Жаңалықтар

Жастық елік жарға ықпасын

Астаналық жастарға биік ғимараттан секіру сәнге айналды.­ Елімізде кенже дамыған роуп-джампинг деп аталатын бұл спорт түріне қызығушылық күн санап өскенін әлеуметтік желіден-ақ білуге болады. Қала сыртындағы құрылысы аяқталмаған ғимарат төбесінен секіруге бел буғандар қатарын негізінен студенттер құрайды. 

Жастық желік жарға жықпаса игі. Биік ғимараттан секіруде қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Жақында өзім куә болған Көктал көшесінде ұйымдастырылған «Экстрим» шарасында астаналық жастар 48 метр биіктіктен (16 қабатты үй) секірді. Қайталанбас әсер алғысы келетіндердің көбі қыздар екен. Бірі өз қорқынышымды жеңу үшін келдім десе, енді бірі арықтағысы келетінін алға тартты.

Ұйымдастырушылар әлеуметтік «ВКонтакте» желісін­де­гі өз парақшаларына секірудің ережесімен кеңінен таныс­тыр­ған. Алайда, ғимарат басына барғанда ереже жайында қалады. Қан қысымын өлшеп, жүрек жұмысын тексеріп, алкоголь ішкен-ішпегендігін қадағалап жатқан адам жоқ. 3000 теңгесін санап бергендерді кезек-кезегімен секірте береді. Сондай сәттің бірінде Жанар есімді Еуразия ұлттық университетінің студенті үшінші қабаттың қабырғасына соғыла жаздады. Себеп – қауіпсіздік ережесіне құлақ аспаған. «Жанар биіктіктен секіргенде денесін төмен тастаудың орнына, қорыққан болар, аяғымен секіріп кетті. Нәтижесінде төменгі қабаттың қабырғасына соғылуға сәл қалды. Біз секірер алдында ережесімен таныстырамыз. Егер ережені дұрыс сақтамай, өзінің денсаулығына, өміріне қауіп төнсе, біз жауап бере алмаймыз» дейді ұйымдастырушылардың бірі.

Жоғарыда айтып кеткендей, сәнге айналды деуіміздің себебі бар. Өйткені, жастардың сексен пайызы әлеуметтік желідегі жеке суретіне секіру кезінде түскен фотосын қоюды қалайды. «Жалпы, бұл спорт түрі бізге керек пе?» деген сауалды астаналық психолог Лимана Қойшиеваға қойған едік. 

–Әрине, керек. Қазір ХХІ ғасыр. Адамдардың бір-бірімен бұрынғыдай шүйіркелесіп, әңгімелесуі азайып кетті. Есесіне виртуалды әлем пайда болды. Бұл спорт түрінің жарнамасы да әлеуметтік желі арқылы қарқын алуда. Адамдар осылайша биіктіктен секіру арқылы іштегі стрестен, ешкімге айта алмаған сырдан арылғысы келеді. Адреналин алу үшін де керек. Психологиялық тұрғыдан алсақ, адамдардың бәріне бірдей қажет деп айта алмаймын. Эмоцияға тез берілетін адамдар үшін зияны көп. Өйткені, секіруден кейін ондай адамдардың психикасы біразға дейін қалпына келе алмайды. Екінші жағынан, бұл– Еуропаға еліктеушілік. Менің білуімше, Астанада демалыс күндері қала сыртына осындай демалыс жиі ұйымдастырылады. Конструктор жастарға техникалық қауіпсіздік ережесін қысқаша таныстырады. Алайда ереженің соңында адам өміріне тікелей жауап бер­мейтіндіктерін ашық жазады. Сол себепті, ұйым­дас­ты­ру­шылардың арасында психолог мамандардың да болғаны жөн деп санаймын. Кейбір адамдар, секіруге дайындалып келгенімен, жеме-жемге келгенде ішкі дайынсыздығын көрсетіп қояды. Бұл өз кезегінде оның психикасына кері әсерін тигізеді, – дейді маманымыз.

Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер де ата-анасының жазбаша рұқсатымен секіре алады екен. Байқағанымыз, секіру алаңында төтенше жағдай орын алса, жедел қызмет көрсететін мамандар түгілі медициналық алғашқы көмек беретін қызметкерлер де жоқ. Біздің айтпағымыз, бой жазып, көңіл көтерудің таптырмас түрі деп танитын жастар секіру кезінде қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтап, өз өмірлеріне жауаптылық танытса екен.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
g.aimaganbet@astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button