Жауапсыз борышкер – прокурор назарында

Алименттер мен жалақы бойынша қарыздарды өндіріп алу – бүгінгі таңдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Сот шешімдерін орындаудың нақты тетіктері болғанына қарамастан, кейбір жауапсыз борышкерлер төлемдерден жалтарудың түрлі жолдарын іздестіреді. Бұл мыңдаған отбасының қаржылық әл-ауқатына нұқсан келтіреді. Астана қаласы прокурорының көмекшісі Нұрлан Дәлуұлы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сол туралы толығырақ мәлімет берді.
Астана прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы уәкілетті органдармен бірлесіп, осы саладағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген.
Елорда прокуратурасының қадағалау қызметінің арқасында 320 миллион теңге көлемінде жалақы бойынша қарыз өндіріліп, 160 жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Сонымен қатар алимент төлеуден жалтарған ата-аналардан 2,5 миллиард теңге өндіріліп, 5 мыңнан астам бала алимент алды. Алайда сот актілерін орындау тәжірибесі көрсеткендей, кейбір борышкерлер табысын жасыру мен төлемнен жалтарудың түрлі айла-тәсілдерін қолдануда. Бұл жағдай құқық қорғау органдары тарапынан қосымша бақылау мен қатаң шараларды қажет етеді, – дейді спикер.
Электронды ақша жүйесін пайдаланады
Прокуратура деректеріне сәйкес, алимент пен жалақы бойынша қарыздан жалтарудың кең таралған әдістерінің бірі – электронды ақша жүйесін пайдалану. Тексеру барысында «Simply» электронды әмияндарын пайдаланып, кірістерін жасырған 170 борышкер анықталған. Олардың жалпы қарызы 250 миллион теңгені, ал жасырылған кірістері 350 миллион теңгені құраған.
– Тағы бір әдіс – онлайн-казино мен букмекерлік кеңселер арқылы қаражат айналымын жасыру. 500 борышкер, жалпы қарызы 1 миллиард теңгені құраған, құмар ойындарға 1,5 миллиард теңге жұмсаған. Мысалы, бір борышкер 5,7 миллион теңге қарызы бола тұра, тек бір букмекерлік платформа арқылы 168 миллион теңге айналым жасаған. Сондай-ақ курьерлік қызметтерде жұмыс істейтін борышкерлердің табысын жасыру фактілері тіркелді. Екі борышкер 8 млн теңге көлемінде қарыздарын жасырып, «Wolt» жеткізу қызметінде жұмыс істеген. Бұған қоса, 10 кәсіпкер, 230 миллион теңге табыс таба отырып, 50 миллион теңге қарызын төлемеген. Кейбір борышкерлер мүлікті жалған мәмілелер арқылы жасыруға тырысқан. Мысалы, бір борышкер 14,6 миллион теңге алимент қарызы болғанына қарамастан, Астанадан тұрақ орнын сатып алған. Тағы бір борышкер көлігін сатқанымен, өз балаларына 2 миллион теңге қарызын өтемеген, – дейді Нұрлан Дәлуұлы.
Жалтарған жазасыз қалмайды
Прокуратура сот шешімдерін орындаудан жалтарған борышкерлерді жауапқа тарту жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылы 19 борышкер сотталып, 181 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Астанада 5 млн теңге қарызы бар борышкер сот актісін орындау қажеттілігі туралы талаптарды елемей, «Simply» электронды ақша жүйесінде белгісіз тұлғаға есепшот ашып, осылайша борышкер жасырын табысқа ие болған. Сот оны қасақана төлемеуші деп таныды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді.
– Прокуратура жеке сот орындаушылары (ЖСО) тарапынан өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілерін анықтады. Бір сот орындаушы мемлекетке тәркіленген 300 миллион теңгені иемденген. 2025 жылғы 20 қаңтарда сот оны кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды, сондай-ақ толық соманы қайтаруға міндеттеді. Тағы бір сот орындаушы жалақы қарызы бойынша өндірілген 10 миллион теңгені заңды иесіне аудармай, үшінші тұлғаның шотына жіберген. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2024 жылы 30 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, олардың ішінде дөңгелек үстелдер, акциялар, бейнероликтер әзірлеу және билбордтар орнату жұмыстары жүргізілген. Бұл бастамаларға қоғам қайраткерлері, блогерлер және имамдар тартылып, олар уағыздарында отбасы алдындағы жауапкершілік туралы мәселелерді көтерген» дейді ведомство өкілі.
Ол сөз соңында елорда прокуратурасы алименттерді төлемегені үшін борышкерге әкімшілік жауапкершілік ретінде 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу және қылмыстық жауапкершілік ретінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе сол мерзімге бас бостандығын шектеу қарастырылғанын ескертті.
Райхан Рахметова