Басты ақпаратҚоғам

Жат ағым жастарды адастырмасын

Ғаламтор кеңістігі арқылы терроризм, діни экстремизм, деструктивті діни ағымдар идеологиясы кең етек жайып тұрғаны белгілі. Әсіресе жастардың арасында жат ағымға жармаса кететіндердің бары көңілге кірбің ұялатады. Түрлі ағымның шырмауығына іліккен жас буынның діни сауатын арттырып, жат ағымға қарсы «иммунитетін» қалыптастыру – өзекті мәселе.

Діннің атын жамылған жат ағымдардың құрығына көбіне діни сауаты төмен я жағымсыз ортасы бар жастар алданып, түсіп жатыр. Ешқандай қисынға келмейтін ұстанымдар мен көңілге қонбайтын ойлар өскелең ұрпақты Отанға, отбасыға, дәстүрлі дінге, қалыптасқан салт-дәстүрге қарсы қойып, өзінің іс-әрекеті дұрыс екенін дәлелдеу мақсатында қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, адамдардың санасын улап, теріс идеология таратады. Радикалды топ мүшелері өз қатарына адамдарды қосу үшін өтірік арбап, мәліметті бұрмалап жеткізу, психологиялық айла-тәсілдер қолдану арқылы жастардың санасына кері ықпал етеді.

Елімізде экстремизм туралы заң бойын­ша 22 діни ұйымға ресми түрде тыйым салынған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс елде «тіркелмеген діни топтардың дінін таратуға» тыйым салады. Оған қатысты жаза да қатаң. Кінәлі деп танылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам депортациялануы мүмкін. Десек те бұл туралы ranking.kz сайты ұсынған мәлімет көңіл көншітпейді. Ресми дерек бойынша Қазақстанда жыл сайын экстремизм бойынша орта есеппен 61 қылмыстық іс (2018 жылдан 2022 жылғы қазанға дейінгі көрсеткіш) қозғалады екен.

Қоғамды дүрліктіріп, халықтың ­ашу-ызасына тиген, талай жазықсыз жанның өмірін жалмаған лаңкестік әрекеттердің басым бөлігі діни экстремистердің қолымен жасалғанын дәлелдеудің қажеті жоқ. Алысқа бармай-ақ күні кеше елімізді есеңгіретіп кеткен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында да өткір діни мәселелер айқын көрінді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың дені – 35 жасқа дейінгі жастар. Сондықтан жас буынмен жүйелі жұмыс істеудің маңызы артып отыр. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жуырда ғана Астанада өткен кеңейтілген төралқа мәжілісінде діндегі қордаланған мәселелерді шешу жөнінде сөз қозғалып, бірқатар ұсыныс айтылды.

Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осыған байланысты болашақ дін мамандарын ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке баулу басты мақсат болып отыр.

Адамзаттың асыл дініне қара күйе жаққан теріс діни ағымдардың құрығына ілінген жастарды қайта оң жолға салу – негізгі міндеттің бірі. Былтыр Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жат ағымның жетегінде кеткен 1400-ден аса адамды оңалтудан өткізді. Теріс ілімнің арбауына түскен жастармен жұмыс биыл да күшейеді. Басқарма дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту бағыттарына басымдық береді.

Бүгінде статистика мә­лі­меттері бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73 пайызы қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейтінін «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры хабарлады. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Айт­қандай, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіп­тердің туындауына әсер етеді.

Қазіргі ақпарат заманында кітаптар тасқынынан да көз сүрінеді. Бұл ретте дін төңірегінде жүрген жастар не оқып жүр, кімді тыңдайды деген мәселе де өзекті. Осыған орай, медреселерге алаштану, тұлғатану пәндері енгізіледі. Одан бөлек, елдің бірқатар өңірінде студенттерге арналған жатақхана салу жоспарда бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шетелде діни білім алу мәселесін де көтерді.

– Кейде шетелдегі әртүрлі, біз білмейтін, белгісіз оқу орындарына жерлестеріміз кетіп қалуы мүмкін. Соның алдын алу мақсатында Нұр-Мүбәрак университетіне жыл сайын гранттар бөлініп жатыр. Мақсатымыз – шетелден емес, өзіміздің мемлекеттен тегін білім алуға мүмкіндік жасау. Елімізде барлығы 9 медресе бар, сол оқу орындарында барынша өзіміздің жерлестерімізді өз елімізде оқытуға үлес қосып жатырмыз. Бұл медреселерде маман дайындау мәселесі де қамтылуда. Біріншіден, жастар асыл дініміздің қасиетін бойына сіңіруі керек. Мешітте бүгінде әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған отбасыларға түрлі көмек көрсетілуде. Сонымен қатар жастарға діннің тағылымдары үйретіледі, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Діни экстремизм мен терроризм көріністері қылаң беретін қоғамда жастардың жат ағымның жетегінде кетпей, ислам жауһарларын бойына сіңіру үшін берілетін білімнің орны бөлек. Мүфтияттың негізгі жұмыс бағытының бірі де сол – діни білім беру және кадр даярлау. Имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру де аса қажет. Өкінішке қарай, дінге ден қойған жұрт шетелдік азаматтардың насихатын тыңдап жатқаны жасырын емес. Осы орайда «Білімді ұрпақ» жобасы жүзеге асырылады.

Ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жат ағымдарға есікті бекітіп ұстау керек. Оның кең таралмауының тиімді бір жолы – ақпарат-насихат жұмысын кеңірек жүргізу. Осы тұста қоғаммен байланыс бағыты бойынша жұмысты жандандыра түсу үшін ҚМДБ жанынан «Рухани қоғамдық кеңес» құрылады. Бұл бастама жастармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік ашпақ.

Бас мүфтидің айтуынша, теріс пиғылды ұйымдар жақтастарының санын көбейту барысында кез келген әрекетке баруы – шартты дүние. Сондықтан түрлі сенімге адастырып, өз мүдделерінің орындалуын үгіттейтін жат ағымға қарсы жастарды тәрбиелеу маңызды.

«ҚМДБ жастармен тығыз жұмыс істеп келеді. Өйткені жастар – біздің болашағымыз. Бүгінде мешітке келуші жамағаттың дені жастар екені бәрімізге мәлім. Сондықтан жастар ісі секторы­ның жұмысын күшейтуге назар аударып ­отырмыз. Өйткені жастарды түрлі ағымдар мен топтардың жетегіне жібермеу үшін біз олармен тығыз жұмыс жүргізуіміз керек» деді ол.

Республика астанасында да биыл діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша ақпарат-түсіндіру жұмысы жолға қойылды. Нақты айтсақ, Астана қаласының әкімдігі үгіт-насихат жұмысымен айналысатын топ мүшелерінің құрамын бекітті. Аталған құрамдағы 36 адамның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Олар жыл бойы діни экстремизм мен терроризмге қарсы «иммунитет» қалыптастыру, сондай-ақ дін және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат, конфессияаралық келісім мен Қазақстанның дәстүрлі рухани құндылықтары мәселелері ­бойынша қала тұрғындарымен 700-ден аса кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ қазірде түрлі идеологиялық сын-қатер төніп, әсіресе ата-бабамыздың жүрген жолын, мұрасын жоққа шығаратын топтар ентелеп тұр. Осындай кезде діни басқарманың Darhan dala жобасы аясындағы отандық туризмді дамыту бастамасы әлі де өзегін жойған жоқ. Аталмыш жоба ішкі туризмді дамытумен қатар, бабаларымыздың жолын, өнегелі ісін насихаттауға бағытталып, көпшілікті зиярат туризміне баулиды. Сондықтан өңірлерде зиярат мәдениетін насихаттау үшін туристік нысандарға, қасиетті орындарға жамағатты, әсіресе жастарды көбірек қамтып, танымдық экскурсиялар ұйымдастырылмақ.

Діни басқарманың бастамасымен 2020 жылы әлеуметтік жобаларды қаржыландыру, діни ағарту саласындағы іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру мақсатында «Уақып» қоры құрылды. Алланың мүлкі саналатын уақып ісінде аса мұқияттылық қажет. Қор Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ашылады. Осындай қайырымдылық қоры негізінде барлық облыс орталығынан студенттерге арналған мүфтият жатақханалары ашылмақ.

Білместіктен кері ағымдарға еріп кеткен жас сана үшін жүйелі саясат жүрмесе, жат ағымдылардың бірінің беті бері қайтқанмен, өзге бастамашылардың жұмысы бұғатталмаса, бұл үрдіс әлі жалғаса береді. Әуелгі қателік кейін адамның тағдырына айналуы мүмкін. Ізгіліктің шырақшысы саналатын дін қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастайтынын, ал жат ағым жақсылыққа апармайтынын жас буын осы бастан түсінсе екен.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button