Мәдениет

Жаулықтарда – ана тағдыры

Астананың боранды кешінде «Құланшы» көрме орталы­ғында «Ана жаулығы» атты ерекше көрме ашылды.

[smartslider3 slider=1178]

Жалпақ жұртқа медиаменеджер ретінде танымал Махаббат Есеннің бұл жобаға келуі – өз алдына бір тарих. Әжесін әлемнің ең әдемі жерлерін ертіп жүріп қыдыртсам деген жоспарын мезгілсіз келген ажал бұзып, арманда қалдым-ау деп жүргенде Лейла Махаттың «Ана жаулығы» атты жобасы туралы естиді. Бұл кезде суретшінің бастамасына үн қосқысы келген қазақстандық қыз-келіншектер бірі анасының, бірі әжесінің жаулығын жолдап, әйел тағдырының сан түрлі ізі бар үлкен жаулық кестелене бастаған болатын. Жүректен шыққан дүниенің жүрекке жететіні рас болса керек, екі жылдың ішінде жобаның ұраны алты құрлыққа тарап, жаһанның түкпір-түкпірінен үн қосушылар табылыпты. Елорданың «Құланшы» көрме орталығында Қазақстан, Вьетнам, Молдова, Буркина-Фасо, Аустрия, Словения, Израиль, Беларусь, Латвия, Армения, Мексика, Әзербайжан, Түркия, Тайвань, Чехия және Үндістан елдерінен қыз-келіншектер өз жаулықтарын жолдапты. Қазір құрақ жаулықта 524 ананың тағдыры, арманы, тілегі, сезімі үйлесім тапқан. Лейла Махаттың ендігі арманы – осы жаулықты әлемнің алты құрлығымен алып өтіп, көкжиегін кеңейту.

Ана жаулығы, бәзбіреулер айтып жүргендей, әйелдің арын сұқ көзден қорғайтын перде ғана емес. Ана жаулығы адам баласына жөргек те болған. Керек кезінде кебіннің де орнын басқан. Ана жаулығы оты сөнген жүректерге жылу да берген. Бірде әйелдің сырласы болып, жасын сүртсе, бірде маңдайдағы терін сүрткен. Бірде майданда қансыраған жауынгердің жарасын таңып, жанына араша болған. Көрмеде қойылған терең ойлы туындылар осындай ой меңзейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button