Жаңалықтар

ЖАСТЫҚ ЖІГЕР ЖАЛЫНДАДЫ

VST_7467

Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен елордадағы Кәрістер этномәдени қауымдастығы «Мен – қазақстандықпын» атты  форум ұйымдастырды.  

Әсерлі шараны «Самульнори» барабан ансамблі ашқан соң қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Роза Пак жиналғандарды Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Бұдан кейін көпшілік назарына ел тарихынан, мәдениеті мен спортынан, ұлттар достастығынан хабар беретін шағын бейнеролик ұсынылды.
Философия ғылымының докторы, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы әлеуметтік бастамаларды талдау және болжау орталығының жетекшісі Қазбек Майлыбайұлы «ХХІ ғасырдағы Қазақстан жас­тары» баяндамасында кейінгі толқын өкілдерін еңбекке ынталандыру, заман талабына сай білім алу, тіл үйрену, бәсекеге қабілетті болу, патриоттық сезімді арттыру сияқты қасиеттерді арттыру керектігін баса айтты.
Қазақ мемлекеттік заң универ­ситетінің доценті, философия ғы­лымының кандидаты Айман Рахимов «Менің жүрегімдегі патриоттық сезім» тақырыбында толғанды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Айнұр Рахматалиева «Мен – қазақстандықпын» атты баяндамасында ел дамуындағы жастар үлесіне тоқталды.
Жиынның екінші бөлімі жастарды белсенділік пен қозғалысқа шақырған іс-шараларға толы болды. Арнайы қонақ – екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильиннің әңгімелері жиналғандарға ерекше әсерге бөледі. «Мен қазақ­стандық екеніме мақтанамын. Әркім қолынан келгенше өз елін әлемге танытуға тырысуы керек. Сіздерге айтарым, спортпен шұғылданып, жақсы оқып, тек алға ұмты­лыңыздар. Аңсаған арманға жету үшін мақсат қоя біліңдер! Елбасының идеясын қолдап, әрі қарай дамытып, қашан да бірлікте өмір сүрейік!» деді ол.
Форумды ұйымдастырушылардың бірі, таэквандодан спорт шебері, халықаралық фитнес бағдар­ла­маларын ұсынушы, Азиада – 2011 қысқы ойындарының эстафетасында алау ұстаған Вадим Цхе жеке жаттығуларын көрсетіп, пайдалы кеңестерімен бөлісті. «Миссон»
би ансамблі мен халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Евгений Кугай өнер көрсетті.
Нарбиік Мәслихаттың орын­дауындағы «Атамекен» әні шыр­қалып, қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Гүлнәр ЖҰПАРБЕК,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button