Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жауынгер журналистің жұлдызды сәті

Жылдың басында, дәлірек айт­қанда, 1 қаңтар күні дүние есігін ашқан адамдар туралы «олар үнемі алда жүруге ұмтылады» деп бір жерден оқығаным бар-ды. Әріптес інім Ғалымның ауасы таза, шыңылтыр аязы адамды сергітетін нағыз қыс айының бірінші күні өмірге келгенін естігенде осы сөз есіме бірден түсті. Өйткені Ғалекең үнемі жүрген жерінде ортаның сәні, думанның мәні болуға бейім. Өзім деген адамға өзегін суырып беретін пейілімен үлкеннің де, кішінің де тілін таба білетін ақ жарқын, әзілқой жан.

Кейде әріптес­терінің үлкенді-кішілі думанды мерекелеріне арнап өлең шығарып жіберетін сәті де болады. Ондайда тауып айтқан тартымды әзілдеріне риза болып, күлкіден езуімізді жия алмай қалатынымыз рас.

Осы «Астана ақшамында» отыз жылға таяу еңбек етіп, оның ширек ғасырын бас редактордың орынбасары лауазымында атқарып келе жатқан қаламы қарымды журналист әр әріптесінің жан дүниесін терең түсінетіндей көрінеді маған. Жасы кіші болса да онымен әзіліміз жарасады, сөзіміз келіседі. Міне, осындайда жаны жайсаң, сегіз қырлы, бір сырлы дейтіндей жігітпен алғашқы танысқан кезім де еске оралады. Ол 1998 жыл еді.

– Мына жерде Ғалым ­Қожабеков деген журналист отырады. Қазір еңбек демалысында. Ол келгенше, осы орынға сіз отыра тұрыңыз. Кейін өзіңізге дербес үстел беріп, жайғастырамыз, – деді сол кездегі «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан.

Оралдан келіп, астаналық газетке бірден жұмысқа қабылданғаныма риза болып, қуанышым қойныма сыймай тұрғанда, үлкен терезенің алдында орналасқан төрдегі жып-жинақы, ұқыпты үстелге келіп отырғаныма өзімді тіпті жолы болғыш адамдай сезініп кеттім.

Астана қаласының әкімі Жеңіс ­Қасымбек 2023 жылы 1 қаңтарда 60 жасқа келетін «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков пен «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы ­Лариса Увалиеваны құттықтады. Елорда басшысының ыстық лебізін Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов тапсырып, «Елорда ақпарат» ұжымын жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Үстел үстіне көз жүгіртсем, байқаймын, әріптесім заттарын қыздың жиған жүгіндей рет-ретімен әдемілеп текшелеп қойыпты. Басы артық ештеңе жоқ. Бәрі де өз орнында. Осы жерде журналистің қаламмен қатар спортқа да мықты ден қоятыны көзге бірден шалынды. Өзі отырған тұстағы қабырғаға футболдан әлем чемпионатының кестесі мен боксшылардың суретін іліп тастапты. Ішімнен «спорт тақырыбына қалам тербейтін журналист болдың ғой» деп топшыладым. Болжамым дәл шықты. Айтқандай, Ғалекең спорт десе ішер асын жерге қоятын жанкүйерлігі өз алдына, спорт тақырыбының жілігін шағып, майын ішкен нағыз майталман болып шықты.

Ол еңбек демалысынан шыққандағы алғашқы таныс­тығымыз да қызық болды. Алдыңғы күні алған газет тапсыр­масына байланысты сол күні жұмысқа түске таман келіп едім. Орындығыма отырар-отырмастан менен мұнда екі-үш ай бұрынырақ келіп, бойы үйреніп қалған атыраулық Темірхан Рамазанов деген қаламдас:

– Тәке, жаңа еңбек демалысынан жұмысқа Ғалым шығып, орнында сен отырады деген соң «менен аздаған үлкендігі бар екен. Орын менікі демей-ақ қояйын. Бірінші жақсылап танысып алайық, мына мекенжайға ертіп кел» деді деп жымиып тұр.

«Бұл қалай, ыңғайсыз емес пе?» деп әдеп сақтағандай болып едім. Темірхан: «Ғалекең – қолы ашық, керемет жігіт. Осы жердің адамы. Танымайтын кісісі жоқ. Қысылма, артық-ауыс әңгіме болмайды. Өзіміздің жігіт» деді.

Келсек, Ғалекең жақын маңдағы дәмханада үш адамға үстелді жайнатып қойыпты. Емен-жарқын қарсы алып, тіпті алғаш көріп отырған адам сияқ­ты емес, тонның ішкі бауындай араласып, көптен көрмей кетіп, табысқан ескі таныстардай тез шүйіркелесіп кеттік.

Сонда есімде қалғаны өзінің Жалманқұлақ ауылынан бастап, балалық шағы, жастық шағы туралы да біраз сыр шертті. Содан әріптестігіміз жарасып кетті. Бірақ бірте-бірте байқадым, бұл жігіт бір қарағанда мейірлі, қарапайым, жұмсақ болып көрінгенмен, иілгенге иіліп, шалқайғанға шалқайып тұра алатын мінезін аңғара бастадым. Бір-екі рет өз басым жұмыстағы жағдайда да, көшедегі текетіресте де кім болса ол болсын, ойындағысын қорықпай айтып салғанын көргенім бар. Бірақ соның бәрінде өз бетімен біреуге қиянат жасағанын аңдамаппын.

Қазақы ғұрып пен ұлттық құндылықтарды бойына қаршадайынан сіңіріп өскен ­Ғалекең салт-дәстүрге келгенде де жолынан жығылмайтынын көрсетті. Сол кезде «Астана ақшамы» газетіне республиканың он төрт облысынан ылғи «сен тұр, мен атайын» деген журналистері жиналған-ды. Бәріміз де пәтер жалдап тұрамыз. Көп ешкімді танымаймыз. Газет редакциясынан басқа барар жеріміз, басар тауымыз жоқ. Міне, осы сәтте Ғалекең күзде қоңданған бір ту қойын сойып, бүкіл ұжымды үйіне «ерулікке» шақырды. Ауылдарын сағынып, Арқа төсіне әлі бауыр басып кете алмай жүрген «мәмүліктер» сол күні бір жасап, мәз-мейрам болып, ойнап-күліп, көңілдері көтеріліп қалды. «Бұл да көргенді жігіттің жөн білетіндігі ғой» деп сонда газеттің бас редакторының бірінші орынбасары, көрнекті қаламгер Жанболат Аупбаев бәріміздің атымыздан ризашылығын білдіріп еді. Осының бәрі Ғалым замандасымның үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, дос бола білетін қасиетінен бе деп ойлаймын.

Ғалым Қосымжанұлының өмір жолы қарапайым, бірақ ешкімге ұқсамайтын өзіндік сүрлеуімен құнды.

Ол – соғыс ардагері. Ауғанстанда 1981-1983 жылдары дұшмандармен айқасып, талай қанды операцияны бастан кешкен. Кескілескен майданда оқ пен оттың ортасынан аман шықты. Соның айғағындай кеудесінде «Ерлігі үшін» медалі жарқырайды. Қорғалжын өңірінде кіндік қаны тамған, бозбала жігіт шағынан ақмолалық болған Ғалекең кешегі Желтоқсан көтерілісі тұсында осы өңір перзенті ретінде намыс­ты қолдан бермей, азаматтық, ұлтжандылық қасиетін көрсетті.

Қаламы төселген қарымды журналист 1998 жылы байрақты бәсекелерде елінің намысын қорғаған спортшылар туралы «Астана саңлақтары» деген тұңғыш туындысын жарыққа шығарса, кейінірек «Сайыпқыран», «Қанды көйлек қарулас», «Астана ақшамы», «Ұят болады, ұлым!» атты кітаптар жазды. Әсіресе оның Ауғанстаннан кеңес әскері шығарылуының 30 жылдығына арналған көңілінің сыры, жүрегінің мұңы тұнған, сөйтіп, майданда от кешкен қаруластары хақында терең толғанған кітабы ертеңгі күнге естелігімен, келер ұрпаққа ұлағатымен бағалы. Негізі, Ғалым замандасымды еңбектің торысы дер едім, жұмыстан бір жалыққанын көрмеппін. Газеттің отымен кіріп, күлімен шығатын майталман дегеннің өзі.

Тұңғышы Айнаштың балдырған күнінен көркем гимнастикамен айналысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүргенін Ғалекеңнің қуанышынан байқайтын едік. Ұлы Айхан да бала кезінен футболға құмар болды. Қазір жасөспірім футболшылардың жаттықтырушысы ретінде де жемісті еңбек етіп келеді. Ал кенжесі Арлан мектепте оқиды. Ол да апасы мен ағасына еліктеп, спортқа бейімдігін арттырып жүр.

Ғалекең осы кезге тағдырына мойымай, қиындыққа қажымай, тынымсыз еңбектің, қажырлы кайратының арқасында қол жеткізді. Әрине, замандастың жүрген жолы түгелдей тегіс болды деп айта алмаспыз, олай дейтінім, ол екі баласының анасынан ерте айырылған еді. Алайда жігерлі жігіт емес пе, босағасын қайта жаңғыртып, әулетінің ақ жібін үзген жоқ. Тағы бір торсықтай ұлдың әкесі атанды. Міне, осындай ағайынына қадірлі, ортасына сыйлы азаматтың қазір жұлдызды сәті. Ол – немере, жиен сүйіп отырған бақытты ата. Жақында «дүниеге төртінші жиенім келді» деп өзім деген жандармен қуанышын бөлісті.

«Құрмет» орденді құрметті журналистке таяуда «Халық алғысы» медалі берілгені көп нәрсені аңғартса керек. Ал күні кеше еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің редакция­ға өзі келіп, кеудесіне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін қадағаны әріптесіміздің мерейін өсіре түскені сөзсіз.

Олай болса, бүгінде кемел кезеңге келгелі отырған мерейлі жас иесіне осы жанған жұлдызды сәттерің бұдан да жарқырай берсін демекпіз!

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button