Жаңалықтар

ЖАУ БЛИНДАЖЫН ЖАЙРАТҚАН

Карбеков

Ұлы Отан соғысының майдангері Жандарбек Кәрбеков он жеті жасында-ақ майданға сұранған еді.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты Соналы ауылынан аттанған жап-жас жігіт алдымен Ашхабад қаласындағы снайперлер мектебінде оқиды. Он сегіз жасқа толысымен соғысқа кіріседі. Майдандағы жорығы атақты 55-гвар­диялық дивизияның Екінші Белоруссия майданында басталады. Әскери басшылықтан бірнеше алғыс алған гвардия аға сержанты Жандарбек Кәрбеков Белоруссия, Батыс Пруссия және Прибалтиканың елді мекендерін фашистерден азат етуге қатысады. Кеннигсберг қаласы үшін болған қиян-кескі ұрыста сол қолынан жараланады.
Қайсар мінезді қазақ жауынгерінің соғыс кезіндегі ең бір есте қалған оқиғасы 1945 жылдың 29 сәуірі күні Шығыс Пруссияның «Косы Фриш Нерунг» аймағын басқыншылардан азат ету үшін болған шайқас екен. Екі жақтан артиллерия, миномет және пулеметтен оқ бораған атыс барысында взвод командирі ауыр жараланып, басшылық жасауға жарамай қалады. Осы тағдырлы тұста Жандарбек Кәрбеков басшылықты өз қолына алып, взвод жауынгерлерін шабуылға бас­тайды.
Сол қырғында 27 фашистің көзі жойылады. Жандарбектің өзі жау жасырынған блиндажды гранатамен жайратады. Осы шайқастағы ерлігі үшін Жандарбек Кәрбековтың кеуде­сіне 1945 жылы 9 мамыр күні «Қызыл Жұлдыз» ордені қадалады.
Кеудесінде орден-медальдары жарқырап елге оралған Жандарбек Қайдауылұлы еңбек майданында да майталман атанды. Ұзақ жылдар Қорғалжын ауданының шаруа­шылықтарында, Краснознамен ауда­нының Абай атындағы кеңшарда зоотехник болып еңбек етті. Құдай қосқан қосағы Дәмежан екеуі бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары ұяға, қыздары қияға қонды. Майдангердің әулетінен 21 немере, 11 шөбере өрді. Бүгінде олардың бәрі «Батыр Ана» атанған Дәмежан әжелерінің әлдиімен тербеліп, адамзатқа бейбіт өмір сый­лаған Ұлы Жеңіске үлес қосқан Жандарбектей жауынгер аталарының рухына тағзым етіп жүр.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button