Жауһар жырды жүрегінде тербеген
Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты еске алу іс-шарасы өтті.
Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы сәлемін жолдап, Фариза ақынның шығармашылығы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, қазақ поэзиясын дәріптеу бағытында ұйымдастырылған бұл іс-шараның үлкен мән-маңызын атап өтті. Ұйымдастырушыларға аудан басшысының алғыс хаты тапсырылды.
Фариза Оңғарсынованың соңынан ерген ақын сіңлілерінің бірі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова поэзия падишасы атанған Фаризаның өмірден өткеніне 10 жыл болса да, халықтың оның поэзиясына махаббатты суымағанын, өзі де жиі сағынатынын айтты. Ақынмен танысқан күндерді еске алып, Оңғарсынова құбылысы дегенге тоқталды, жырларының тереңдігі, екінің бірі түсіне бермейтін бөлек болмысы, қайраткерлік қасиеті жайлы әңгімеледі. Соның ішінде қазақ тілінде жазылған санаулы заңдардың бірі «Ана мен бала туралы» заңының авторы Фариза Оңғарсынова екенін атап өтті.
«Фариза апайдың әділетсіздікке көнбегенін, әрқашанда тура сөйлегенін халық білді. Сондықтан көп адам одан ығысатын. Шын мәнінде апайдың бойында қазақтың кең, көк майса даласы сияқты бір жайсаңдық, бір жылулық, кеңдік бар еді. Фариза апай қазақ әйелінің, қазақ қызының бойындағы ішкі нәзіктіктердің барлығын поэзияда көрсетті. «Қазақтың қыздары биік болуы керек, парасатты болуы керек, қазақтың қызына екінің бірінің қолы жетпеу керек, қазақ қыздарының құны өте жоғары болуы керек» деп айтып отыратын» деді Елена Әбдіхалықова.
Фариза Оңғарсынова туралы естелік кітапты құрастырған жазушы, журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалықызы Фаризаның журналистік еңбегіне тоқталып, естеліктермен бөлісті.
Естеліктер легін Қазақ радиосының ардагері Күләш Кәйланқызы жалғап, Фариза ақынның «Сағындым» және «Нарын» атты өлеңдерін оқыды. Іс-шараға Фариза Оңғарсынованың немересі Асылан арнайы қатысты. Ол әжесінің өзін қалай тәрбиелегені туралы әңгімелеп, Фаризаның немересі деген ат үлкен жауапкершілікті жүктейтінін айтты, кітапханаға ақынның бір кітабын тарту етті. Ақын, сазгер, күйші, ұстаз Оспан Сүлейменұлы Фариза Оңғарсынова елдің ардақтысы, ақындардың асылы екенін айта келе, онымен кездескен күндерден жарқын естеліктерді жаңғыртты.
Фариза Оңғарсынова тұрақты түрде «Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық фестивалі «Әдебиет» аталымының төрайымы болды. Осы фестиваль арқылы талай жас ақынға шапағаты тиіп, олардың елге танылуына үлкен үлес қосты. Осы ақындардың ішінде Айдын Байыс, Ажар Ерболған, Әліби Манаш сөз сөйлеп, өлеңдерін оқыды.
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері Фариза ақынның жырларын жаңғыртты. Іс-шараны түйіндеген Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева аталмыш жүйе қызметкерлері «Шабыт» фестивалі күндері Фариза Оңғарсыновамен жақын араласқандарын айтып, сондағы оның жас ақындарға, кітапханашыларға қамқорлығы туралы әңгімеледі.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ