Жастары жарқын Астана
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарған жұмысының қорытындысын жариялады. Бұл туралы аталған басқарма басшысы Самат Ибраев Астана қалалық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикердің айтуынша, елордада 14-35 жас аралығындағы 455 мың адам бар. Қаладағы 15 жоғары оқу орынында 79 мың, 32 колледжде 36 мың студент білім алады.
-Жастар саясаты – көпсалалы бағыт. Мысалы, тұрғын үй мәселесі. Биыл жастарды қолдау мақсатында 1-6 ақпан аралығында «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылданды. Жалпы 200-ге жуық жас баспаналы болды. Осы жылдың соңында «Жұмысшы жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін пәтер» бағдарламасы басталады деп жоспарланып отыр. Жастар саясаты мәселелері басқармасы жұмыспен қамту бағыты бойынша қалалық Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп бірнеше бағдарламаларды іске асырып жатыр. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 9 мың жас қамтылды. «Жасыл ел» жобасы аясында 2 айда 3 700 адам жұмысқа орналасқан. Жаздың соңына дейін 4200 адамды қамту көзделген, – дейді басқарма басшысы.
Жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза дүйсенбі», «Сәтті сәрсенбі», «Жасыл Астана» сияқты шараларға қатысуда. «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – тек сенбіліктерге қатысу ғана емес, сонымен қатар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру. Басқарманың бастамасымен жақында насвайды жағу бойынша көлемді акция өтті. «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы, есірткі бояуларын өшіру бойынша рейдтер тұрақты негізде өтіп тұрады.
NEET санатындағы жастар да назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда Астанада NEET санатындағы жастардың үлесі 6,4% немесе 27 866 адам. JOLTAP жобасы – табысын арттырып, тұрақты жұмысқа ие болғысы келетін Астана тұрғындарына үлкен мүмкіндік береді. Қала тұрғындары 8 модульдік пункттеріне жолығу арқылы қысқа мерзімді оқытуларға жазыла алады. Бүгінге дейін 4,3 мың азамат өтініш білдіріп, мемлекеттік қолдау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша кеңес алып, жұмысшы мамандықтары мен цифрлық дағдыларды қысқа мерзімді оқытуға жазылған.
Жыл басынан бері ойынға тәуелділік пен лудоманияның алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Қазірге дейін 500 ақпараттық парақшалар, брошюралар мен буклеттер таратылған. Сондай-ақ орта арнаулы оқу орындарының студенттерімен психиатор-дәрігерлер, жоғары санатты наркологтардың қатысуымен 6 профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды. Бұл бастама қоғамдағы ойынға тәуелділік пен кибербуллинг деңгейін төмендетуге, азаматтардың осы мәселелер туралы хабардарлығын арттыруға көмектеседі.
«Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының басты бағыттарының бірі – волонтерлік қызмет. 2020 жылдан бері қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Штабтың қызметіне 30 астам волонтерлік ұйым, 20 бастамашыл топ, мемлекеттік жастар саясаты саласында қызмет етіп жүрген 8 үкіметтік емес ұйым, республикамыздың 20 медиалық тұлға шақырылды.
Жас волонтерді қызметке қабылдамас бұрын «Еріктілер мектебінен» өтеді. Бұл волонтерлерді әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындауға мүмкіндік береді. Бағдарламада ел тарихын білу, алғашқы медициналық көмек көрсету, әртүрлі елдердің менталитетін зерттеу, түсініспеушіліктерді шешу модульдері енгізілген. Олар қаламыздағы халықаралық, республикалық концерт, шараларға да өз үлестерін қосып келеді.
Жалпы волонтерлер түрлі экологиялық, әлеуметтік, медициналық, event, төтенше жағдай салаларындағы акцияларға қатысып, өздерін көрсетуде. «Астана жастары» орталығынан басқа, қалада көптеген профильді волонтерлік ұйымдар бар. Мысалы, Lider.kz – жоғалып кеткен адамдарды іздеу тобы; «Стоп-Отлов», «Теремок», т.б. – жануарларды қорғау, оларды асырауға баспана; «Күміс волонтерлер» – зейнеткер-волонтерлер тобы; «Қазмед жастары» – медицина саласындағы волонтерлер және басқалары.