Қоғам

ЖАСТАРҒА ЖҰМЫС ЖЕТКІЛІКТІ

Қалалық әкімдіктің «Астана Жас­тары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен кеше сауда және экономика саласындағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

2

40-тан аса жұмыс беруші жоғары оқу орнын бітірген түлектерге 120-ға жуық вакансия ұсынды. Олардың қатарында экономист, есепші, сатушы, сауда жөніндегі менеджер, маркетолог сынды қызметтер бар. Сондай-ақ, аспаз, кондитер, даяшыларға да сұраныс жоғары. Жұмыс берушінің талаптары көп емес. Мамандығы бойынша дип­ломы барлардың еңбек өтілінсіз де жұмыс табуға мүмкіндігі бар. Жұмыс берушілердің айтуынша, бұл – жас маманға деген таптырмас көмек. Оларға көбіне айлығы жүретін тағылымдама қарастырылған. Бастысы, сынақ мерзі­мінен сүрінбей өтсе болғаны.
«Биылдыққа бұл – үшінші жәрмеңкеміз. Техникалық және гуманитарлық ба­ғыт­тағы алдыңғы екі жәрмеңкенің нәти­жесінде 100-ге тарта жас маман тұрақты жұмысқа орналасты. Жалпы, біздің ұйым жылына шамамен 500 түлекті еңбекпен қамтиды. 29 жасқа дейінгі азаматтар электронды поштамызға түйіндемелерін жолдайды. Әрі қарай оларды тікелей жұмыс беруші компанияларға жібереміз. Мамыр айында елорданың жетекші 40 кәсіпорнымен серіктестік жайлы меморандумға қол қойдық. Енді олар біз бағыттаған лайықты кадрларды жұмысқа алады» дейді «Астана жастары» КММ Жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Айдана Мұсатаева.
Бұдан бөлек, елордадағы жастар саясатын жүзеге асыру үшін құрылған «Астана жастары» орталығы келушілерге тегін құқықтық көмек көрсетеді, еріктілер қозғалысын жүргізіп, аула клубтары қыз­метін реттейді.

Мәдина ЖАҚЫП

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button