Қоғам

Жастарға жұмыссыз жүру жараспайды

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында елордалық жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Кезекті жәрмеңкеге 2 мыңға жуық адам қатысып, 80-нен астам мекеме жұмыс ұсынды.

Іс-шараны елордалық Жастар сая­саты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Еңбек мобильділігі орталығы және аталған жоғары оқу орны бірлесіп ұйымдастырды. Жәрмеңке жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы білім беру ұйымдарының түлектерін, сол сияқты жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталды.

«Жәрмеңкеге ұлттық және жекеменшік компаниялар, мемлекеттік ұйымдар секілді бірқатар жұмыс берушілер қатысып, жоғары оқу орны түлектеріне, студенттерге және елорда жастарына бос жұмыс орындарын ұсынды. Басқарма тарапынан мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Себебі осындай іс-шаралардың арқасында жастар өздері қалаған мекемелерге жұмысқа орналасып жатады. Яғни, жәрмеңкенің тиімділігі – жастар бірнеше компания өкілдерімен бір алаңда тілдесіп, қызықтыр­ған сұрақтарына жауап алуында» деді өз сөзінде қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының оқу орындарымен және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Айдар.

Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар жәрмеңкеде жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар үшін өз мамандығы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы да жұмыс табуға болатынын атап өтті.

Биыл бас қалада жастарға арналған осындай 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, іс-шараға тұрақты түрде қатысатын жұмыс берушілер саны артуда. Олардың қатарында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Magnum» ЖШС және басқа да жетекші мекемелер мен кәсіпорындар бар. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.

Олардың қатарында болған «Feron» компаниясының директоры Арман Құрманәлиев бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне алғаш рет қатысқанын айтты.

– Компания нарықта 15 жыл уақыт бойы энергия үнемдеуші жарық көздері мен электр тауарларын сатумен айналысады. Сондықтан бізге маркетинг бөліміне сату мамандары қажет. Десе де, компанияның өзге де бос жұмыс орындарына жастарды қуа­на қабылдаймыз. Жұмыс іздеушілерге айтарлықтай талап қойылмайды, дипломның болуы да шарт емес. Бас­тысы, жұмыс істеймін деген жалынды жастар болса, түйіндемесін қарастырамыз, – деді ол.

Жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, бірден бірнеше ұйымға сұхбаттасуға шақырту алып үлгерген елордалық жастың бірі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Камила Оспандиярқызы болды.

«Мен құрылыс факультетінің білім алушысымын. Өзім геодезист және картограф мамандықтарына қатысты бос жұмыс орнын ұсынған мекемелермен тілдестім. Жәрмеңкеде өзім қалаған компанияларды кездестіргеніме ризамын. Жұмыс берушілердің ұсынатын жалақы мөлшері де көңілден шығады. Мұндай жәрмеңкелер жастар үшін жаңа кәсіпорындармен танысуға да таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын» деді студент.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button