Қоғам

Жауынгердің жан сыры

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстанда болған соғыс жайлы көп айтылмаса да, Кеңес әскері жауынгерлерінің бастан кешкен қасіреті туралы аз-кем хабарымыз бар еді.

Кеше ғана баспадан шыққан «Қанды көйлек қарулас» атты кітап қолымызға тигенде сол соғыстың тағы біраз ақиқатына қанығып қалдық. Авторы – Ауған қасіретін көрген жауынгердің өзі. Біздің әріптесіміз, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков. Кітаптың кіріспесінде жазылған автордың мына бір сөздері ерекше көзге түсті: «Осы кітапта Ауғанстанда болған алапат соғыс жайлы көңілімнің сыры, жүрегімнің мұңы бар. Біздің жауынгерлердің бастан кешкен қасіретін балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз көрмесе екен… Осы еңбегімді Ауғастанда жүргенде менің амандығымды тілеп, жандарын шүберекке түйіп, алаңдап-елеңдеп жүрген аяулы анашым Қияш пен асқар таудай әкем Қосымжанның рухына арнадым» деген жауынгер-журналист шын мәнінде тебіреніп жазған екен.
Кітаптың негізгі арқауында Ауғанстанда ерлігімен көзге түскен, әскерден кейін жастар арасында әскери-патриоттық жұмыс жүргізген, алайда соғыстың салдары салған сырқатынан жазылмай дүниеден ерте өтіп кеткен қанды көйлек қаруласы Қазбек Абдрахманов жайында жазылады. Сондай-ақ бүгінде ортамызда жүрген майдангер достары туралы да толғанады.
Тағылымды басылымда Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің есімдері түгелдей аталыпты. «Ерлікке мың тағзым!» деген осындай болар деген ойға кенелдік.
Астана қаласындағы «Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь» кітапханасында өткен тұсаукесер шарасына қатысқан майдангер жігіттерге қарап тұрып, Отан алдындағы антына адалдық танытқан жауынгер-интернационалист ағаларға ризашылық білдірдік.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button