Жаңалықтар

«Жасыл белдеу» жайқалды

Қазіргі таңда бас қаламыз 1 млн 400 мыңға жуық жасыл желекпен көмкерілген. «Жасыл белдеу» аумағында 14 млн жасыл желек бар. Осы жылы 600 мыңнан астам жасыл желек егу жоспарланған. Оның ішінде «жасыл белдеудің» құрамында 452 мың көшет отырғызылмақ. Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары ­Айдын Бегімбеков баяндады. Сонымен қатар, қалаға қарасты аудандардың басшылары да өз аудандарын абаттандыру жұмысының жалпы барысы жайлы айтты.

[smartslider3 slider=3388]

Қоғамдық кеңестің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов жүргізген жиында кеңес мүшелері алдымен қаладағы жасыл желектер мен су жүйелерінің жағдайы, оларды паспорттау мен цифрландыру мәселесіне қатысты баяндаманы тыңдады.

Бас қаланың жасыл желекпен көмкеруге қатысты мәселелерге бір-бірлеп тоқталған басқармасы басшысының орынбасары биыл көгалдандыру аясында Алматы ауданында 8 мыңға жуық, Байқоңыр ауданында 7 мыңға жуық, Сарыарқа ауданында 7 мыңға жуық, Есіл ауданында 23500-ге жуық ағаш егу жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ нысандар құрылысы шеңберінде Жол-көлік басқармасы 71862 ағаш, Коммуналдық шаруашылық басқармасы 552 ағаш, «Жасыл белдеуді» дамыту аясында «Астана орманы» ЖШС 451518 ағаш егуді жоспарлап отырғанын атап өтті. «Саябақтар мен шағын гүлбақтар құрылысы аясында Қоршаған ортаны қорғау басқармасы 92 332 ағаш егуді жоспарлап отыр. Көктемгі маусымда 186 мың ағаш отырғызылды. Яғни, жалпы жоспардың 30 пайызы орындалды. Қалған жұмыстар күзде жалғасады. Сондай-ақ биыл қала аумағында 9 гүлзардың құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 5 гүлзарды аяқтап, тапсыр­дық. Жасыл желектерді түгендеу жұмыстары да жүріп жатыр, 134 учаскеде 20 бригада жұмыс жасап жатыр. Қазір ботаникалық бақ аумағындағы ағаштар толық түгенделіп, порталға енгізілді, 70 мыңға жуық ағашқа электронды паспорт берілді. Түгендеу кезеңі аяқталғаннан кейін елорданың жасыл екпелерінің тізімін жасаймыз» деді Айдын Бегімбеков.

Баяндаманы тыңдағаннан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері қаланы жасыл желекпен көмкерудегі сақталып отырған мәселелерге баса назар аударып, аталған жұмыстарға жауапты мекемелердің, аудандардың басшыларына сұраулар қойып, сын, ұсыныстар айтты. Басқарма басшысының орынбасары олардың сұрауына жауап беріп, өз жұмыстарын ойдағыдай атқаруға уәде етті.

Басқосуда жоғарыдағы мәселелерден сырт, «Нұр-Сұлтан қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту»; «Астана қаласының аумағындағы жер учаскелері үшін төлемақыларының базалық ставкаларын белгілеу туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 5 желтоқсандағы №79 қаулысы мен Астана қаласы мәслихатының 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №523/75-IV шешіміне өзгерістер енгізу» сияқты 9 түрлі мәселе қаралып, дауысқа салынды.                                                                        

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button