Басты ақпаратЖаңалықтар

«Жасыл экономика» – болашақ энергиясы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында мамандар даярлау қолға алынып отыр. Әлемдегі экологиялық ахуал күн өткен сайын нашарлап барады. Сол себептен көптеген елдер жаңартылған энергия көздеріне көбірек инвестиция жұмсауға көшкен. «Жасыл экономиканы» дамытуға еліміз де айрықша көңіл бөлуде. Өйткені, жалпы әлемдік технологиялық дамудан біз де тысқары қалмауға тиіспіз. Сарапшылардың есебіне қарағанда, баламалы энергия көздерін біртіндеп арзандату түптің түбінде ел экономикасын көтеруге үлкен септігін тигізеді.

Зиянды қалдықтарды азайтады

Бұдан үш жыл бұрын Елбасы Жарлығымен елімізде «жасыл экономика» тұжырымдамасы қабылданған болатын. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда жасыл энергетика мәселесімен айналысатын арнайы институт құрылуы керек. Уақыт ағымына ілесіп, аяғымыздан нық тұрғымыз келсе, «Самұрық-Қазына», арнайы министрлік бар, «ҚазМұнайГаз» АҚ және «Атамекен» ҰКП-сы бірігіп, арнайы институт жасақтап, онда мамандарды бір-бірлеп болса да жинай бергені дұрыс. Қазіргі уақытта елімізде осы айтарлықтай жаңа энергетика туралы ойлай алатын 5 пайыздай адам бар. Түсінесіздер ме, мен жасыл экономика туралы айтып отырмын, мұнымен мықтап айналысу керек. Қазақстанда жаңа энергетика туралы ойлай алатын адамдарды бір жерге жинайық, әлгіндей институтқа. Қажет болса шетелдерден де шақыртайық, оларға жұмыс жасауға мүмкіндік берейік» деген еді Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бүгінде бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда. БҰҰ-ның даму бағдарламасы мен ҚР Үкіметі еліміздің 15 қаласында зиянды қалдықтарды шығару мөлшерін азайту жобасын іске асыруды қолға алды. Қазірдің өзінде іске асып жатқан жоба «көміртекті төмендетуді дамытатын тұрақты қалалар» деп аталады. БҰҰ-ның даму бағдарламасы бойынша Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Ирина Горюнованың айтуынша, жобаның мақсаты – көміртек шығарындыларын азайтатын шараларды жасақтап, қала шаруашылығына кеңінен енгізу, сол арқылы халықтың өмірін жақсарту. Жоба өткен жылдан бастап қолға алынған. Соның ішінде Шымкент, Тараз, Қостанай, Теміртау, Ақтөбе және Лисаковск қалаларында жылу, су және электр желісін жетілдіру, қалалық қоқыстарды өңдеу жолға қойыла бастаған. «Бұл бір жағынан кіріс алып келсе, екінші жағынан қаладағы лас қалдықтарды азайтып, қоршаған ортаның тазалығына септеседі» дейді мамандар. Тағы 7-8 қалада осындай бағыттағы жұмыстар жүргізілмекші.
– Қазір Қазақстанда халықтың 50 пайызы қалалық жерлерде тұрып жатыр. Шамамен 2030 жылдарға қарай бұл көрсеткіш 66 пайызға өседі. Бұл – экологияға төнер қауіп бұрынғысынан тағы артады деген сөз. Себебі ауылдық жерлерге қарағанда үлкен қалалар тұтыну көлемінің ауқымына байланысты қоршаған ортаға булы газдарды көп бөледі. Яғни, қалаларда инфрақұрылым түрлері және басқа да құрылымдардың жұмысы көбірек пайдаланылады. Сол себепті ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар да көп болады. Бұдан экономикаға да, экологияға да үлкен салмақ түседі. Сондықтан қалалық жерлерде «жасыл экономика» қағидаларын көбірек айтып, насихаттау маңызды, – дейді БҰҰ өкілі.

Мамандар Астанада даярланады

Астанадағы іргелі оқу орындары жаңа саланың, яғни «жасыл экономика» мамандарын даярлауға кірісіп кетті. Олардың бұл бағыттағы мүмкіндіктері зор. Алда болатын «ЭКСПО-2017» көрмесінде бұл оқу орындары әлемдегі «жасыл экономика», соның ішінде жасыл энергетиканың бірегей мамандарымен жақын сөйлесіп, қоян-қолтық араласуға мүмкіндік аламыз деп алақандарын ысқылап отырған жайы бар. «Осы көр­менің мүмкіндігін елордадағы еңселі оқу орындары қалай пайдаланғалы жатыр, өздері жаңа саланың мамандарын дайындауға қандай қадам жасады?» деген сұ­рақтарға жауап іздеп көрген едік.
– «Жасыл энергетика» енді бірер жылда әлемдегі ең басты тақырып болары сөзсіз. Сондықтан елімізде осы жаңа саланың стратегиялық маңызын сезіну аса маңызды. «ЭКСПО-2017» көрмесі бұл мәселеде бізге айтарлықтай үлкен септігін тигізеді. Біз бұған дейін үлкен әңгіме болып келген жасыл энергетиканың жаңалықтарын өз көзімізбен көреміз. Осы бір үлкен алаңда баламалы жаңартылған энергия көздерінің ең үздік жасақталған дүниелері болады. Соның ішінде, өзіміздің қазақстандық өнімдер де әлемдегі бірегей сарапшылар қауымдастығының назарына ұсынылады. Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін бұл – ғалымдар мен мамандардың ауқымды әңгімелесу алаңы болады. Осы алаңда біз әлемдегі жетекші университеттердің ғылыми тобымен жүздесіп, ынтымақтастық орнатылады. Бұл бізге ғылым мен іс жүзіндегі зерттеулерде жаңа жетістіктерге жетуімізге мүмкіндік береді. Соның арқасында Қазақстанда жасыл технология саласында жаңа ғылыми трендтер, жобалар, жаңа мамандық иелері шыға бастайды. Қазір біздің университетімізде мұның алғышарттары бар деп айта аламыз. «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бас­қару және инжиниринг» кафедрасында Қазақстан экологиясын зерттеу және бағалау, «жасыл» құрылыстың эколо­гиялық мәселелерін зерттеу, жылумен жабдықтаудың жылу сорғы жүйесінің энергия­сын үнемдеуді қолдану бағы­тында ауқымды жұмыстар атқарылады. Яғни, біздің студенттер жасыл энергетиканың алғышарттарымен жете танысып, мамандану үстінде, – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов.

Үлкен белес күтіп тұр

Қазіргі уақытта елімізде жасыл энергетиканың, яғни айтқанда күн, жел сияқты энергия көздерін пайдалану мөлшері 1,33 пайызды құрайды екен. Болашақта, дәлірек айтқанда, алдағы екі-үш жыл көлемінде мұндай энергияны пайдалану мөлшерін 35 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Бұл іске С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университеті сүбелі үлес қосатын түрі бар. Университеттегі «Электр жабдықтарын эксплуатациялау» кафедрасында «энергия үнемдеу және қайта жаңаратын энергия көздері» мамандығына оқытудың арнайы бағдарламасы бекітілген. Бұл факультетті профессор, техника ғылымының докторы Асхат Тілеуов басқарады. Ол 1996 жылы-ақ «Желдік және гельдік техниканың сипаттамалары мен оларды бағалау әдісі» тақырыбында докторлық диссертацияны табысты қорғап шыққан екен. Былайша айтқанда, жаңа энергетика туралы ойлай алатын еліміздегі бес пайыз адамның бірі және бірегейі. Оның алдынан білім алған шәкірттердің бірқатары қазірдің өзінде жел, күн энергиясын пайдалану саласында өз білімдерін сынап жүр. Кафедрада студенттер жобалық-конструкторлық, өнеркәсіптік-технологиялық бағытта ғана маманданып шықпай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де бейімделеді. Бұл машық жаңартылған энергия көздерін игеруде аса маңызды екені белгілі. Студенттер сабақ барысында өндірістік практикадан да уақытылы өтіп отырады. Көбінесе олар «KEGOC», «Астана РЭК» «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС, «ЭНБАС», «Қазэлектромонтаж» сияқты іргелі компанияларда практикадан өтеді. Жалпы, бұл университеттің студенттері қазірдің өзінде жасыл энергетиканың жетістіктерін меңгеруге, осы салада өздерінің қолтаңбаларын жасауға дайын.
Кафедраның оқытушы құрамының айтуынша, алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде осы саланың бірегей мамандарымен, ғалымдарымен етене жақындасып, тығыз әріптестік байланыс орнату жоспарланып отырса керек. Әлемнің айтулы ғалымдарымен университетте қысқа мерзімдік курстар өткізу жөнінде келісімшарттар жасасуды көздейтіндерін жасырмады. Мұның бәрі бізге әлемдік үрдістен тысқары қалмай, тіпті жасыл энергетиканы игеруде көш басында болуымызға септесері анық.
Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, еліміздің гидроэнергетика саласындағы әлеуеті өте зор. Қуаты 170 млрд кВтсағ-қа жететін жел энергетикасынан жылына 1 трлн кВтсағ энергия көзін алуға болады екен. Осы үлкен қуат көзін дер кезінде игерсек, «Қазақстан-2050» стратегиясындағы ең маңызды міндеттердің бірін орындауға мүмкіндік туар еді. Сарапшылар бір ауыздан Қазақстанның бұл салада әлемде жетекші орынға ие болуына барлық алғышарттар бар екенін алға тартады. Бұл – елімізді жаңа бір үлкен белестер күтіп тұр деген сөз.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button