Мәдениет

ЖАУҺАР ЖАРҚЫРАЙ ТҮСТІ

DJ3A0932

Ғасырлар қойнауынан, уақыт сынынан сүзіліп жеткен фольклор – ұлттық менталитетіміздің қаймағы. Фольклордан тамыр тартқан, әсіресе, драмалық шығармалар, замана қанша өзгерсе де бастапқы әлеуметтік-философиялық мәнін жоғалтпай әрбір жаңа ұрпақтың ой-санасын қозғап, өмір туралы түсінігіне сәуле түсіріп, әрқашан қоғаммен бірге жасай бермек. Сондай тұғыры берік мәңгілік шығармалардың бірі, сөз зергері Ғ.Мүсірепов қаламынан туған – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу».

Әрине, бұл пьесаның сахналануы жаңалық емес. Бірақ, «Қалай қойылар екен?» деген сұрақ көзі қарақты көрерменді бейжай қалдырмасы да хақ. Оның үстіне, театрдың Әсем Чапайқызы бастаған жарнамашыларының арқасында «қойылым жанры – мюзикл» деп белгіленіп, «Бәйтерек» тобы ұсынады екен» деген дақпырт үйдегі, түздегі жұрттың құлағын көтеріп, қызығушылығымызды одан сайын арттырды. Мюзикл – қазақ көрерменіне таңсық жанр, «Бәйтеректің» талайды сүйсіндірген өзіне лайық аты, абыройы бар. Біз де елеңдеген көңілмен ел аузында «Пирамида» атанып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайына жақындай бергенімізде, қаптаған қарақұрым халық арасынан «билеттеріңіз жоқ па?» деп сұрап та жатқандарды құлағымыз шалды. Жақсы нышан еді.

Көрдік. Спектакль құрылымдарының өзара үйлесім тапқан тұстары баршылық. Алдымен, классик жазушының мәтіні көп өзгеріс көрмеген. Прозада ақ өлең деген бар, инверсиялық ырғақтарға, ұйқасқа құрылады, мәтіннің осы ерекшелігін композитор Арман Дүйсенов дұрыс пайдалана біліпті. Халық әндерінің әуендерін барынша сараң қолданып, басты кейіпкерлердің образын шырайландыра түсу мақсатында бүгінгі жас көрерменнің жанына жақын, жақсы қабылдайтын музыканы – өзінің төл дүниесін орнымен алға шығарыпты.

Спектакльдің сценографиясы да (Б.Бурбаев) сәтті шешім тапқан. Рас, «Астана Операда» қойылған «Біржан-Сара» операсында қолданылған декорацияға ұқсайтын жері жоқ емес. Мәселен, тау етегі, жартас. Алайда, әдеттегідей көшірме болыпты деуге аузымыз бармайды. Дұрысы, идеясын алған, байытқан дегеніміз ләзім. Соның арқасында сахналық шешім спектакль мазмұнын, кейіпкерлердің көңіл-күйін ашуға көмектесіп қана қоймайды, кей-кейде тіпті, тілсіз кейіпкердің тап өзіне айналып та кетеді.

Қатал уақыттың өзіндей осынау қара жартас­ты өркеш-өркеш тау етегінде Қарабай ауылы отыр. Тау баурайы көкорай шалғын, арасында жайқалып өскен қызғалдақ-сарғалдақтар көз жауын алғандай. Қозы Көрпеш, Қодар, ортасында Баян – махаббат үштігінің күресі бас­тала қоймаған кез. Қарабайдың көңілі әзірге тыныш… Кейін ол Қозы Көрпешті алдап, іздесе таппасын деп үдере көшіп, шөл далаға қоныс аударады. Енді төбесінен құс ұшпайтын Бетбақдаланы көреміз. Қуарған қу медиен далада қаңбақ қана ауық-ауық жел айдап, домалап, лағып бара жатады. Махаббат, адалдық, арамдық, өзімшілдік, дүниеқоңыздық додаға түскен сахнадағы оқиға да ширығып, шарт сынар сәтіне қарай жақындай түседі. Әне-міне рухани апат болатынын көрермен сезініп те, түйсініп те отыр. Енді не болар екен? Қашан да спектакльдің финалы режиссер үшін үлкен сын. Көбі жанр табиғатына дәл келетін көркемдік шешім таппай, ақыл-мораль айтумен түйіндейді немесе плакаттық үгіт-насихат торына шырмалып қалып жатады. Мұнда олай емес, көрермен түйсігі алданбайды. Барлық қиындықтарды жеңіп, ақыры қауышып, бақыттан бастары айналып тұрған қос ғашықтың үстінен Қодар биік жартас басынан үлкен бір диірмен тасты құлатып жібереді. Жартасты қопару Қодардың табиғатына лайық әрекет болса, қос ғашықтың бірдей өлім құшуы – жанрдың трагедиялық табиғатына лайық финал. Сөйтіп, сұсты жартас та тап осы сәтте Қодармен бірігіп, тілсіз де қатыгез кейіпкерге айнала қалғандай болады. Көрермен ә дегенде аз-кем ішін тартып үнсіз қалса, іле-шала дүр сілкініп, Қозыны сомдаған О.Жақыпбеков, Қодар роліндегі Е.Малаев, Жантық болған Н.Өтеуілов ойындарынан алған жақсы әсерлерінің жиынтық бағасындай етіп, жан-жақтан шатырлата қол соғып жібереді. Әрине, бұл құрметтің ішінде әртістер Г.Тәжібаева (Баян), А.Бермұхамбетова (Мақпал), А.Нөгербек (Күнікей), Ш.Ордабаев (Жантық-2) қосқан үлестері жоқ емес.

Мюзикл деп ат қойылған соң, хореографиялық билерінің де алар орны мен әсері өз биігінде болуға тиіс. Би бар. Көбіне көпшілік сахнала­рын­­да пайдаланылады. Бишілер, негі­зі­­нен, өнер университетінің студенттері – әр­түр­лі мамандыққа дайындалып жатқан шәкірт­тер, шетінен биші емесі анық, оның үстіне тәжі­ри­бе­сіз, сол себепті синхрондық тұрғыдан қимыл-қозғалыстары біркелкі шықпай, көрерменге тигізер эстетикалық әсерін солғындатып алған тұстары аз болған жоқ. Сондықтан би дене қимылының шын мәніндегі алуан түрлі пластикалық суретіне айналуы үшін балетмейс­тер С.Жолымбаеваның алдағы уақытта әлі де біраз тер төгуіне тура келеді-ау деп ойлаймыз.

Кейіпкерлердің костюмдері (суретшісі А.Сыр­баева) мюзикл жанрына бейімделген әрі жеңіл, әрі тартымды, сонымен бірге, халқы­мыз­дың ертедегі далалық үлгісінен көп алшақтай қоймаған, тамырын сақтаған.

Спектакльде махаббат трагедиясы ғана емес, «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» деп Абай айтқандай, Қарабай трагедиясы да, яғни оқиғаның әлеуметтік-философиялық астары да жақсы ашылған. Егер қызын Қозы Көрпеш алса, Қарабай малынан ғана айрылмайды, тегінен де айрылады, ошағының оты сөнеді. Оның қызымды егер Қодарға берсем, малымды да, тегімді де сақтап қалармын деген алдамшы үміт­ке байланып жүретіні сондықтан. Өйткені, Қодар елі жоқ, шыққан тегі белгісіз біреу, оған кімге, қай ұлтқа сіңсе де бәрібір. Иә, әртүрлі жолмен жанталасып жүріп жиған-терген байлықты өз кіндігіңнен жаралған балаң болмағандықтан кімге қалдырарыңды білмей жанталасу, түтінің өшіп, мал-мүлкіңнің рәсуа боп ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында кететінін ойлау қай за­манда кімге болмасын ең ауыр азап екені даусыз ғой.

«Бәйтерек» тобындағы Н.Өтеуілов, Е.Малаев, С.Қамиев танымал жақсы әншілер болу­мен бірге, Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­мия­лық театрдың белді әртістері де. Өз қарым-қабілеттеріне сенгендіктен де, айтулы пьесаны мюзикл жанрында сахналауға тәуекел еткен. Тәуекел – желқайық, еңбектері жанды. Ойынды үлкен залда бір мезгілде үш мыңнан астам адамның тамашалауы –талапкер жас режиссер Сайлау Қамиев үшін өнер жолындағы зор жетістігі. Шығарма түрін бүгінгі күн талғамы мен сұранысына сай жаңашалап өзгерткенде, оның сырт жарқылын қуалап кетпей, тарихи өзегіне селкеу түсірмегені, ұлттық нәр-бояу нақышын бұзбай сақтай білгені, оның режиссер ретінде келешегінен үміт күтуге болатынын аңғартқандай. Ескерте кетейік, С.Қамиевтің бұған дейін қойған «Қыз Жібек» спектаклінен де біз оның ұлттық рухани құндылықтарға құрметпен қарайтынын байқағанбыз, айтқанбыз.

Осы жерде мюзикл дегеніміз не дегенге тағы бір оралып, энциклопедияға үңілсек, драма, хореография және операның әсерлі бөліктерінің буданы, басқаша айтсақ, музыкалық комедия, музыкалық пьеса немесе музыкалық қойылым деген ұғымдарды білдіретінін көреміз. Демек, арнайы жазылған либреттосы болу керек, мұнда ол жоқ. Сосын әр кейіпкердің өз ариясы болады, басты тұлғалардың арасындағы талас-тартыс та музыка тілімен бейнеленеді, ол жағы да жетімсіз. Сондықтан шығармашылық ізденістерінің сәтті болғанын түйіндей отырып, толық мағынасындағы мюзикл деңгейіне көтеріле алмағанын да жасырғымыз келмейді. Сосын көшіру дегеннен аулақ болу керек-ау. Көшіру шынайы өнер жасаушыға ешқашан опа берген емес. Мәселен, Қодарды тал шарбақтың ішіне байлап қойып әкелу сәті тұтқындалған бүлікшіл Пугачевтің (кинода) дәл осындай пұшайман халін бейнелейтін көріністі қайталайтындай. Бұлай ету іздесең емге бір бұрау шыбық табылмайтын қаңбақ кезген қу медиен құладүздегі далалықтарға мүлде жарасқан жоқ. Одан да жаманы, қос тертелі арбаға ұқсаған сол шарбақты басты кейіпкеріміз Қозы Көрпештің есекше жегіліп сахнаға өзі сүйреп келетіні. Ым, тұспал, қимыл-әрекет дегеннің мағынасы кейде сөзден де артық болатынын ескермеу – қателік. Ал, негізінде ұжым бүкіл құрылымдары: либ­рет­тосы, музыкасы, хореографиясы ұлт­тық тамыр­лардан нәр алған туынды болса, сахнаға жарқыратып алып шыға алатындай қабі­лет­тері барын көрсете білді.

Өтен АХМЕТ,

өнертанушы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button