Жасыл шаһарға айнала аламыз ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында елорданы дамыту мәселелері бойынша өткізген кеңесте алдағы бес жылда бас қаланы жасыл шаһарға айналдыру туралы тапсырма бергені мәлім.
«Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл желектің 10 пайызы ғана – көпжылдық өсімдіктер. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз. Әкімдікке үш жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырамын» деді сол жиында Президент.
Жуырда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Сенат депутаттарының қатысуымен өткен жұмыс тобының отырысында Президент берген тапсырмалардың іске асуы талқыланды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов ақпарат таратты.
«Жұмыс тобының отырысында ағаштарды суару үшін суды қайта өңдеу мәселелерін талқыладық. Биыл Астанада миллионға жуық бұта мен ағаш отырғызылды. Олардың жартысы қалада, екіншісі қаланың «өкпесі» – Астананың жасыл белдеуінде орналасты. Тұрғын үй учаскелерінің аумағында көшеттерді отырғызу 2,5 есеге ұлғайды. Тұрғын үй салушы компаниялар 100 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызды. Әзірге 11 нысанда, соның ішінде ашық көздерден сарқынды судың жергілікті бекетін орнату бойынша жұмыс жүргізілуде» деп жазды Е.Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында.