Мәдениет

«Жатты» кім көрді?

Жақында Ермек Тұрсыновтың «Жат» картинасы «Оскар» киножүлдесіне үміткер фильмдер (әзірге лонг-лист) қатарына енді. Сондай-ақ, оның премьерасы әйгілі Торонто кинофестивалінде көрсетілді. Дәл осы уақытта «Variety», «Hollywood reporter», «Le Screen», «Screen today» секілді ірі киножурналдар «Жат» туралы рецензияларын жарыса жазды.

Фильм жарыққа шықпас бұрын Тұрсынов «көрермендер осы картинаға кіру үшін кинотеатрдың есігін сындырып кірмейтінін жақсы білемін. Өйткені, қазір «Аватар» мен «Трансформердің» дәурені жүріп тұр» деген болатын. Автордың айтқаны айдай келді. Өткен жолы өзінен бұрын даңқы дүрілдеп жеткен фильмді көрмекке кинотеатрға барғанбыз. «Арман» кинотеатрының 39 адам сыятын (ерінбей санап шықтым) қуықтай ғана залында шошайып 7-8 көрермен отыр. Оныңыз аздай, прокатқа шыққанына екі апта толмай жатып, «Жат» жалғыз осы кинотеатрда күніне бір рет қана көрсетілетін болған. Астана мен Алматының қалған кинотеатрлары фильмге көрермен келмегендіктен, оны кестеден алып тастаған. Парадокс! Кезінде «Келінді» тұнған эротика, «Шалды» тәңіршіл деп айыптаған көрермен ашаршылық туралы алғашқы отандық фильмді көруге асықпайды. Фильмнің продюсері Қанат Төребайдан осы мәселеге қатысты ойын сұрағанымызда, «әншейінде «қашан қазаққа қажет кино түсіресіңдер?» деп сөз жүзінде босқа даурыға беретін «ұлтшыл-патриоттардан» сұрау керек мұның жауабын. Олар неге кинотеатрға келмейді, неге отандық киноны қолдамайды? Шынын айтқанда, біз «Жат» фильмінің «Оскарға» ұсынылғанын естіген соң, көрермен көп келеді деп күткен едік. Оны былай қойғанда, «Жат» – ашаршылық туралы алғашқы фильм. Сондай-ақ, ол «Dolby Atmos» дыбыстық форматында түсірілген тұңғыш отандық туынды болатын. Алғашқы күндері барлық кинотеатрда «Жаттың» 4-5 сеансы көрсетілді. Бірақ, көрермен жинай алмады. Сондықтан, прокаттан алынып тасталды. Атақ-даңқына, артынан ерген айғай-шуына қарамастан, Тұрсыновтың осыған дейінгі бірде-бір фильмі прокаттан көп ақша жинамаған. Тек «Шал» ғана екі ай қатарынан көрсетілді».

Бұл пікірін Қанат Төребай бізге бейсенбі күні Ұлттық кітапханада өткен кездесуде айтқан еді. Ол кездесуге кездейсоқ тап болдық. «Перо» қоры Ермек Тұрсыновтың студенттермен сұхбатын ұйымдастырыпты. Еш жерде жарнамаланбаса да, кинорежиссермен тілдесуге тілдесуге келгендердің қарасы көп екен. Тұрсынов «Жат» фильмі өзінің 25 жыл бұрын жазған дипломдық жұмысы екенін айтты. Өзі фильмнің прокат мәселесіне аса бас қатырмайтын секілді. Кинорежиссер бізге киноны не үшін түсіретінін және өзінің көрерменін кім «тартып алғанын» айтты: «Мен попкорнның қытыр-қытыр еткен дауысын ұнатпаймын. Голливудтың түкке тұрғысыз фильмдері, попкорн мен пепси-кола көрерменнің санасын әбден улады. Олардың әсерінің күштілігі сондай, залға кірген адамның миы 2-3 сағат «істен шығады». Бірақ, кинодан шыққан соң, одан не көргенін сұрасаң, баяндап бере алмайды. Сондықтан да, мен жас буынды «попкорн-кинодан» алыстатып, өзімнің туындыларыммен оларды бір сәт ойлантқым келеді, миларына салмақ түсіргім келеді…

Лос-Анджелесте өткен бір шарада маған әлдебір кісіні «Бұл – «Санта-Барбара» сериалының авторы» деп таныстырғанда, мен оған «демек, менің көрерменімді өлтірген сіз екенсіз ғой?!» деп жауап қаттым».

Сондай-ақ, режиссер қазіргі хаос заманында «Жат» арқылы өмірінің соңына дейін өзінің адамдық қалпын сақтап өтуге тырысқан қарапайым кісінің болмысын айғайламай, тыныш қана жеткізуге тырысқанын айтты: «Бүгінгі тоқшылық кезеңінде ашаршылық туралы айтудың өзі қисынсыздау болар, бәлкім? Дегенмен, өтірік, фальш, көшірме дүние көбейген кезде уақытқа бағынбайтын, ешқашан өзектілігін жоймайтын ұлттық материалды түсіргенім дұрыс деп шештім».

«Жатта» Ержан Нұрымбетов, Қуандық Қыстықбаев, Элина Абайқызы, Элина Абайқызы (Қырғызстан), Александр Карпов, Роза Хайруллина (Ресей) секілді әртістер ойнаған. Режиссер бұл жұмысында да балалар мен жануарларды назардан тыс қалдырмапты. Мұнда тіпті ызыңдаған шыбынға дейін «рөл» бөлінген екен. Фильмнің нақты бюджеті белгісіз. Сондай-ақ, «Жатты» түсіруге қаражат берген демеушінің аты-жөні де айтылмайды. Қазірдің өзінде жан-жақтан ұсыныстар түсіп жатқанымен, киногерлер фильмді шетелдік прокатқа шығаруға асығып отырған жоқ. Алдымен, «Оскар» жүлдесінің салтанатты шарасы өтсін дейді.

Айтпақшы, бұл – «Оскардың» тізіміне іліккен Тұрсыновтың үшінші фильмі. Бұған дейін «Келін» 2010 жылғы шорт-листке, ал, «Шал» 2013 жылғы лонг-листке енген болатын.

Роза ӘРЕН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button