Сұхбат

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖАН РАХАТЫ

Айбар-Наурызали

«Астана Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамы елорданы жасыл желекке бөлеп, көшелерге гүл, ағаштар отырғызып, ауасын тазарту үшін қыруар жұмыстар атқаруда. Алайда, аула іші мен жол жиектерін көгалдандыру мәселелерінде тұрғындар тарапынан кейбір наразылықтар туындап қалатыны жасырын емес. Осы және басқа да түйткілді сауалдарға жоғарыда аталған мекеменің жаңа басқарма төрағасы Айбар Наурызәлі жауап береді.

Қалада ағаш отырғызу қалай?

– Жапырағы жайқала өсіп тұрған ағаш қалаға сән беретіні өз алдына, ол ауаны да тазартады. Жазда көлеңкесінен сая тауып, адамдар демала алады. Сондықтан, елордада ағашты қанша отырғызса да артықтық етпейді. Біз жоспарлы түрде шырша, тал, қарағай, самырсын, қайың, емен, тағы басқа ағаштарды отырғызамыз. Рас, шырша ұзақ өсетіндіктен, тұрғындар тарапынан кейбір реніштер де естіліп қалып жатады. Дегенмен, оның жасыл түсі қысы-жазы төңірегіне ерекше әсемдік ұялататынын да ұмытпау керек.

Алдағы көктемнен бастап өз питом­ни­гі­мізден жапырақты үлкен ағаштарды, он метрлік қайың ағаштарын отырғызу жос­парлануда. Әрі оны алдағы наурыз айына дейін отырғызып болуымыз қажет. Әйтпесе, кешігеміз. Негізінен алғанда, елордада ағаш егу уақытында жоспарлы жүргізілуде.

– Гүлзарларда саялайтын ағаш аз дегенге не айтасыз?

– Келісемін. Өйткені, гүлзарларға көбіне тал немесе әлсіз, аласа ағаштар егіліп, олар тамыр жая алмай, қурап қалған. Енді бұл қателіктен сабақ алып, алдағы көктемде қалалық паркке жуан, он метрлік қайыңдар отырғызамыз. Әрине, барлық гүлзарларды бірден қамтуға мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ, осы бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізіледі.

Кейде маған «қаланы жасанды көгал­дан­ды­руға қалай қарайсыз?» деген сауал­ да қойылады. Жоғарыда айттым, ауа райы­на төзе алмаған ағаштар жаппай қурап қал­ғанда жасанды ағаштар қойылатын жағдайлар болады. Алайда, мен бұған қарсымын. Ағаш айырықша сән беретін сүзгі десем де болады. Ол айналасына от­тегін бөледі. Сондықтан, тамырын топы­раққа сіңіріп, отырғызатын ағашқа не жетсін?!

– Ағаштарға зиян келтірушілермен қалай күресуге болады?

– Әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қар­саңында өсіп тұрған ағаштарға жасанды шамдар ілу өте зиянды. Өйткені, түнде шамның қызуы ағашты жылытып, таңертең сөндіріп тастаған кезде өсімдіктің тамыры суықтан бірден қатып қалады. Біз бұл жөнінде сан мәрте мәселе де көтердік. Алайда, аудандық әкімдіктер қала көшелерін безендіру деген желеумен ағаштарға шам ілуді тоқтатпай келеді. Бірақ, бұл «Астана Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамының бақылауына алынған назардағы мәселе.

Бір қуаныштысы, мені астаналықтардың қала көшелерін көгалдандырып, жасыл желекке бөлегісі келетін ынта-ықыластары қуантады. Тұрғындардың мұндай ниеті барда біз жұмысты міндетті түрде одан әрі жандандыра түсеміз.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button