Әлеумет

ЖАСЫЛ ШЫРШАНЫ ЖАЙНАТАР КҮН ЖАҚЫН

ba2ac71f9b8e889ddd9b2203b61b6be7_big

Жаңажылдық жарқын мерекені, әсіресе, балалар қауымы айрықша қуанышпен тағатсыздана күтетіні белгілі. Бүлдіршіндер үшін Жаңа жыл – асыл армандарымен қауышатын, балалық тілектері қабыл болып, күткен сыйлықтарына қолдары жететін сәт.

21 желтоқсан күні Астанадағы жаңа Оқушылар сарайында бір топ бүлдіршін Астана қаласы әкімінің дәстүрлі шырша тойына қатысып, тамаша думанға бөленбек. Мерекелік шыршаның қызығына жетім, ата-ана қамқорлығынан қағыс қалған, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер шақырылады.

Таңғажайыптарға толы шыршаға елордалық 150 балақай қатысады деп жоспарлануда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік шара бірнеше бөлімнен тұрады. Балаларға арналған жаңажылдық думан ертегі әлеміне қызықты саяхатпен басталады. Ол талантты әртістердің сахналауындағы театрландырылған көріністермен өрнектеледі. Балалар ертегілер еліне саяхат жасап, қазіргі заманның небір тамашаларына да қанығады.

Балалардың салтанатты шақыруы бойынша Аяз Ата мен Ақшақар ортаға шығып, думан көрігін қыздыра түседі. Барлығына бағалы  сыйлықтар үлестіріп, жеткіншектердің көңілін көтереді. Тойдың соңы Жастар театрының сахнасынан ертегі қойылымын тамашалаумен жалғаспақ.

Дәл осы күні халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда, спорт бәсекелерінде табысты нәтиже көрсетіп жүрген жасөспірімдердің де шырша тойы өтеді.

Оған қоса, жыл сайын Есіл ауданының кішкентай тұрғындары үшін аудан әкімінің атынан Жаңа жыл шыршасы ұйымдастырылатыны белгілі. Бұл думанды мереке 25 желтоқсан күні М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өтпек. Жаңа жыл шыршасына аудан мектептерінде білім алатын көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар және ауданның мемлекеттік құрылымдары қызметкерлерінің балалары арасынан 230 бүлдіршін қатысады.

Жаңажылдық шырша бағдар­ламасы екі сағатқа созылады. Алғашқы сағатта балаларға арналған мерекелік қойылым ұйымдастырылады, ертегі әлемі кейіпкерлерінің қатысуымен арнайы қойылым көрсетіледі. Мерекелік іс-шара соңында әрбір балаға жаңажылдық сыйлық табыс­талады.

 

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button