Мәдениет

Жастық. Махаббат. Бақорда

Елордаға ән арнамаған композитор кемде-кем. Ұлттық «Астана-Бәйтерек», рес­публикалық «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы, осы секілді өзге де халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Серікжан Әбдінұров та – бас қала атын әнге қосып келе жатқан композиторлардың бірі. Оның бұл тақырыптағы әндерімен қатар «Аяулы махаббат» операсы да бар. Көрермендерге жол тартқан «Бақорда» атты театрландырылған музыкалық қойылым да түгелімен осы композитордың шығармаларымен көмкерілді.


Жастар жылының аясында «Астана» концерт залында өткен туындының либреттосын жас ақын Қуат Ежембек жазды. Режиссері – Асхат Қошаев. Бұл шығарма жастықты, махаббатты жыр­лап, еңселі елордамыздың әсемдігін, сұлулығын әспеттейді. Мұндағы оқиға Аңсар (Ерназар Қатуов) мен Дархан (Дәстүр Асылхан) есімді жігіттер мен Томирис (Диана Май) атты ару арасында өрбиді. Осы жастар елорданың таңғажайып ғимараттарын, көрікті жерлерін тамсана әңгімелейді. Аңсар Томириске шын ғашық. Алайда мінезі ұяң, ұялшақ болғандықтан, қызға сөз сала алмайды. Досына Дархан көмекке келіп, осы мінезінен арылтады. Ғашықтардың қосылуына себепші болады.


«Жан ана», «Ауылым – алтын бесігім», «Ақ жұлдыз», «Ай нұрлы Астана», «Бақорда» т.б. әндер шырқалған қойы­лымға елорда филармониясының «Әлем» эстрадалық би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Лаура Мұқаева), эстрадалық және классикалық вокал бөлімінің әншілері (көркемдік жетекшісі – Арайлым Рахым) қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button