Басты ақпарат

Жасылдан желек жамылған

Қала аумағын көгалдандыру Астана күнін мерекелеуге дайындық жұмыстарымен қатар жүріп жатыр. Қыс-көктемде жылыжайда өсірілген гүлдер қаланың гүлзар бақтарында отырғызылып, қызылды-жасылды күлтесі көздің жауын алады. Біркелкі қырқылған көк майса құрақ та, желегі самалмен тербелген жасыл ағаш та елордаға жаз келгенін айтып тұрғандай. Ағымдағы жылдың ерекшелігі бар. Гүлтөсемнің жасалуында, онда отырғызылған гүлдердің түр-түсінің мерекелік сипаты мен салтанаты сезіледі. Бұл, әрине, түстердің тиімді қолданылуына негізделіп, ақ, қызыл және жасыл түстер басымдық алып, көзге жылы ұшырайды. Гүл кілемнің оюын айқындай түсу үшін ақ мәрмәрдің қиыршық тастары төселген. Биылғы гүл оюлардың мәнері де ерекше. Олардың орналасқан жеріне қарай, ұлттық нақышта безендіріліп, ою-өрнекті орынды қолданыпты. Қарбалас тірліктің барысы жайында «Астана-Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Жарқын ЖҰМАҒҰЛОВТАН сұрап білген едік.

– Қала аумақтарын гүлмен көмкеру жұмыс­тары аяқталып қалды. Гүлзарлар көлемі биыл 162 622 шаршы метрді құрайды, онда 8.5 млн гүл көшеттері, 5540 тал-терек отыр­ғы­зылды. Уәлиханов және Жұмабаев көшелері бо­йында екі тынымбақ абаттандырылып, Пушкин және Құдайберді, Орынбор мен Сығанақ көшелері қиылысында автокөлік түйіндерін көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Қалдаяқов, Момышұлы, Сарайшық көшелерінің бойы гүлмен көмкерілді. Жәнібек пен Керей хандар тынымбағының тірек қабырғаларына гүлзарлар орнатылды.

Көк­­тал тынымбағында Бейбітшілік даңғы­лын­дағы көгалдандыру жұмыстары аяқталуда.

Жасыл екпелерді күнделікті күтіп-баптау бо­йынша маусымдық жұмыстар қоңыр күзге дейін созылады. Суару, көгалдарды қырқу, ты­ңайтқыштармен және минералды заттармен қоректендіру, өсімдіктерді зиянкестерден, аурулардан қорғау ұдайы назарда ұсталады.

Жасыл екпелерді уақытылы және сапалы суару мақсатында ұзындығы 522,4 шақырымдық су құбырын күтіп ұстау да біздің міндетімізде. Жалпы, қала аумағындағы жасыл желекті суару жұмыстарын жеңілдетіп, толық қамтуға бірың­ғай суару жүйесінің желісін жасау көзделіп отыр.

Бұл, ең алдымен, қаржы үнемдеуді, сонымен қатар жасыл шалғынның сапалы өсуін де қамтамасыз етеді. Елордадағы 36 субұрқақ кешендерін күтіп-ұстау да оңай шаруа емес. Жеңіс және Абай даңғылдары қиылысындағы «Тіршілік шежіресі» тынымбағындағы субұрқақ жаңар­тылды, ондағы жарық беретін құралдар ауыстырылды.

Шыбын-шіркейден қорғау бойынша жалпы көлемі 28 мың га жерге тиісті іс-шаралар жүргізілді. Жалпы көлемі 2 млн шаршы метрді құрайтын көшелерді, саябақтар мен тынымбақтарды жинау, тазалау жұмыстары бүкіл жаз бойына толастамайды.

«Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ «жа­сыл құрылыс» көлемін ұлғайтып, жасыл ек­пелерді күтіп-баптау бойынша агротехникалық кешенді іс-шараларды орындауда ауқымды істер атқаруда. Бұл елорданың экологиялық жағдайын, қаланың эстетикалық келбетін жақсартып, Астана тұрғындары мен қонақтарының әсерлі демалуына жағдай жасайды.

ГҮЛДІҢ БАБЫ БОЛМАСА…

Астана қаласын көркейтуде бір жылдық өсімдіктерді қолданамыз. Жылыжайда өсірілген гүлдердің көшеттері топырақ жылынғаннан бас­тап қаланың гүлзар бақтарына отырғызылады. Өсімдіктерде бір ортадан екінші ортаға бейімделу біршама уақытқа созылып, барлық тірі организмдей «стресс» алады. Гүлдердің жерсініп, тамырын жайғанға дейінгі күтімі ерекше болады. Оның өсуін қамтамсыз ететін препараттар пайдаланып, үс­темелеп қоректендіреміз. Сарыарқаның табиғи жағдайына гүлдердің бүр ашу кезеңі қысқа келеді. Төрт айға созылатын жаз айларындағы гүлдеу процесін тездету қажеттілігі бар. Ол үшін түрлі минералды тыңайтқыштар сеуіп, құрамында фосфор, калий, темір, марганец, тағы басқа микроэлементтері бар кешенді қоспаларды қолданамыз. Гүл өсірудің озық технологиялары қолданылады. Өсімдіктердің гүлдеу процесін бір жетіге ертелетіп немесе гүлдеу ұзақтығын да біршама соза аламыз. Егер күз жылы болса, өсімдіктерге қосымша тыңайтқышпен құнарландыру арқылы екі жетіге дейін гүлдеу мерзімін ұзартуға болады.
Түрлі өсімдік зиянкестерімен күресу үнемі жүргізіліп отырады. Оның алдын алу арқылы гүлдердің ауруларға төзімділігін арттыруға болады. Одан бөлек, топырақты дәрілеу арқылы зиянкестер ошақтарын залалсыздандыру жұ­мысын жүргіземіз. Бұл жұмыстар күнделікті бақыланып, зерттеліп, гүлдің әрбір талының жайқалып өсуіне бар жағдай жасаймыз. Бұл іске білікті мамандар жұмылдырылған. Қолданылатын бар­лық препараттардың қоршаған ортаға, құстар мен жәндіктерге, бал араларына, ең алдымен адамдарға еш зияны жоқ.

СУАРУДЫҢ ДА ТӘСІЛІ БАР

Жаздыгүні шілде болғанда өсімдіктердің жайқалып өсуі – гүл суарушылардың тынымсыз еңбегіне де байланысты. Қала бойынша жасыл алқаптарды жергілікті суару жүйесімен суарады. Одан бөлек, көше бойындағы, ескерткіштер маңындағы, саябақтар мен тынымбақтардағы жасыл екпелерді «Астана-Көгалдандыру құры­лысы» акционерлік қоғамның меншігіндегі сексенге тарта суару мәшинесімен қолдап суа­рады. Ең бастысы, гүлдердің тамырына зиян келтірмеу үшін тамшылатып суару қажет. Әр­қайсысына алты текше метр су сыятын мә­шинелер тәулігіне сегіз-тоғыз рет қатынайды. Күннің ыстығында көбіне таңертең және кешкілік суарылады. Ал аптапта гүлдерге түнде су шашады. Өйткені су бірден буға айналып кетпей, топырақ ылғалдылығы жақсы сақталады екен. Жоғарыда айтылған тыңайтқыштық заттардың көбі ұнтақ түрінде болып келеді, оларды сумен араластырып қолмен шашылады.
Гүлдің әрбір талы суарушының да маңдай терімен, қамқор қолымен өсе­тінін сушы-жүргізушілер жақсы түсінеді.

ЖАСЫЛ СҰЛБАЛАР ДА КӨКТЕДІ

Елорданың ең көрікті «жасыл» ес­керткіштерінің бірі – жасыл сұлбалар. Ғашықтар саябағындағы қос аққу, цирк маңындағы пілдер мен керік, «биші су бұрқақтың» айналасындағы киіз үй мен шөккен түйелер жасыл жамылғыға оралып шыға келді. Мұндай «жасыл ескерткіштерді» жасаудың өзіндік тәсілі бар. Алдымен темір сымнан сұлбасы жасалады. Оның ішін топыраққа толтырып, сыртын майда көзді тормен қымтайды. Оның сыртын гүлді отырғызатын қалың материалмен көмкереді. Архи­тектор суретшілер сызып берген үлгімен гүлдердің тамырын рет-ретімен материалды тесіп отырғызады. Өзге гүл төсемдерден ерекшелігі – жасыл сұлбалардың өсімдіктерін жиі қырқып отыру керек. Тағы бір қызығы, өсім­дік­тердің көбі жазық жерге тамырын жаятыны белгілі. Тек альтернантера, цинерария, сантолина сияқты өсімдіктер, керісінше, көлбей биікке тамырлап, сабағын жерге салбыратып та өсе береді екен. Ал жасыл сұлбаларға осындай өсімдік түрлерін қолданады. Бір жақсысы, аталған гүлдер отырғызған жерінде тамырлап, өсе береді. Және гүлдердің тығыз орналасуының сұлбаның әдемі болуына әсері бар. Білгенге маржан, пілдерге 160 мыңдай дана гүл егілсе, түйелерді көрікті еткен 180 мың дана гүл екен. Салт атты батырдың отауын оннан астам бағбандар екі аптада гүлмен көмкеріп үлгеріпті.
Қаламызды гүлзар баққа айналдырған гүл­дердің дәні қақаған қаңтарда топыраққа түседі. Бес ай бойына жылыжайда өніп, бой көтерген гүлдердің қала көшелерінде гүлдеп, қала тұр­ғындары мен қонақтарының қуанышына айналуына дейін орасан тер төгіліп, осыншама еңбек жұмсалады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button