Басты ақпарат

«Жасыл белдеу» – қаланың өкпесі

Бүгінгі таңда елорданың жасыл белдеуін жаһанға ұсынатын бренд деп бағамдауға әбден болады. Табиғаттың тыныс-тіршілігін бағумен айналысатындар осылай дейді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың баянды бастамасы болған «Жасыл белдеу» 1997 жылдан бері аумағын кеңейтіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартып келеді. Алғашқы жылдан 2013 жылға дейін отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 70 мың гектарды құраған.

[smartslider3 slider=2514]

Игі жұмыстың басы-қасында болу міндеті «Жасыл аймақ» кәсіпорнына жүктелген. Аталған кәсіпорын Ақмола орман шаруашылығы басқармасының базасында ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 10 ақпандағы №198 қаулысы және Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитетінің осы жылғы 18 ақпандағы №37 бұйрығы негізінде құрылған. Содан бері бас қаланың жасыл белдеуін құру бойынша жұмыстарды орындап, ормандарды сақтау, қорғау, молайту және орман өсірумен айналысып келеді. Сонымен қатар орман қоры аумағын өртке қарсы жайластыру және орман өрттерін сөндіруге қатысу,орман зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес жүргізу, тәлімбақ жұмысын үйлестіріп, ортақ тұқым базасын құру да аталмыш кәсіпорынның құзіретіне кіреді.

«Жасыл аймақ» РМК аумағы – солтүстіктен оңтүстікке дейін­гі ұзындығы 105 шақырым, батыстан шығысқа қарай 115 шақырымға созылған. Оның орман қорының жалпы ауданы 87,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2,0 мың га – орманмен жабылған алаң. Бұл бұрын Ақмола орман шаруашылығы ММ-нің учаскесі болған. Кейін жоғарыдағы кәсіпорынмен біріктіру нәтижесінде кәсіп­орынға өткен.

Мекеменің құрылымында 2 орман  тәлімбағы мен 8 орманшылық бар. 2 тәлімбақтың бірі – «Аққайың», екіншісі «Дамса» деп аталады.

Алдағы 3 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласының айналасына ағаш егудің екінші кезеңі қолға алынып, жасыл аймақты жиілету жұмыстары жүргізілмек.  Сондай-ақ қолайсыз климаттық жағдайлар салдарынан зақымданған тұстарды  қайта ағаш егу тәсілімен қалыпқа келтіру шаруасы жалғасады дейді «Жасыл аймақ» өкілдері.

Сонымен қатар олар өткен жылы 2778,56 га алаңда 3 жұмыс жобасы бойынша дарақ отырғызуды қолға алып, 5 495 481 дана ағаш көшеттерін отыр­ғызғанын айтып отыр.  Бас ша­һардың айналасын көгалдандыру барысында тәлімбақтарда өсірілген 2 жылдық екпелер мен 1 жылдық тамырланған қалемшелер пайдаланылған.

Биыл 4090 га алаңда 5 жұмыс жобасы бағытында тал егу жоспарланған. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қолдарындағы дарақтардың саны – 8 284 953.  Соның 692,96 гектары Астана орманшылығына қарасты Қабанбай батыр кентіне тиесілі екен. Бұл қам «Оңтүстік бағыт 2 кезек» жұмыс жобасы аясында жоспарланған.

Келер жылдан бастап 2024 жылға дейін 6906,16 гектар алаңға орман екпелерін отырғызуды ойлап отырған орманшылар 2023 жылы 2 кезеңде 3650,26 га, 2024 жылғы қос кезеңде 3255,9 гектарды желекпен қамтимыз дейді.

Қазіргі кезде аталған кәсіп­орында 587 жан жұмыс істейді. Оның 8-і – орманшы, 8-і – орманшының көмекшілері, шеберлер саны – 9. Сонымен қатар 88 орман күзетшісі, 75 жүргізуші, 179 механизатор осы салада тер төгуде. Бұдан бөлек, әртүрлі қыз­меттерде көптеген адам еңбек етуде. Маусымдық мезгілдерге де 820 адам қабылданады дейді кадр қызметіндегілер.

Отырғызу материалын өсіру үшін «Жасыл аймақ» иелігінде 110 гектарлық «Ақ қайың» тәлімбағы бар. Онда жыл сайын 9 миллиондай шегіршін, үйеңкі, жиде, терек, тал, алма, жыңғыл секілді барлығы жиырмадан асып жығылатын ағаштар өсіріледі. Ал «Дамса» тәлімбағы бағалы тұқымдастарды өсіру үшін арналған. Аталған жерде кәдімгі қарағай, сібір балқарағайы, сібір шыршасы, батыс аршасы, кәдуілгі арша, ұсақ жапырақты жөке және салпыншақ қайың өсіріледі. Тәлімбақта тамшылатып суару тәсілі қолданылатынын атап өткен жөн.

Қаланың жасыл аймағындағы «Ақ қайың» тәлімбағы территориясында ағаш және бұта тұқымдарын сынау, будандас­тыру жөніндегі тәжірибелерді жүргізу үшін жиырма жыл бұрын арборетум құрылғанын көпшілік жақсы біледі. Бүгінде арборетумде барлығы 1170 түп ағаш пен 354 бұта арамшөптермен араластырылып отырғызылған. Ондағы мақсат – жерді жақсартып, арамшөптердің өсуін тежеу. Қажетті материалдар еліміздің солтүстігі мен шығыс облыстарынан сатып алынған.

Тізе берсек, толайым табыс­тар мен толассыз тірліктер көп. Орманның болашағы да ойлас­тырылған. Ол үшін Ж.Жиенбаев атындағы өсімдіктерді қорғау және карантині ҒЗИ қызметкерлері тиісті бақылауды жүргізіп отырады.  Өйткені орман өсірумен қатар оның зиянкестерімен күресіп, орман ауруларын алдын алу жұмыстары – өз алдында бір төбе.

Мамандар Нұр-Сұлтан қаласының жасыл аймағы түзілу жабайы жануарлардың дамуына да елеулі ықпал етті дейді. Бүгінгі таңда елорда аумағында марал, бұлан, елік, қабан, дала қарсақтары, ондатр, қоян секілді «орман тұрғындары» бар екені бізді қуантады. Сол секілді түрлі құстардың қатары жасыл аймақ­тың арқасында көбейіп отыр. 2012-2021 жылдары аралығында жасыл белдеу фаунасын байыту үшін 10 мыңға жуық қырғауыл жіберілген.

Елорда экологиясына сүбелі үлес қосқан жасыл белдеу экономикалық тұрғыдан да тиімді болып отыр. Себебі жеміс-жидек піскен кезде көптеген тұрғындар осы орманның жемісін күнкөріске айналдырады. Он талымыз орман болғанда дауыл мен желден қорған болады. Биыл қыста боранның аз болуы жасыл белдеудің болуымен байланысты деген пікірді кейбір қала тұрғындары айтуда. Қалай болғанда, қажетімізге жарап, «Жаңа Қазақстанның» жасыл аумағы көбейе берсін демекпіз.

Байжан Емберді

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button