Елорда тынысы

«Жасыл елдің» жастары «Үркерді» тазалады

«Таза бейсенбі» акциясы аясында елордадағы Үркер тұрғын алабында «Жасыл ел» жастар жасағының тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Нұра ауданы әкімдігі қолдау білдірген акцияға 100-ге жуық елордалық оқушылар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Күннің аптап ыстығына қарамай, таңертеңнен тазалық жұмыстарына жиналған жастардың дені – елордадағы мектеп оқушылары. Аталған жасақтың менеджері Ботагөз Асқарбекқызының айтуынша, олардың жұмысы биыл мамырда басталды, содан бері осындай әрбір акцияға  жүз адамнан қатысып келеді.

-Қаланы тазалау – біздің басты жұмысымыз. Бұған дейін Астананың басқа аудандарында да таңғы 8.00-ден жұмысқа кірісе отырып, тазалық жұмыстарын жүргіздік. Байқоңыр, Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандары әкімдіктерімен бірлесе ағаштар суару, қоқыстар тазарту, арамшөптер жұлу сынды жұмыстарды жасадық. Бүгін міне Үркер тұрғын алабы аумағындағы бос жатқан жерлерді де желмен ұшып келген немесе тұрғындар тастаған тұрмыстық қалдықтар, қоқыстардан тазартып, арнайы қаптарға салып, бір жерге жинаймыз. Шамамен 1 тоннадай қоқыс жиналады деп тұрмыз. Күн қатты ыстық болғандықтан балалар 1 жарым сағаттай ғана жұмыс істейді, әдетте жасақтағы балалардың бір күндік жұмысы 4 сағатқа жетуі керек. Сол үшін олар жалақы алады, келісімшартпен оларға ата-анасымен бірге арнайы шот ашылып, соған бір айдағы жұмысы үшін 64 564 теңге төленеді, – дейді менеджер.

«Жасыл ел» жасағына жұмысқа қаладағы 14 жасқа толған балалардан бастап 35-ке  дейінгі азаматтар алынады.

-Мәселен, айына 700 орын қарастырылса, соны қаладағы бізбен келісімшартқа тұрған 100 шақты мектепке бөлеміз, сонда әрбір мектепке айына 6-7 адамнан келеді. Олар бірінші ай істеген соң, келесі ай оның орнына басқа бала алынады. Сонда бір бала тек бір ай ғана жұмыс істеп, ақша табады. Жасақ жұмысына алдымен 50 пайыз аз қамтылған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, Атаулы көмек алатын балаларды аламыз, қалған бөлігіне басқа өз қалауымен жұмыс істеп ақша тапқысы келетін жастарды қабылдаймыз. Осы арқылы балаларды жастайынан еңбекке тәрбиелеп, маңдай терін төгіп, адал  табыс табуға тәрбиелейміз. Акция қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тазалықты сақтау, әрбір аулада тазалық пен тәртіпке саналы, адал көзқарас қалыптастыру мақсатында өткізіледі, – дейді Б. Асқарбекқызы.

«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Ол жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып жүр. Жоба аясында елорда бойынша биыл 4200-ден астам 14 пен 35 жас аралығында жастар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Олар қаламыздың құрылыс нысанындарына, қала маңындағы «жасыл белдеуде», әлеуметтік нысандарды, жалпы білім беретін мекемелер аумағында, қала саябақтарына, көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылуда.

-«Жасыл ел» жасағына жұмысқа қабылданғанып, жұмыс істегеніме 1 ай толды. Бұл туралы достарымнан естідім. 5 балалы отбасынан шыққанмын. Ата-анама көмектесу үшін осы мүмкіндікті пайдаланғым келді. Аптасына 5 күн, күніне 4 сағаттан жұмыс істеген кезде көбіне мектептің айналасын тазалау, ағаштарды суару жұмыстарын істедік. Тазалық жұмыстары кезінде арнайы қолғаптар мен қаптар, басқа да құрал-саймандар беріледі, арасында осындай ауқымды акциялар өткізілсе, соған да қатысамыз, – дейді №49 мектептің 9 сыныпқа көшкен оқушысы Нұрасыл Сейілхан.

20 жыл ішінде Астана қалалық “Жасыл ел” штабы елеулі еңбектер атқарып, 14 және 35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар мен студенттерді жазғы еңбек маусымында жұмысқа орналастырып келеді. Жобаға қатысуға ниет білдіргендер бұл туралы жасақтың әлеуметтік желідегі парақшаларынан толықтай хабардар бола алады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button