Басты ақпарат

Жазғы мектеп қажет пе?

Елордада оқушылар 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектепте білім алады. Жазғы мектепке 9 және 11-сыныптың оқушылары емтихан тапсыратын болғандықтан қатыспайды. Ал мұғалімдер 56 күндік демалысқа тек жазғы мектептен кейін ғана шығады.

[smartslider3 slider=2797]

ҚР Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағамбетов жазғы мектепте үлгерімі төмен балаларға көңіл бөлу керегін айтқан еді.

– Үлгерімі төмен балаларға көп көңіл бөлуіміз керек. Бізде әдетте талантты, дарынды, үлгерімі жақсы балаларға көп көңіл бөлінеді. Ондай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызық екені түсінікті. Алайда бұл жағдайда басты назар үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс, – деді ол.

Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Жазғы мектеп» жобасына қарсылық білдіріп жатқан ата-аналар бар. Олар 20 күндік жазғы мектеп білім деңгейі төмен оқушылардың мәселесін шешпейді деп есептейді. Керісінше, бала демалыста уақытын еркін өткізуі керек деген пікір айтылды. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, жазғы мектепке баланы қатыстыру міндетті емес.

– Балаларды жазғы мектепке апару керек. Өйткені біз карантин кезінде бір жарым жылдай қашықтан оқыдық. Сол кезде кеткен олқылықтарды түзетуге осы жазғы мектеп бағдарламасы көмектесер еді. Жазғы мектеп кезінде еңбек, дене шынықтыру сияқты пәндер болмайды. Тек физика, химия, математика секілді негізгі пәндер оқытылады. 1-8 және 10-сынып оқушылары жазғы мектепке жіберіледі. Ал 9 және 11-сыныптар мемлекеттік емтихан тапсыратыны себепті жазғы мектеп бағдарламасына қатыса алмайды, – деді Білім басқармасының басшысы.

Жазғы мектептегі оқу дәстүрлі форматтан өзгеше болады. Оқушыларға баға қойылмайды, үй тапсырмасы берілмейді. Ал мектепке қатыстыруды ата-ана өзі шешеді. 62 жастағы елорда тұрғыны Әмина Далапованың айтуынша, бір ай демалыста балаға сабақ оқытқызу ауыр болады.

– Қарап отырсам, бізде қажетсіз оқытылатын пәндер өте көп екен. Негізі, мектеп бағдарламасын қайта қарау керек деп ойлаймын. Екі немерем бар. Біреуі 3-сыныпта, екіншісі 10-сыныпта оқиды. Былтыр бастауыш сыныптағы немеремді қатыстырдық. Өзіне қатты ұнамады әрі шаршап жүрді. Биыл да жазғы мектепке қатысса, тек бір-ақ ай демалады. Себебі жазғы мектеп маусымда аяқталса, тамызда мектепке дайындықпен жүреміз. Онсыз да 9 ай ауыр сөмке арқалап, қиын оқу бағдарламасынан шаршаған баланы қайта мектепке қатыстыруға аяп отырмын, – деді әжесі.

Жазғы мектепте тек қосымша білім алмай, шығармашылықпен айналысуға да мүмкіндік қарастырылған. ­Нұр-Сұлтан қаласы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Қаламқас Қабдырашитқызының айтуынша, ұстаздар жазғы мектепте ойын-сауық материалдарын, тест тапсырмалары мен шығармашылық сипаттағы дидактикалық материалдарды көптеп қолданады.

– Жазғы мектеп балалардың жазғы демалысын ұрламайды. Себебі үш айға емес, үш аптаға ғана созылады. Жазғы мектепте барлық оқушы оқуға міндетті емес. Үш апталық оқуға балалар тек ата-анасының өтінішімен қабылданады. Сабақ кестесі бойынша күн сайын 2-3 сабақ болады. Себебі жазғы мектеп бағдарламасында шектеу мен міндетті сабақ жоспары жоқ. Бізге баланың болмысын зерттеу өте маңызды. Қашықтан оқуда мұны бақылау қиынға соқты. Кей оқушы ашық, пысық боп келеді. Ойын ашық жеткізеді. Ал кей оқушы сәл тұйықтау болуы мүмкін. Оған ойлану үшін, пікірін жеткізу үшін көбірек уақыт және қолдау қажет болуы мүмкін. Сондықтан баламен бетпе-бет отырып жұмыс істеу, дәстүрлі форматта оқыту да маңызды. Ұстаздарға жазғы мектепте сабақ беру ауырлық салмайды. Себебі онсыз да маусым айында көпшілігі жұмыста болады. Сондықтан оқушылар үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де жазғы мектеп өте пайдалы деп айтар едім, – деді Қаламқас Қабдырашитқызы.

Көпбалалы ана Жадыра Алпысбаева болса бұл жобаның ұнағанын айтты.

– Қалалық Білім басқармасы таратқан хабарламада оқушылар жазғы сабақ кезінде театрлар мен музейлерге баратыны, яғни мектеп сыныбындағы сабақпен шектелмейтіні туралы жазылған. Менің 4 балам бар. Оларды мұндай мәдени жерлерге апару маған ауыр тиетіндіктен, осы тұсы ұнап тұр. Оның үстіне, жазғы мектеп уақыты бір айға толмайды. Үйде гаджет құшақтап отырғаннан қайта ойлары сергіп, жаңа ақпарат алмасып қайтады деп ойлаймын, – деді көпбалалы ана.

Психолог Алмагүл Қырау­баева оқушылар демалыс­ты өзіне арнау керек деп есептейді.

– Оқушылардың жыл бойы алған білімін қорытып, сіңіретін уақыты болуы керек. Демалыста олар өзін дамытуы қажет. Баланы ұзақ оқыту да дұрыс емес. Бұдан мұғалім де шаршайды, оқушылардың энергиясы да таусылады. Мәселен, күніне 6 сабақ оқыған бала алғашқы 3-4 сабаққа дейін белсенді болады. Сабақ соңына қарай ақпарат алуы төмендей бастайды. Әлемдегі елдерге еліктегеннен гөрі бала психологиясына мән берген дұрыс. Оның үстіне тек негізгі пәндер ғана оқытылады. Оны 9 ай бойы сабақтан шаршаған бала қабылдай ала ма, соны қадағалау керек. Ал сабақтан соң мәдени шараларға апарып, рухани демалыс ұйымдастыратындары өте жақсы екен. Бірақ бала өзге қырын дамыту үшін арнайы уақыт арнауы қажет, – дейді психолог.

P.S: Әлем елдерінде оқушылардың демалысы да, оқу бағдарламасы да әртүрлі. Мысалы, Дания мен Чехияда оқушылар жылына 11-12 апта ғана демалса, Болгариядағы мектептер 14-19 апта аралығында демалады. Ал Түркия, Украина мен Ресей оқушылары демалысқа 18 апта арнайды. Жазғы мектепке баласын қатыстыруәр атаананың өз еркінде. Ал үш аптаға созылатын жазғы мектептің нәтижесі жаңа оқу жылында белгілі болады.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button