Басты ақпаратЖаңалықтар

ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ – ЕЛОРДАНЫҢ «ӨКПЕСІ»

Астананың «Жасыл белдеуі» – біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған мәңгілік мұра. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жасыл белдеуін аралаған кезде мәлімдеді. Елорданың жасыл белдеуінің жалпы көлемі 14 827 га, оның ішінде 11 502 орман алқабы болып саналады. Қазіргі таңда аталған аймақта 9,6 миллион ағаш пен 1,8 миллионға жуық бұталар өсіп-жетілуде.

– Жыл сайын мен елорданың аумағында орман шаруашылығын дамыту бойынша тапсырманың қаншалықты орындалып жатқанын тексеріп, қараймын. Бұған дейін біз орманның батыс аумағына отырғызылған көшеттерді көрсек, бүгінде бұл үрдіс орманның шығыс бөлігінде қалай жүзеге асып жатқанын көрдік. Алдымен ағаштардың түрлі сұрыптағы жиынтығы, орманның ортасына қарағай, шырша, аққайың секілді ағаштар отырғызылады. Әрі қарай орман өзі гүлдеп-өніп, ағаштар мен жасыл-көк көбейеді. Бурабай орманына жасыл белдеудің қосылуы толығымен дерлік жүзеге асты.

Қазір біздің басты мін­детіміз – орманды қайта тү­лету. Бүгінде қала маңындағы 80 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырғызылды. 2020 жылға дейін оның аумағы 100 мың гектарға жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы 2020 жылға дейін «Жасыл белдеуде» үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Оның ең біріншісі – жасыл белдеуді дамыту, яғни орман кеңістігінде егу жұмыстарын жалғас­тыру болып отыр. Мәселен, елорданың жасыл белдеуінің 1 589,2 гектар аумағына 2,1 млн ағаш көшеттері отыр­ғызылды. Алдағы 2018 және 2030 жылдар аралығында 5730 га жерге ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Екінші бағыт – қала аумағында 29 676 гектарға дейін бос жерлерде орман алқаптарын жасау. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «үздіксіз көгалдандыру» үшін қосымша 14 849 га бос жер бөлінген. Үшінші бағыт – халықтың жаппай демалуы үшін жағымды рекреациялық жағдайларды құру керек болып отыр. Осы мәселені шешу үшін өткен жылы жасыл белдеу аумағында жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын асфальтталған велосипед жолдары салынды.

– 25 жыл ішінде орманның аумағы кеңейді. Бұл жерде 20 шақырымдық велосипед жолдары, демалыс орындары бар. Ең бастысы, бұл – орман біздің таза ауамен тыныстау­ға мүмкіндік беретін ордамыздың «өкпесі». Бұл орман – біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, мәңгілік мұра. Астана қаласының тек іші ғана әдемі емес, сондай-ақ, шаһар айналасы мен сырты да сұлу келбетті. Қалада 15 мың ағаш отырғызылды, жаңа ботаникалық сая­бақ, көптеген алаңдар пай­да болады. Халық ағаштар мен теректерді сындырмай, жасыл шөпті жұлмай, табиғатты, орманды аялап, сақтап қалу керек, түрлі апаттар мен өрттен қорғап қалуы тиіс, – деді Н.Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы елорда тұрғындарын Астананың «жасыл белдеуі» аумағын кеңейтуге үлес қосуға шақыр­ды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алда келе жатқан Астана күнімен көпшілікті құттықтады.

Жалпы Президенттің Астананың айналасын орманға айналдыру мәселесін басты назарда ұстауы тегін емес. Оның ең бірінші себебі елорданың экологиялық жағда­йын жақсарту болса, екіншісі – адамдардың тынығатын аймақ жасау. Сондай-ақ, президенттің идея­сы Махамбет Өтемісұлының өлеңімен үндес келеді.

Адуынды ақын:
«Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім» демеп пе еді?! Құдайға шүкір, бүгінде Есілдің бойына ен тоғай да, ел де бар.

Серік Жолдасбай

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button