Басты ақпаратҚала мен Сала

«Жасыл мектеп» үйретері – еңбек

Елімізде «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында мектеп оқушылары мен студенттердің экомәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаны аялау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы бағытта Астана қаласында бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Солардың бірі – «Жасыл мектеп» жобасы. Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 20 білім беру ұйымында жоба жұмысы жүзеге асырылады. Жемісті жобаның ерекшелігі – жыл бойы жұмыс істейді.

Кеше «Жасыл мектептің» аясында елорданың Сервис және туризм колледжінде «Жасыл мектеп» жобасы аясында жылыжай ашылып, салтанатты түрде таныстырылды. Эко білім беруді дамытуға бағытталған жобаны Болат Өтемұратов қоры қаржыландырады. Мұндай игі бастамаға Астана қаласы әкімдігі де өз қолдауын көрсетті.

Жылыжайдың ашылуына қалалық Білім басқармасы және әлеуметтік серіктестер, елордалық колледж басшылары мен студенттер қатысты.

– Қазіргі таңда Астана қаласының 20 білім беру ұйымында «Жасыл мектеп» жобасы аясында жылыжайлар ашылуда. Жас мамандарды тәрбиелеуде жобаның үлесі зор. Сонымен қатар ландшафты дизайн, флорист және орман шаруашылығы саласы бойынша мамандарды дайындауда бірқатар жобаның жүзеге асқанын да атап өткім келеді, – деді өз құттықтау сөзінде Астана қаласы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон.

«Жасыл мектеп» жобасының басты мақсаты – өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениет­ті қалыптастыру, бау-бақша егумен жақын таныстырып, биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы жасөспірімдердің білімін кеңейту және қызығушылығын арттыру, еңбекке баулып, оқу орындарын көгалдандыруға үйрету.

Жобаның жалпы ұзақтығы – 3 жыл. Жоба өз бастауын алғашында 2021 жылы Алматы қаласынан алып, оған 16 мектеп қатысты. Ал 2022 жылы бас шаһарда 19 мектеп пен 1 колледжде «Жасыл мектеп» жобасы іске асырылуда.

Болат Өтемұратов қорының бағдарламалық менеджері Абай Нұрмұхановтың айтуынша, жоба арқылы болашақ мамандар тәжірибені өздерінің ортасында, достарымен бірге шыңдай алады.

Жылыжайдың іші заманауи тамшылатып суару, жылыту және жарықтандыру жүйелерімен жабдықталған. Жылыжайды орнатуда елорданың аязды қысы да ескерілген.

Сервис және туризм колледжінің директоры Салтанат Басығараеваның сөзінше, «Жасыл мектеп» жобасы – колледждің материалдық базасын кеңейтуге тамаша мүмкіндік.

– Қаладағы жылыжайдың бірінің біздің колледжде орналасқаны – үлкен қуаныш. Бүгінде оқу ордамызда Орман шаруашылығы мамандығы бойынша 124 студент оқиды. Бұл жылыжай білім алушы жастардың білімі мен біліктілігін арттырып, бәсекеге қабілетті маман даярлауда үлес қосады. Әрі оларды өздері жасаған өнім арқылы дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтына баулиды.

Колледж Орман шаруашылығы мамандығының көкөніс және жеміс-жидек өсіру бөліміндегі студенттер жылыжайда тәжірибеден өте алады. Яғни жылыжайдағы бақша өнімдерін бағбандар емес, студенттердің өзі баптайды. Эко-жоба оларға табиғатты қорғауды ғана насихаттамай, өсімдікті өсіріп, өнім алу жолдарын теориялық-тәжірибелік тұрғыда үйретеді. Тұқым кезінен өнім алуға дейінгі кезеңнің барлық сатысын жетік меңгере алады. Айта кетейік, колледждің 1-2-курс студенттері жылыжайда жұмыс істейтін болады. Жылыжайдағы жұмыстарды білім алушылар он-оннан бөлініп атқарады. Оқу тәжірибесіне күніне алты сағаттан бөлінген. Мұнда қияр, қызанақ, бұрыш, асжапырақ өсіріледі. Дайын болған өнімдер шеберлік сыныптарында қолданылады.

Салтанатты рәсімнен соң Халық­аралық экогастрономиялық Slow Food жобасы аясында «Жылыжайдан дастарқанға» атты шеберлік сыныбы өткізіліп, қатысушылар дайын өнімдерден жасалған астан дәм татып, бағасын берді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button