ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЖЕКПЕ-ЖЕГІ
Қала күні қарсаңында елордада Халықаралық жауынгерлік өнер фестивалі ұйымдастырылмақшы. Осымен екінші рет өткізілгелі отырған шарада әлемдік жекпе-жектің үздік өкілдері бас қосады.
Дода барысында Қазақстан, Италия, Қытай, Ресей, Филиппин және Жапония мемлекеттерінің шеберлері көрермен назарына 11 дисциплина бойынша көрнекі көріністер ұсынады. Оның ішінде джиу-джитсу, киокушинкай-кан каратэ, қоян-қолтық ұрыс, сумо, таэквандо, муай-тай, вин-чун, қазақша күрес, бразилиялық джиу-джитсу, шаолинь-цюань және пекити-тирсия кали бар.
Биыл сайысқа Вин-Чун Халықаралық федерациясының (IWCO) құрметті президенті Сифу Дональд Мак, Ultimate Fighting Championship қамқорлығымен өнер көрсететін, аралас стильдегі кәсіпқой спортшы Хабиб Нурмагомедов, кәсіпқой ресейлік тайбоксер және кикбоксёр, тай боксынан және кикбоксингтен кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, тай боксынан Ресейдің Еңбек сіңірген спорт шебері Артем Левин сынды әйгілі тұлғалар қатысады. Маңызды бәсекеден отандық спортшылар да тыс қалмақ емес. Еліміздің танымал боксшысы, 2005 және 2007 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, «Астана Арланс» кәсіпқой бокс клубының бас директоры Серік Сәпиев, әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы, кәсіпқойлар арасындағы Таиланд Королі кубогының иегері Дәулет Отарбаев, каратэ мен ММА-ден әлемнің үш дүркін чемпионы, джиу-джитсуден Еуропаның үш дүркін чемпионы Айдар Махметов, сондай-ақ, Қазақстанның джиу-джитсу мен ММА федерациясының президенті Анатолий Ким сияқты кеш қонақтары өз шеберліктерін ортаға салады.