Басты ақпаратМәдениет

ЖАУЖҮРЕК ПРЕМЬЕРА

Режиссер Ақан Сатаевтың шытырман оқиғалы «Жаужүрек мың бала» фильмі бүгіннен бастап қазақстандық көрермендерге жол тартты.
Жаңа киноның желісі жоңғарға қарсы күресте сақа сарбаздармен бірге елін-жерін қорғауға бел буған мың өреннің өжеттігі жөнінде өрбиді. Соның ішінде жаужүрек Сартай батыр өрімдей жастардан құралған жасағын бастап, ту көтеріп, жорыққа шығады. Олар өздерінен қарасы әлдеқайда көп жауға қарсы шауып, қазақтың кең байтақ даласын қорғайды.

Картинада XVIII ғасырдың басындағы «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» оқиғасы, қазақ-жоңғар арасындағы қанды қақтығыс көрініс табады. Қазақтың батыр ұл-қыздарының болмысы бейнеленеді. Фильм соңында жүзжылдық соғысқа нүкте қойылып, қазақ халқының жоңғар езгісінен мәңгілікке азат еткен Аңырақай шайқасы көрсетіледі.
Қиын-қыстау кездерде өз рухы мен болмысын жоғалтпай, ел амандығы мен жер тыныштығы үшін өмірлерін пида еткен ұлы тұлғалар мен жастардың ерлігін мөлдір махаббатпен ұштастырған тарихи фильмге отандық кино және театр актерлері түскен. Олармен қоса, фильмдегі эпизодтық рөлдерге монғол әртістері де қатысқан.
«Жаужүрек мың бала» фильмінің басты рөлдерін де – Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергенов және көрермендерге «Ағайынды» фильмінен таныс Әлия Әнуарбек (Телебарисова) ойнайды.
«Фильм күрделі климаттық жағдайларда түсірілді. Оған түсіруге атсалысқан топ 90 күн ішінде төрт локация мен 11 декорация ауыстырды. Түсірілім 2011 жылы ақпанда Қапшағай аймағында басталды. Көктемде түсіру тобы Шарын шатқалы аумағына, сосын Қапал-Арасанға орналасты. Жалпы республикалық іріктеуге басты және қосалқы рөлдерге түсу үшін 22 мыңнан астам үміткер қатысты. Түсірілім алаңына 500-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен шетелдік BBC World News, Reuters, Time, Screen International, The Los Angeles Times, The Independent, Sight&Sound, London Evening Standard, Hollywood Reporter, Variety сияқты әлемге әйгілі телеарналар мен радио тілшілері келді. Қазақ тарихын бейнелейтін фильм 90 күнде түсірілді» дейді режиссер Ақан Сатаев.
«Ағайынды», «Ликвидатор», «Адасқан», «Рэкетир» фильмдерін жарыққа шығарған танымал режиссердің бұл жобасы қазақ киносының дамуына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз. Бұл туынды бұрын-соңды тарихи жобаларды түсіріп көрмеген киногердің аталмыш тақырыптағы алғашқы қадамы. Әскери-патриоттық толықметражды экшн жанрының элементтері бар көркем фильм бюджеті 12 млн АҚШ долларын құраған.
Басты және жанама кейіпкерлердің костюмдері арнайы тапсырыспен көне бағыттағы үлгімен тігілген. Жоңғар мен қазақ сарбаздары үшін оқа-әшекейлер, қару-жарақтар, сауыт-саймандар мен ат-әбзелдерін отандық шеберлермен қатар, Британия, Қытай, Үндістан, Беларусь компаниялары арнайы жасаған. Тарихи картина шынайы шығу үшін барлық реквизиттер сол дәуірдің сипатында істелінді. Фильм түсіру жұмыстары басталмай жатып, барлық актерлер атқа жайдақ міну, қару- жарақтарды ұстау, садақ ату т.с.с әдіс-тәсілдерден дәріс алған.
Бұл фильм мамырдың 17-сі күні әлемге әйгілі Канн фестивалінің аясында өткізілетін Канн кино нарығы шеңберінде көрсетіледі. Әзірге сыншылар бұл фильм қазақ киносының мерейін асқақтатады деп болжап отыр. Жаужүрек мың сарбаздың батырлығы қазақ болмысын әлемге паш ететін құнды қазынаға айналуына біз де тілектеспіз.

Еркежан КӨПТІЛЕУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button