Басты ақпарат

Жат сана үстемдігі

Геннің тілді жатсынуы ата тек генге ағзалық тілдің жат қимылы, мидың ойлау формасын өзгертеді. Тіл ішкі меннен бұлқынып шығып жататындықтан, ол көз бітелсе, көкіректі көлегейлеп, ішкі сана өзінен-өзі адаса бастайды. Сыртқа ағытылып шыға алмаған әлмисақтық рух лебі адамның физиологиялық қалыбына күйзеліс әкелді.

[smartslider3 slider=1539]

Баланың іштегі 120 күндігінде берілген өз ішкі илахи рухы əуелгі таза қалпында құрсаққа түседі. Бірақ біз сол жан-рух кіре бастаған іштегі нəрестеден бастап өз еркіне, өзінің ата тек генімен таңбаланып келе жатқан ежелгі тілдік, дыбыстық, мимикалық тəрбиелерді берместен, керісінше, құрсақта жатқан жерінен қысымға ала бастаймыз. Əуелгі таза гендік (тектік) өз «мені» туылмастан жат сана соққысын ала бастайды.

Іштегі сəбидің сырт əлемді тыңдап түйсінетінін жəне дыбысты қабылдайтынын бəріміз білеміз. Əуелде туған бала дүниені көріп, естіп қабылдаса, ал іштегі сəби, негізінен, естиді, ақпарат жинай бастайды. Міне, біздің ұлттық тәрбиеде қателік кетіретін жеріміздің ең бір осал тұсы – осы мезгіл. Қазақ «жатырында жаңылған», болмаса «жатырында қағынған» деп бекер айтпаса керек. Жат санаға жауланған ата-ана балаға «тек» генінде таңбаланбаған жат өркениеттің каналдарын осы кезден бастап құйып, жаңағы тап-таза рухани қалыпты бүлдіре бастайды. Іштен санасы бүлініп туған бала ертең орта тəрбиесіне қарай тап-тамаша тəриелі болғанмен, тұлғалық қасиетінен айырылып, ұлттық даралық өзгешелігін, еркін ойын, азат санасын, дегдарлығын жоғалтады.

Рухы қалыбына түспеген бала өзінің не үшін, кім үшін өмір сүретінін түсінбейді. Қазақ үшін болайын, жанайын десе, санасындағы орныққан орысқұлдық сана құрсауынан шыға алмайды. Орысқа түбегейлі кетейін десе, түрі келмейді. Сана ішіндегі рухтар соғысы адам жан дүниесін күйретіп тынады. Не бірыңғай орыстық рухқа, не бірыңғай қазақтық рухқа бағытталмаған соң, екі жағаға кезек малтып шығу жасөспірімге, шынында, ауыр тиеді

Омар Жəлел бір сөзінде «Біз тəуелсіздік алғалы ширек ғасырдың ішінде артынан елді ертетін от ұл тудыра алмадық» дегені бар. Омекеңнің де меңзеп тұрғаны – осы біз қаузап жатқан дүние. Қазақ – ширек ғасыр емес, одан да әрмен ұл сияқты ұлды, қыз сияқты қызды тудырудан жаңылып қалған жұрт. Осы жылдар аралығында қаншама әйел толғатты, қаншасы ұл, қаншасы қыз тапты. Бірақ өкініштісі сол, дүниеге келген ұрпақты туа сала өгейлік – рухани өгейлікке ұшыратып, рухани жетімдікке тастап кеттік. Анау арғы жақта генде ұрып тұрған, лапылдап жанып тұрған ата тектік сананы тұншықтырдық та, орыстық өлшемге сығылған, өңшең тілі басқа, ойы алашұбар, санасы тұман буынды тəрбиеледік. Ал енді мұндай буыннан сен елдікті сұра, даралықты сұра. Қожайын санасының жиып берген ақпарын бетіңе құсып бергеннен басқа не берсін?! «Оты бар» ұл тудыру үшін сəбиді іште жатқаннан басталатын қысымнан азат ету. Іштегі құрсақ әлемінде еркін, өзінде болуы тиіс ежелгі сана дүниесімен тоғысып тәрбиеленуі тиіс, олай болмаса трагедия соңы ұлғая келе, ұрпақтың тума жат саналық болып туу мүмкіндігі артқан үстіне арта беретін болады. Екі-үш атамыз орысша сөйлеп, орысша тəрбие алғанмен, жетпіс жеті атамыз таза қалыбында жарық дүниені кешіп өткенін ескерсек, үміт әлі де бар. Арадағы үзілген екі-үш буын шынжыр қазақты қазақ, елді ел қыла алмасын көрсетті. Сана орнына, қалыбына түссе, лапылдап, гүлдейді. Сондай былғанбаған таза санадағы ұрпақ ел басына келсе, жалтақтық дерттен ада етіледі.

Ендігі жерде есейе бастаған бала өзін бұл қазақ қоғамынан жаттығын сезе бастайды. Іштегі əлгі жат сананың ықпалы осы кезден бастап бала мінезінің тұйықтап, өз қандастарын жат сезіну процесі басталады. Оңашалану, жалғыздықты ұнату, тұйықталу дегендер сүйген ісіне айналады. Оның не үшін екенін ол өзі мүлде түсінбейді. Қалай болса да бұл менікі емес, мен бұлардан басқамын деп мыңдаған, миллиондаған бала жеке-жеке өмірге қадам басады. Əлгі жат сананың илеуіне ұшыраған бала жаттығын, жетімдігін ата-анасы болса да сезінеді. Өзін не үшін тұмшалай бергісі келетінін де түсінбейді. Бұл жалғыздық, бұл жалқылық ұлғая келе суицидке не басқа бейәдеп әдетке үйір болуға алып келеді. Біздегі жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың азаймай тұруының да бір себебі осы жат сана үстемдігінің кесірі.

Рухы қалыбына түспеген бала өзінің не үшін, кім үшін өмір сүретінін түсінбейді. Қазақ үшін болайын, жанайын десе, санасындағы орныққан орысқұлдық сана құрсауынан шыға алмайды. Орысқа түбегейлі кетейін десе, түрі келмейді. Сана ішіндегі рухтар соғысы адам жан дүниесін күйретіп тынады. Не бірыңғай орыстық рухқа, не бірыңғай қазақтық рухқа бағытталмаған соң, екі жағаға кезек малтып шығу жасөспірімге, шынында, ауыр тиеді. Кейбірі осындай ішкі жақтан жарылуға шыдас бере алмай, өзін-өзі құртып тынады. Кейбірі не болса сол болсын дегенге көнеді де, өмірдегі құндылық атаулыны көк тиынға балайтын безбүйрекке айналады. Жеңілтектік, ұшқалақтық, ұятсыздық – бәрі-бәрі бір басқа жинақталады. Алдыңғы бөлімде айттық, өз санасы өзі билеп отырған биологиялық денені аямайды деп. Ол құбылыстан жасөспірімдер де қашып құтыла алмайды. Сол себепті де өзін аямайтын сана тәнді не боққа салады, не өлім сынды отқа салады.

 Жақсыбек ҚАҚАН,

филология ғылымдарының магистранты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button