Жат ел асқан жалақы
«Қазақстанда жұмыс жоқ, еңбекақы өте төмен» деген сөзді жиі естиміз. Шетел асып, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар да аз емес. Бірақ соған қарап, шынымен де біздің елде жұмыс жоқ, жұмыс табу өте қиын екен ғой дейік десек, біздің елге шетелден келіп жұмыс істеп жүрген азаматтар да аз емес. Базарыңды қыздырып, саудасын жүргізіп тұрған қырғыз, әзербайжан, орыс азаматтарын былай қойғанда, жыл құсындай көктемде келіп күзде қайтатын өзбектер де Қазақстаннан күреп ақша тауып жатыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша Орталық Азияның үш елінің азаматтары Қазақстанда үш жыл ішінде 136 млрд теңге табыс тауып, осы уақыт ішінде өз елдеріне жалпы 1 трлн теңге аударған (Ұлттық банк). Ал былтыр Өзбекстанға шет елдерден түскен ақша аударымдарының көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артып, 14,8 млрд долларға жеткен. Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, қаражаттың басым бөлігі, яғни 11,5 млрд доллар Ресейден түссе, қалған ақшаны Қазақстан ($795 млн), АҚШ ($577 млн), Оңтүстік Корея ($534 млн), Түркия ($405 млн), Ұлыбритания ($135 млн) және өзге де мемлекеттерде жұмыс істеп жүрген өзбекстандықтар аударған.
Gazeta.uz басылымының мәліметінше, 2024 жылдың басында Қазақстанда 196,8 мың Өзбекстан азаматы жұмыс істесе, жыл соңында олардың саны 322,7 мыңға жеткен. Бұған бастысы өзбекстандық еңбек мигранттары Ресейдің орнына Қазақстанды таңдауы себеп болған. Демек, келер жылы да Қазақстаннан ақша тауып, өз еліне ақша аударатын өзбектердің саны да, сомасы да көбейетіні анық. Ал өткен жылы Қазақстанның еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейі (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша) 4,6% құрады. Ендеше, Қазақстанда жұмыс жоқ болса, 300 мың өзбек неге келді және 800 миллионға жуық долларды не істеп тапты? Соған қарағанда, Қазақстанда жұмыс жоқ деп ауызды қу шөппен сүртіп, себепті үкіметтен ғана іздей беру де дұрыс емес секілді.
Қазақстанда қара жұмыс істейтін Өзбекстан азаматтарының көп болуының бірнеше себебі бар: Біріншіден, Қазақстандағы орташа жалақы Өзбекстанға қарағанда жоғары. Екіншіден, Қазақстанда құрылыс, ауыл шаруашылығы, жол жөндеу сияқты салаларда жұмысшы тапшылығы бар. Үшіншіден, өзбекстандық жұмысшылар жергілікті еңбек нарығына қарағанда төмен жалақыға келіседі. Сондықтан жұмыс берушілерге оларды жалдау тиімді. Оның үстіне, өзбек азаматтары жұмысты сапалы әрі уағында бітіруге тырысатындықтан, жұмыс берушілермен тез тіл табысады. Яғни көктем, күз, жаз айларында қамтып ақша табуға күш салатын өзбектер көтеріп алған жұмыстарын күні-түні істесе де тез бітіріп, жалақысын тез алуға тырысады. Қазақтың қара жұмыс істейтін азаматтары секілді таңертең сағат 9-да келіп, жарты сағат киім ауыстырып, жарты сағат шай ішіп уақыт өткізіп, мәдениетті кісі сияқтанып, кешкі сағат 6-да жұмыстан кетіп қалмайды. Жұмысты уағында бітірмей немесе арасында «той бар еді», «Пәлен жұмысыма барып келмесем болмайды» деп апталық жұмысты айға, айлық жұмысты аяқсыз қалдырып жүрген отандастарымыз қаншама? Сосын да жұрттың көбі жергілікті азаматтарды жалдап, дауласып, күтіп шаршағанша, сөзіңді екі етпейтін өзбектерді жалдағанды дұрыс көреді. Демек, «өзбектер арзан істейді», «құрылыс жұмыстарын өзбектер жақсы істейді», «екі өзбек қыруар жұмысыңды тындырып тастайды», «Өзіңде өнім жоқ, өзбексіз күнің жоқ» деген сөздер текке айтылмаған. Құрылыс орындарына, үй салдырып жатқандардың маңайына барсаң, түйтіңдеп бірер өзбек жүреді. Шанхай, Артем, Орталық базарларда сауда жасап тұрғандардың дені – басқа ұлт азаматтары. Ал Қазақстанда өндірілген тауарлар туралы айтпай-ақ қояйық. Керек болса, іш киімге дейін Бішкек пен Бейжіңнің өнімі.
Қысқасы, Өзбекстаннан келген құрылысшылар Қазақстан азаматтарына қарағанда төменірек жалақыға жұмыс істеуге дайын. Олар еңбекқор, тәжірибелі және ұзақ уақыт бойы сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Бұл фактор көптеген қазақстандықтар үшін тиімді. Өзбекстанда құрылыс салу жұмыстары жақсы дамыған, өзбек құрылысшылары тас қалаудан бастап, сылақ, бояу, әрлеу жұмыстарына дейін жақсы меңгерген. Олардың көбісі – осы салада көпжылдық тәжірибесі бар мамандар. Көптеген қазақстандықтар өзбек құрылысшыларының ұқыптылығын және жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауын жоғары бағалайды. Олар клиенттің талабына сай тиянақты жұмыс істеуге тырысады. Жергілікті жұмысшылар көбіне жоғары жалақы талап етеді немесе білікті маман тапшылығы сезіледі. Ал өзбек жұмысшылары саны жағынан көп әрі қолжетімді. Оның үстіне, өзбек құрылысшылары көбінесе таныстар арқылы жұмыс табады. Олардың қызметіне риза болған қазақстандықтар оларды жұмысшы қажет ететін басқа азаматтарға да таныстырады. Осылайша, олардың нарықтағы орны нығая береді. Ал қазақстандық жұмысшылар аз уақыт жұмыс істеп, көбірек жалақы алуға бейім болса, өзбек азаматтары жұмыс ауырлығына қарамастан, көп еңбектенуге дайын. Сондай-ақ бұл жерде тек өзбек азаматтары ғана емес, қырғыз, тәжік жұмысшылары да осы салада белсенді екенін айта кеткен жөн.
Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауының бір себебі де осы. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, шетел жұмысшыларының қалтасы арқылы қыруар қаржы шетел асып жатыр. Сондықтан, бұл мәселеге баса назар аудармай болмайды. Қазақстанда құрылыс саласындағы шетелдік жұмыс күшіне тәуелділікті азайту үшін бірнеше маңызды қадамдарды жүзеге асыру қажет. Ең алдымен, құрылыс мамандарын даярлау жүйесін жетілдіріп, арнайы құрылыс колледждері мен техникалық мамандықтар бойынша оқыту сапасын арттыру қажет. Қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып, жылдам оқытатын бағдарламалар арқылы жастарды құрылыс саласына бейімдеу керек. Мемлекет құрылыс саласына гранттар бөліп, жастарды ынталандырып, жеңілдіктер қарастырса, саланың тартымдылығы арта түсер еді.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ