Басты ақпаратРуханият

«Жазған сөз жаным ашып Алашыма!»

Қазіргі мағынадағы қазақтың тұңғыш саяси Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің рухани көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист, түркітанушы, әдебиеттанушы ғалым, ақын, аудармашы, «Қазақ» газетінің (1913-1918) ұйымдастырушысы әрі бас редакторы, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны Ахмет Байтұрсынұлы (5.09.1872-8.12.1937) қазіргі Қостанай облысы Сарытүбекте дүниеге келген. Архив деректерінде А.Байтұрсынұлының өз қолымен толтырылған халық комиссариатының қызметі «Жауапты қызметкерлер» анкетасындағы: «Сіздің өміріңіздің басты мақсаты?» деген сауалға «бүкіл ғұмырым құлдыққа түскен қазақ халқының қажетіне қыз­мет ету» деп жауап берген өзінің әдемі жазуымен.

Әкесі Байтұрсын Шошақұлы беделді, әділетті кісі болған. Ағайынды Байтұрсын мен Ақтас ел қамы үшін Яковлев деген Ресей патшасының жергілікті уез бастығына қарсылық көрсеткендері үшін бас бостандығынан айырылып, 1885 жылы Сібірге 25 жылға жер аударылады. Өзінің күрескерлік жолға түсуіне осы оқиғаның тікелей әсері болғанын ақын Ахмет Байтұрсынұлы «Анама хат» өлеңінде:

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар

бір жарам.

Алданып тамағыма оны

 ұмытсам,

Болғандай жегенімнің

бәрі харам.

Адамнан туып, адам ісін

 етпей,

Ұялмай не бетіммен көрге барам?! деген.

Біздер дүниеден өткенді қайғы ретінде көреміз. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш саяси элитасы үшін «не бетіммен көрге бару» басты адамдық мәселе болған.

Әкесінің інісі Ерғазының тәрбиесінде болған Ахмет бастауыш білімді Ыбырай Алтынсарыұлы негізін қалаған қазақ мектебінде алып, 1891 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіреді. 1896-1907 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уезінде ауылдық және болыстық мектептерде мұғалім болып қызмет атқарады. Білім беру жүйесімен патшаның отарлау кезінен таныс болған ғалым осы саладағы қажеттілікті толықтыруды қолға алды.

А.Байтұрсынұлының қазақша Әліппе жасауы – араб таңбалары негізінде ұлттық әліпбиге реформа жасап, өзгеріс енгізуі, қазақ тіл білімінің терминдерін алғашқы болып қалыптастыруы және оның негізгі салаларын: дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін (грамматика) тереңдей зерттеп, бірнеше оқулыққа арқау еткен еңбектері қазіргі тілтану мен жалпы түркологияның негізгі іргетасы болып табылады

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ елінің тарихында білім мен ғылымға бетбұрыс жасаған бірегей ғалым болды. 13 жасар жасөспірімнің көз алдында әкесі мен ағасын 25 жылға Сібірге айдаған отарлаушы биліктің қорлығын көрген Ахмет Байтұрсынұлы – Алаш партиясының рухани жетекшісі бола білді. Ленинмен бірнеше рет кездесіп, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қажетті мемлекеттік шекараны Мәскеуде (26.08.1926) бекіткен саяси істің басы-қасында да болған саясаткер.

Әуелі ресей патшасы, кейін уақытша Өкімет пен советтік билік кезінде де ғалым – қазақ революциялық комитетінің мүшесі болып (1919), қай билік болса да өз ұлтына қызмет етуді тоқтатпаған бірегей тұлға. А.Байтұрсынұлы өзі құрған Қазақстан халық комиссариатының Академиялық Орталығының жетекшісі (1921), бұл қазіргі мағынадағы тұңғыш білім министрі, қазіргі Абай атындағы университеттің профессоры болды. Өзі – қуғын-сүргінде жүріп әр ғылым саласындағы қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтардың жазылуын басқарып, оларды мектепке енгізіп кеткен ұлт ұстазы. Алаш саяси элитасы – ана тіліміздегі тұңғыш оқу құралы мен ғылыми-зерттеулер жазып қазақ тіліндегі ғылыми дискурс­ты 100 бұрын қалыптастырып берген ғалым.

Ахметтанушы М.Әуезов: ­«Ахмет Қостанай уезіндегі ­Әулиекөл деген жерде екінші рет оқытушы болған» дейді. Ал Ілияс Байтұрсын жоғарыда аталған еңбегінде А.Байтұрсынұлы XIX ғасырдың соңында Аманқарағай ауылында мұғалімдік қызмет атқарғанда тұрған пәтері Александраның (Бадрисафаның) ата-анасының Әулиекөл жағасында орналасқан үйі болғаны, осы елді мекен тұрғындары ұстаздың құрметіне көлдің атауын «Мұғалімкөл» деп өзгерткен дейді.

А.Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның шын аты – Александра Иванқызы Журавлева. ҚазКСР Жоғарғы Сотының 25.06.1990 жылғы 12.118 нөмірлі «Ақтау туралы анықтамасында» Б.Бадрисафа 1878 жылы Орал өңірінде туған. Бадрисафа аталуына онымен некелескенде Ахмет Байтұрсынұлының жарын мұсылманша оқытып, мұсылманша есім таңдап алуы себеп болған. Ілияс Байтұрсынұлының «Алтын бесік» (Қостанай, 1998) атты кітабында Бадрисафаны Ахметтің туыстары «ақ келін» деп атағаны, бұл атауға оның алтын мінезі себеп болған дейді: «бадрун» арабшадан «толған ай», ал «сафа» «кіршіксіз таза». «Бадрисафа жеңгемнің арқасында бойыма күн санап әл бітіп, бірте-бірте адам қатарына қосылып, құлан-таза сауығып алдым. Аллаға мың да бір алғысымды айтып жүрдім-ау… Бадрисафа көрікті еді. Мейірімді еді. Мұсылманша киініп жүретін. Намаз оқитын. Жұмсақ, майда сөйлейтін. Ахаңды «төрем» деу­ші еді».

1896 жылы Ахаң мен Бадрисафа Қарқаралыға келеді. Қарқаралыдағы күндері тарих парақтарынан белгілі. Ұлт ұстазының бұл қалада атқарған қоғамдық қызметі туралы толық мәліметтер тарихшы М.Құл-Мұхаммедтің «Алаш ардагері Жақып Ақбаев» атты зерттеуінде қамтылған. Осы кітапта: «Байтұрсынов 1909 жылғы 1 шілдеде тұтқынға алынып, түрмеге қамалды. А.Байтұрсыновтың зайыбы Бадрисафа Байтұрсынова Дала генерал-губернаторына телеграмма салып, онда А.Байтұрсыновтың Қарқаралыда қамауға алынып, Семейге жөнелтілгенін, түрмеде отырғанын хабарлаған. Ол А.Байтұрсынов жөнінде партиялық негізде қазақтар жалған айып тақты деп санаған еді. «Енді күйеуіме «қырғыздарды өкімет орындарына бағынбауға итермеледі» деген айып тағылып отыр дейді. Осындай ауыр айып тағылғанына қарамастан тергеу осы кезге дейін жүргізуге кірісілген жоқ» (ҚР ОММ. 64-қ., 5832-іс. 51-52-п.). Ол тергеу жүргізудің тездетілуін, ал егер оған негіз жоқ болса, оны қамаудан босатуды сұраған. Алайда телеграмма: «Босату туралы өтініш қабылданбасын» деген бұрыштама соғылды» делінген.

Анама хат өлеңі осы Семей түрмесінде жазылған. 1905 жылы Қарқаралыда қабылданған Петицияда тұңғыш рет отарланған қазақ халқының саяси әлеуметтік құқықтары талап етілген еді. А.Байтұрсынұлының: «Қош, сау бол, Қарқаралы жуылмаған, Айдай бер, қалса адамың, қуылмаған» деп басталатын өлеңі – осы кезеңнің айғағы.

1910-1917 жылдары Орынбор қаласына жер аударылып, бақылауда жүрген А.Байтұрсынұлы отарлау саясатының озбырлығына, ұлттық құндылықтардың жойылуы, қазақтың діні, тілі, ділінің қорлануына қарсы нақты істердің басында болды.

Қазақты «қырғыз» деп атаған заманда Ахмет Байтұрсынұлы өзі құрған «Қазақ» газетін «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бас редактор ретінде сол кездегі мектептегі ана тіліндегі білімді қалыптастыруды қолға алып, замандастарының басын қосып, оқу-ағарту, ұлт, жер, тіл мәселелерінің ұлттық тұрғыда шешілуіне бас болды.

Бұл газеттің қазақ ұлттық тарихында алатын орны қандай деген сауалға жауап іздегенде, М.Әуезовтің 1923 жылы жазған пікірі алдымыздан шығады:  «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығына жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш.

Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде, менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген ескегі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезе-тұғын.

Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын».

А.Байтұрсынұлының қазақша Әліппе жасауы – араб таңбалары негізінде ұлттық әліпбиге реформа жасап, өзгеріс енгізуі, қазақ тіл білімінің терминдерін алғашқы болып қалыптастыруы және оның негізгі салаларын: дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін (грамматика) терең зерттеп, бірнеше оқулыққа арқау еткен еңбектері қазіргі тілтану мен жалпы түркологияның негізгі іргетасы болып табылады.

А.Байтұрсынұлының ғылыми еңбектері: тұңғыш ғылыми мақаласы 1895 жылы «Тургайская газетаның» №39 санында «Киргизские приметы и пословицы»; 2.Тіл құралы. 1-бөлім. Фонетика; 3. Тіл құралы. 2-бөлім. Морфология; 4. Тіл құралы. 3-бөлім. Синтаксис; 5. Әдебиет танытқыш; 6. Баяншы, методикалық жазбалар; 7. Тіл жұмсар. 1-бөлім. Практикалық грамматика; 8. Тіл жұмсар. 2-бөлім. Практикалық грамматика; 9. Оқу құралы (балалар әліппесі); 10. Әліппе; 11. Сауат ашқыш (ересектер әліппесі); 12. Әліппе-істер (Әліппеге методикалық нұсқау); 13. Оқу құралы (хрестоматия) (Т.Шонановпен бірге) сол кездің википедиясы деуге болады. 14. Ер Сайын; 15. 23 жоқтау;16. Мәдениет тарихы.

Алаштың көзі Жайық ­Бектұровтың Әлімхан Ермеков­тен алған мәліметі бойынша Ахаң Мәскеуге Ә.Бөкейханға тағы бір кітабын жіберген. Екінші данасы Бадрисафада қалған. Осы кітаптың тағдыры белгісіз. Бұл М.Әуезов 1923 жылы жазған күні бүгін табылмай отырған «Мәдениет тарихы»: қалың қара көк кітап, атауы ортасында алтынмен жазылған. Бұл еңбек еш кетпей, басқа біреулердің атымен жарияланып, халық мұрасына айналды деген болжам бар.

Казнаркомпростың ғылыми-әдістемелік кеңесін басқарған ұлт ұстазының тапсырмасымен Отаншыл көзі ашық, көкірегі ояу Алаш зиялылары қуғын-сүргінде жүріп, түрмеде отырып мектепке оқулықтар жазуды іске асырды: Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология» (1923), Мағжан Жұмабай «Педагогика» (1922), Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» (1927), «Новый аул: Русский букварь для казахских детей» (1929), Х.Досмұхаммедұлы «Казахская народная литература», М.Дулатұлы «Есеп құрал», Ә.Ермеков «Ұлы есеп құралы», Е.Омаров, Т.Шонанұлы т.б. әр саладағы оқулықтардың авторлары.

А.Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сапалы білім алуын іске асырған әдіскер ұстаз. «Ана тілі» деген терминді де өзі ұсынғанын біз ұмыттық.

Ар сөзінен басталатын А.Байтұрсынұлының «Әліпбиі» мен «Оқу құралы» – тұңғыш Әліппеміз шет елдегі қазақ диаспорасы күні бүгін пайдаланып келе жатқан емле. А.Байтұрсынұлының араб таңбаларын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бағындырып берген жүйелі графикасы 1911 жылдан қолданысқа еніп, 1924 жылы ресми қабылданған. Өзге түркі халықтары (өзбек, башқұрт, татар, түрік.) оны тұңғыш үлгі ретінде қабылдады. Ана тілі жазуының реформаторы енгізген, араб жазуының таңбалары негізінде жасалған төте жазу Әліппесі – шет елдегі диаспорамыз (Европа, Қытай, Ауған, Иран, Түркия) күні бүгін қолданып келе жатқан графикасы. Олар осы төте жазумен тек сауатын ғана ашып қоймай, кітаптарын шығарып, Тик токқа да шығып келеді.

Бүгінгі біз қолданып келе жатқан лингвистикалық атаулар мен парадигмалар А.Байтұрсынұлынікі екені айтылмай, қолданылып келді.

Отанына, ұлтына, еліне адал қызмет еткен, ғылым мен білім саласының дамуына нақты үлес қосқан, тіл мен әдебиетті ұлттың тарихымен бірлікте қарастырған ғалым А.Байтұрсынұлы еңбегінің мемлекет тарихында алатын орны айрықша екені туралы 26 жасар замандасы М.Әуезов 1923 жылы былай депті: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран, «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916-жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын».

Ұлт ұстазының «Көшпелі һәм отырықшы норма» (1913) мақаласындағы мына сөздері: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар! Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан ерген Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!» бүгінгі бізге қалдырған аманаты.

Адамдық диқаншысы

қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға

шықтым.

Тұқымын адамдықтың

 шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құл

халықтың.

Бұл сөздерде Ұлт ұстазы ұрпаққа аманат еткен ұлттық кодтың қуаты мен көзі тұр.

Бұл – «Тар жол, тайғақ кешіп», сіз бен біз үшін жанталасып әуелі ресей патшасы, кейін совет үкіметімен алысып жүрген кезде шыққан жан сөзі. Әр адам адамдықтың диқаншысы бола алады деген бұл сөздегі ұлттық код – бүкіл адамзатқа айтылған аманат.

Алаш саяси элитасының ақталғанына биыл 34 жыл болды. Біз әлі «Оян, қазақ! пен «Ел бүгіншіл менікі ертең үшін!» дегенді елемей келеміз. «Құтты біліктегі» ақыл сөзді заманға сай нақтылап берген бұл сөздерде бүкіл адамзатты қазіргі рухани дағдарыстан шығаратын Ақжолтай ақыл амалы тұр. Бұл – шет елдегі студенттерімнің пікірі.

Әркім өзгерісті биліктен, не басқа біреуден емес, әуелі өзі адамдықтың диқаншысы болудан бастау қажет екенін ұлт ұстазы жүз жыл бұрын өзінің көрген қасіретімен дәлелдеп бізге танытып кеткен. Алаш ғалымының біз сөз еткен еңбектері қуғын мен айдауда, түрмеде жазылған.

Әр сөзі, ісімен Алаштың рухани қолбасшысы бола білген Ахмет Байтұрсынұлы 65 жас өмірінің жартысын қуғын-сүргін, айдау мен түрмеде өткізсе де қаншама іс тындырып үлгерген?! Бүгінгі Тәуелсіз елдің ұрпағы – біз «Жазған сөз жаным ашып Алашыма!» деп айта аламыз ба?

Айгүл ІСІМАҚОВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button