“Жасыл ел” жұмысын қорытындылады
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, Республикалық “Студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХX еңбек маусымының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдарламасы Республиканың барлық өңірлерінде және Астана қаласы бойынша жүзеге асырыла бастады. Осы жиырма жылдын ішінде Астана қалалық «Жасыл ел» штабы қаламызда елеулі жұмыс атқарып, 14 және 35 жас аралығында жұмыссыз жастар мен студенттерді жазғы еңбек маусымында жұмысқа орналастырып келеді. Биыл “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша 4200-ге жуық адам жұмысқа алынды, оның ішінде көп балалы, әлеуметтік-аз қамтылған отбасылардың (14 жастан бастап) балалары да бар және жобаға қатысатын барлық жастар арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Олар қаланы көгалдандыруға, саябақтар мен мектеп аумақтарын тазартуға көмектесті. “Жасыл ел” кәмелетке толмаған жастары ҚР Еңбек кодексіне сәйкес күніне 4 сағат жұмыс істейді. Ұйымның биылғы ұраны: “Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі” болды.
Жабылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ерлан Айдар қаланы, айналаны таза ұстау жастардың өмір салтына айналып келе жатқанын жеткізді.
-“Жасыл ел ” сарбаздары экологиялық акциялар аясында қала тазалығын қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Басқарма тарапынан жастарды еңбекке тарту, оларды сол арқылы отанын сүюге, айналаға қамқор болуға тәрбиелеуге зор мән беріледі. «Жасыл ел» қозғалысы – 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, еліміздің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен. Жобаны іске асыруда 100-ден астам серіктес ұйыммен жұмыс жүргізілді. Олардың қатарында «Bazis Construction» ЖШС құрылыс компаниясы, «Астана-Зеленстрой» АҚ және басқа бірқатар құрылыс нысандары мен қаламыздың барлық бақ және саябақтары, 100-ден астам білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғары оқу орындары болды, – деді ол.
Жиын барысында 100-ге жуық жастар Алғыс хаттармен марапатталып, олардың ішінде ерекше еңбегімен көзге түскендерге “Үздік команда”, “Үздік капитан”, “Үздік сарбаз” номинациялары берілді. Салтанатты іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.