ҚоғамРуханият

Жат ағым жақсылыққа апармайды

Снимок

Елордалық әкімдікте қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы дәстүрлі емес діни ағымдармен күрес барысы туралы отырыс өткізді. Жиында әртүрлі басқарма өкілдері аталмыш мәселеге қатысты деректермен бөлісіп, шаһардағы діни ахуалды талқылады. 

Дін істері жөніндегі басқарма бас­шысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Әлмұхановтың айтуынша, бүгінде Астана аумағында 49 діни бірлестік жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының қызметі жіті бақыланып отырады. Сондай-ақ, ғибадат жасайтын орындар да тұрақты түрде тексеріледі. Мәселен, қала бойынша Алматы ауданында – 3, Есіл ауданында – 10, Сарыарқа ауданында 6 намазхана бар екен.
Жат діни ағымдардың қоғамға дендеуіне миграцияның да түрткі болары белгілі. Яғни, қалаға сырттан қоныс аударған азаматтар бөгде діндерге әлдеқайда жиірек ұрынатын көрінеді. Осы орайда аталмыш ведомствоның бірқатар құрылыс нысандарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді әдетке айналдырған. Өйткені, мигранттардың басым бөлігі – сол салада.
Мұнымен қоса, Нұрдәулет Әлмұха­нов маргинал жастарға қатысты алаң­даушылығын білдірді. Жеткіншектер ненің оң, ненің теріс екеніне дұрыстап көз жеткізбей жатып, бөтен діндердің торына қалай шырмалып қалғанын аңдамай қалады. Мысалы, «Вконтакте» және «Фейсбук» секілді әлеуметтік желілерде дінаралық қақтығыстар туғызатын, қолданушыларды жат ағымға қарай сүйрейтін қауымдастықтар жетерлік. Дін істері жөніндегі басқарма экстремизмді насихаттайтын 368 мың топты тауыпты. Енді олар бұл фактіні арнайы мекемелерге ұсынып, әлгі интернет-парақшалардың тезірек бұғатталуына мұрындық болмақшы.
Бұдан соң «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай сөз сөйлеп, елордалық мешіттерге келуші халықтың діни сенімдеріне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда Астана мешіттеріне жиналатын бұқараның 10 пайыздайы – сәләфизмді ұстанушылар. Әсіресе, бұл жат ағымға ерген жандар Ғылмани мешітін көбірек төңіректейді.
Наиб имамның берген ақпаратын елордалық Ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес басқармасы басшысы Ербұлан Құсайынов та растады. Осы күндері тәртіп сақшылары діни басқарма қызметкерлерімен тізе қосып, оқу орындарындағы, әс­ке­ри мекемелердегі, мемлекеттік ұйым­дар­дағы азаматтарды діни жағынан сауат­­тан­дыратын танымдық іс-шаралар ұйымдастырады.
Өкінішке қарай, дәстүрлі емес діндер балалар мен жасөспірімдерді де жетекке алып үлгеріпті. Бұл құбылыс жайлы Білім басқармасының өкілі Мәдина Сүлейменова баяндады. Оның айтуына сенсек, астаналық мектептерде оқитын 56 шәкірт жат ағымға өткен. Соның кесірінен мектеп заңдарына қайшы келетін әрекеттер жасап, ұстаздардың ренішін туғызуда. Өз кезегінде басқарма маманы бұл жайттың алдағы уақытта реттелетініне үміт білдірді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button