Қала тіршілігі

ЖАСЫЛ ОРМАН ТАЗАРДЫ КҮЛ-ҚОҚЫСТАН

жасыл орман

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында Президент бастамасымен құрылған елордадағы «жасыл белдеу» аумағында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Кең ауқымды экологиялық акцияға министр Нұрлан Қаппаров бастаған ҚР Қоршаған орта және су ресурс­тары министрлігінің өкілдері, Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, қалалық Экология департаменті мен «Астана орманы», «Астана Эко-Полигон НС» ЖШС коммуналдық кәсіпорындары, «PosadiDerevoKZ» республикалық қоғамдық бірлестігі, ҚР Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлері мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты. Сондай-ақ, қала тұрғындары да ерікті түрде шараға белсене атсалысты.

Санитарлық қорғауға алынған «Астана орманының» кіреберісінде ескерту тақтайшалары орнатылған екен. Ұққанымыздай, ормандағы ағаштарды рұқсатсыз кесуге, өзіңнен кейін қоқыс қалдыруға, от жағуға қатаң тыйым салынады. Табиғат аясында демалам деушілердің бәріне ортақ қарапайым ережелер. «Бірақ бұл орманда кім демалмақ?» деген сұрақ туды ойымызда. Орман маңайын қоқыр-соқырдан тазартуға келгендердің өзі ауыз-мұрындарын қымтап, медициналық маска тағып алғанын көрдік. Неге дейсіздер ғой: таяқ тастам жерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны орналасқан. Сірә, ауа арқылы күл-қоқыстың түрлі қауіпті вирустарын ағзаға жұқтырып аламыз деп қорыққандары болар. Дұрыс-ақ. Бірақ, іргелес орналасқан орманның ағаштары қоқыстың жағымсыз иісін сездірмей тұрғаны сезіледі. Жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, жасыл желектің жағымды хош иісі де мұрынға келмейді. Орманның қатты ластанғанын байқамау мүмкін емес. Ағаштарға алыстан көз тастасаң, шүберекке толы әулиеағашқа ұқсайды. Ал, шын мәнінде бұтақтардың әр жеріне бір кезінде өзіміз қолданып, жарамсыз болып қалған целлофан пакеттер байланып қалған. Байқағанымыздай, «жасыл белдеудің» полигонға жақын жерінің бәрі күресінге толып, әбден ластанып кеткен екен. Қасындағы қоқыс полигоны тіптен адам шошытады. Қалдықтарды жем қылып қаптаған шағалалар шаңқылдап ұшып жүр. Ой бағамдасақ, бұл да үлкен қауіп емес пе?! Олардың вирус тасымалдаушы болмасына кім кепіл? «Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жанындағы орманды тазалаудың мағынасы бар ма? Жиналған жерлер жел тұрса, қайтадан шашылмақ емес пе?» деген сұрақты «Астана Эко-Полигон НС» ЖШС коммуналдық кәсіпорынның директоры Дархан Досмағамбетовке қойғанымызда: «Бұл қоқыс жылдар бойы жиналғандықтан, тазарту жұмыстары аяқталмай келеді. Полигон маңайын ұшатын қалдықтардан әрдайым тазартып отырамыз. Арнайы регламент бойынша жұмыс істейміз. Қоқысты жер астына көміп, үстінен топырақ жаямыз. Жақын арада қоршауды үлкейту жоспарда бар. Жалпы, полигон әбден толған. Міне, дәл жанында үлкен қоқыс шұңқыры қазылуда. Осының бәрін сол шұңқырға көшіріп, көмеміз. Құрылысы жылдың аяғында аяқталмақ. Рекультивация жасап, шөп өсіреміз. Ақыр соңында, бұл жерде қоқыс полигонының ізі де қалмауға тиіс» деп жауап берді. Сенгіміз келеді. Нәтижесін де көре жатармыз. Жалпы, шараға бас-аяғы 700-ге жуық адам жұмылдырылып, нәтижесінде арнайы техника арқылы полигонға 16 рейс жасалып, 80 тонна қоқыс шығарылды. Сонда да, қолайсыз жерде орналасқан қоқыс полигоны Арқаның аңыраған желі соқса, «жасыл белдеуді» қайтадан ластамай ма? Адамдардың денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан бұл ойландыратын мәселе болса керек.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button