Жазасыз қалмайды

«Заң және тәртіп» баяндамасын іске асыру аясында Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен полиция мен жергілікті атқарушы органдар вандализмге қарсы күрес бойынша жұмыстар жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мүлікті бүлдіргені, бұзақылық пен вандализм үшін жазаны қатаңдату қажеттігін мәлімдеді. Оны жүзеге асыру «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша жүргізілуі тиіс.
«Нөлдік төзімділіктің» негізгі қағидаты – барлық азаматтардың мемлекеттегі тәртіп пен қауіпсіздік үшін жауапкершілігі. Көбіне мұндай әрекеттерді азаматтар қасақана, яғни саналы түрде жасайды, өздеріне есеп береді, басқа біреудің мүлкін бүлдіреді. Әрбір азамат кез келген құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауапкершілік көзделгенін білуі тиіс.
Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін барлығы 61 адам жауапқа тартылды, оның 40-ы әкімшілік қамауға алынды, 21 адамға 3 605 440 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мәселен, биыл 9 наурызда елорданың 27 жастағы тұрғыны бөтеннің меншігіндегі шлагбаумды қасақана сындырды. Сот арқылы оған 137 620 теңге айыппұл салынды. Тағы бір жағдайда, 22 жастағы адам мас күйінде аялдама есігін әдейі зақымдады. Ол 15 күнге қамауға алынды. Осындай оқиға 13 наурызда таңғы сағат 05:00 шамасында Ш.Құдайбердіұлы көшесінде болып, 61 жастағы тұрғын мас күйінде «Микс Прайс» дүкеніндегі витринаны әдейі сындырған, ер адам 10 тәулікке қамауға алынды. Әрбір азамат өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, қандай да бір құқық бұзушылықтар, тіпті ең кішісін де жасамауы тиіс екендігіне назар аударылады. Прокуратура елорда тұрғындары мен қонақтарына бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 30 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғатынын ескертеді.