұмыс істеп, қиналғысы келмейді. Міне, бұл мәселелерде жастардың кәсіптенуіне өз салқынын тигізіп тұрғаны жасырын емес.

Оқуын оқығанымен, қазіргі таңда дипломды қалтаға салып алып, әр жерге тамақ жеткізіп, нан табатындардың, я болмаса дүкен сөрелерін жинап жүргендердің саны жетіп  артылады. Бұл көріністі көргеннің көкейінде бір ғана сұрақ туындайды. Сонда төрт жыл білім алудың маңыздылығы қанша? Мәселенің мәнісі тереңде жатыр. Тәрбие басы – отбасы демекші, оқуын тәмамдаған жастардың бүгінгі жағдайы ата-аналарына да қатысты екенін айта кеткен жөн. Өйткені мектеп табалдырығынан түлеп ұшқан бала ата-­анасының қалауындағы мамандықты таңдап, кейін аңсары аумаған кәсіппен айналысуға қауқары болмай, тағы қиналады. Иә, әйтеуір балам диплом алуы керек деген пікір менталитетімізге әуелден-ақ сіңіп кеткен. Қайта баланың қарым-қабілетін ескеріп, сүйікті ісімен айналысуына ата-анасы қолдау білдіргені абзал.

Ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың жалпы саны 77500 адамды құрады. Оның ішінде жұмыссыз жүрген бойжеткендердің саны басым.

Дипломын бүгін ғана қолына ұстаған жас мамандар қай жұмысқа бармасын, еңбек тәжірибесі болмай, қалаған жұмыс орнына орналаса алмайды. Жұмыс берушілер тек дайын мамандарды қабылдап, олардан бірнеше жылдық еңбек тәжірибесін талап етеді. Бұл қисынға сыймайды, барлық жұмыс берушілер жұмыс тәжірибесі барларды ғана алса, жас мамандарды кім тәрбиелейді? Жастарды жұмысқа тартып, болашақ мамандарды тәрбиелеуге ден қоймасақ, олардың болашағын қалай айқындаймыз?! Осы тұрғыдан шетелдік мысалдарды саралайтын болсақ, Еуро­одаққа мүше елдердің жұмыссыздыққа қарсы бағытталған  нәтижелі бастамаларының бірі – «Жастарға кепілдік» бағдарламасы. Аталған бағдарлама 15 пен 25 жас аралығындағы оқуын аяқтаған студенттерге арнайы тағылымдамадан өтіп, төрт айдың ішінде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Осы уақыт аралығында болашақ маман арнайы тағылымда барысында жаңа дағдыларды игеріп қана қоймай, теория мен практиканы ұштастыру арқылы алғашқы жұмыс орнына орналаса алады.

Елімізде оқу орны түлектерін қолдау мақсатында бірнеше бағдарламалар бар. 2020 жылдан бастап нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жастар іс-тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары енгізіліп, жүзеге асырылуда. Екі бағдарлама жұмыссыздық мәселесіне қатысты болғанымен, жалақы мөлшері мен жұмыспен қамтылу уақыттарында айырмашылық бар. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды. Жалақы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. «Жастар іс-тәжірибесі» жобасына қатысушылар 6 ай бойы 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі еңбекақы алу мүмкіндігіне ие. Десек те, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанның өзінде нәтиже көңіл көншітпейді. Жыл сайын дипломды жастар жұмыссыздық мәселесіне қайта айналып келе береді, келе береді…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев ағымдағы жылдың 11 қаңтар күнгі Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық салалардағы мәселелерге баса назар аударып, соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне де тоқталып өтті. «Жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аудару керек. Әсіресе, жастар арасында. Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүр. Кейбіреулері табыс іздеп жүріп заңнан аттап кетуі мүмкін» деп, әлеуметтік өсудің негізгі тетіктерінің бірі жастардың жұмыспен қамтылуы екенін баса айтты.

Ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың жалпы саны 77500 адамды құрады. Оның ішінде жұмыссыз жүрген бойжеткендердің саны басым. Оның да мәнісі түсінікті. Дипломды қолға алысымен, қыз-келіншектер тұрмыс құрып, ата атануға асығады, не болмаса жеке кәсіп ашып жатады.

Нарықтың талабы мен сұранысын ескерсек, көп жағдайда мамандық бойынша жұмыс жасамайтын студенттер еңбек нарығында сұранысқа ие экология, экономика, құрылыс және өзге де салаларға бара бермейді. Ал үкімет тарапынан осы салаларға грант саны жылдан-жылға өсіп жатыр. Соның бір мысалы – ауыл шаруашылығы мамандығы. Елді мекендерде, ауылдарда ветеринар, зоо­техник, агроном, инженер секілді мамандар тапшы. 2021-2022 оқу жылына Білім және ғылым минис­трлігі тарапынан 1895 грант бөлінгенін ескеру керек. Алайда қаладан гөрі ауылды жерлерде жалақының аздығы, әлеу­меттік инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде дамымай тұрғандығы, жас мамандардың баспанамен қамтылмауы деген сынды мәселелер оқу бітірген түлектерге мамандық бойынша еңбек өтілін ауылда өтеуге қиындық туғызып тұр. Грант саны көп, болашақ маманы аз болғанымен, ауыл шаруа­шылығы мамандығына басымдық берген дұрыс. Тек аз-маз кем-кетігі түзеліп, оған жаңа ойлы, креативті жастар көбірек тартылса, мәселе шешімін таппақ.

Мектеп бітірген түлектердің еңбекке орналасу деңгейі – жоғары оқу орны рейтингін анықтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Білім ордаларындағы еңбекке орналастырудағы тәрбие бағытының жүзеге асырылуы негізінде түлектердің еңбекпен қамтылу көрсеткіші аз да болса ілгері жылжып келеді. Соңғы екі жыл ішінде ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі 74%-дан 77%-ға дейін өсті. Мысалы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Самұрық-Қазына» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Электронды қаржы орталығы» АҚ, Қазақстан Мұнай-газ-энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы және т.б. жұмыс берушілермен 1000-ға жуық келісімге келді. ЕҰУ-де болашақ кадрларды даярлауға, студенттердің өндірістік практикадан өтуіне және түлектердің жұмысқа орналасуына бағыт-бағдар беретін Жұмыс берушілер кеңесі жұмыс істейді. Сондай-ақ оқу орны студенттері мен түлектері үшін жыл сайын бос орындар жәрмеңкесін өткізеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек,  бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар мен Z буыны құрайды. Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, жастарды еңбекпен қамту бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы қолға алынады. «Биыл мамыр айында ERG компания­лар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектерін және 35-ке дейінгі жастарды жұмысқа орналас­тырудың онлайн-жәрмеңкесі қанатқақты режимде өткізілді. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптаның ішінде жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін 159 жас іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірінің өкілдері бар» деді Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі.

Жұмыс істеймін деген жан үшін екі қолға бір күрек табылары сөзсіз. Білім емес, диплом үшін оқып жүргендер шын білімдінің жерде қалмайтынын түсінгені абзал. Елім маған не істей алады деп емес, мен елім үшін не істей аламын дейтін алаш баласының түптің түбінде маңдай терімен тапқан адал еңбегінің наны тәтті болмақ.

Индира БЕРЖАНОВА, Л.Гумилев

атындағы ЕҰУ студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button