Жазғы мектеп қызығы таусылмайды
Елордалық балалар үшін М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайындағы жазғы мектептің екінші ауысымы өтіп жатыр. Шығармашылық мектептің атмосферасын білу үшін біз де барған едік.
Біз барған кезде балалар жас бойынша әрқайсысы топқа бөлініп, сабақ өтіп жатты. Үйірмелердің атауы да, сабақтары да ерекше. Балалардың ерекше ықыласын көріп, біз де қызығып кеттік. Оқушылар сарайы директорының орынбасары Айымгүл Жабаеваның айтуынша, биыл жазғы мектеп бойынша 300 бала қатысып отыр.
– Бірінші ауысымда 153 бала қамтылып, 86 бала тегін қатысты. Ал екі ауысым бойынша 300 баланы қамтып отырмыз. Мұнда әртүрлі үйірмелер бар. Атап айтсақ, робототехника, қолөнер, бейнелеу өнері, домбыра, баскетбол, ағылшын тілі, шахмат және бассейн бар. Бұл үйірмелер аптасына екі-үш рет болады. Бұдан бөлек, спорттық квест, театр қойылымдары өткізіліп тұрады. Оған балалардың қызығушылығы жоғары, – деді директордың орынбасары.
Балалар 8 топқа бөлінген. Әр топта 16-17 бала бар. Үш ересек адам, яғни әдіскер мен екі тәлімгер топқа жауапты. Астана гуманитарлық колледжінің студенттері тәжірибеден өтіп, тәлімгер болып жүр.
– Мектеп жұмысы 9:00-де басталады. Балалар таңертең жаттығу жасап, би билейді. Осылай сергітіп аламыз. Себебі жаз уақытында балалардың ұйқысы қанбай, шаршап қалуы – қалыпты жағдай. Бұдан соң әрқайсысы өз кестесі бойынша сабағын өтеді. 40 минут сабақ, 10 минут үзіліс беріледі. 11:00-де балалар тамақтанады. Содан кейін басқа үйірмелерге қатысып, 13:00-де барлық сабақ аяқталады. Сабақтың барлығы екі тілде өтеді, – деді Айымгүл Жабаева.
Жазғы шығармашылық мектепке 6-11 жастағы балалар қатысып жүр. Көпшілігі әлеуметтік осал топтағы отбасы мен балалар үйінен келіп отыр. 4 жыл бойы демеушілік жасап жүрген «Ақниет» қоғамдық қорына мектеп ұйымдастырушылары дән риза. Себебі жоғарыда аталған балалар мектепке тегін қатысып отыр. Сондай-ақ мектепке ерекше қажеттілігі бар балалар да қатысқан. Олар балалармен бірге оқиды, шығармашылықпен айналысады.
– Бізде, үйірмелерден бөлек, арнайы 50 минуттық сахналық қойылымдар өтеді. Бұл балалардың сахнада өзін-өзі ұстауы, ашықтығына әсер етуде. Себебі ата-аналар тарапынан осындай пікір естіп қуанып жатырмыз. Тіпті кейбір балалар қайтадан екінші ауысымға қатысып жатыр, – деді Айымгүл Жабаева.
Тамақтану әлеуметтік осал топтағы және балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін тегін. Ал ақылы келушілерге – 5000 теңге. Балалардың қауіпсіздігі үшін әр кабинетте және ғимараттың барлық жерінде бейнебақылау камералары орнатылған.
– Бізде басқа аймақтан келген балалар да бар. Шектеу болмаған соң қатыстыра береміз. Тек медициналық анықтама әкелсе болды. Ата-аналардың ризашылығы ерекше. Жазғы мектепті келесі жылы да жалғастырамыз деп отырмыз, – деді Айымгүл Жабаева.
№73 мектептің 4-сынып оқушысы Асанәлі Жеңіс екі ауысымға да қатар қатысып келеді.
– Маған жазғы мектептегі шахмат, домбыра, ағылшын тілі үйірмелері ұнады. Мұнда көптеген достар таптым. Іс-шаралардың барлығы ерекше. Әсіресе квесттегі атмосфераны айта алмаймын. Басқаша көңіл күйде боламыз. Былтыр мектептегі лагерге қатысып едім. Биыл одан да күшті болып жатыр, – деді Асанәлі.
Жыл сайын келетін Полина да мектептегі тәлімгеріне бауыр басып қалғанын айтты.
– Мұнда информатика, ағылшын тілі, домбыра үйірмелерінде жиі уақыт өткіземіз. Сондай-ақ қолөнермен айналысамыз. Ал квестте түрлі тапсырма орындап, достармен керемет уақыт өткіземіз. Тәрбиешілеріміз өте жақсы адамдар, тек арасында ұрысып алады. Бұл жерді жылылық пен мейірімнің ордасы деп атар едім. Қатты жақсы көретінім сондай, бес жылдан бері қатысып келемін, – деді Полина.
Астана халықаралық университеті педагогикалық колледжінің 2-курс студенті Дариға Қанафина бір ай бойы тәлімгер болып жүр.
– Мұнда шаралардың барлығын өз идеямызбен ұйымдастырамыз. Таңертеңгі жаттығуда билеп, ән айтып, көңілді өткіземіз. Үйірмелердің әрқайсысына балалармен бірге қатысамыз. Лагердің ерекшелігі – барлығы бір ғимараттың ішінде орналасқан. Аптасына 2-3 рет квест өтеді. Әр жұма сайын мерекелік іс-шара өткіземіз. Келесі жылы волонтер болып келу ойымда бар.
Бейнелеу өнері үйірмесінен сабақ беретін Алмагүл Сансызбай да балалармен уақыт тез өтетінін айтты.
– Балалар сурет салуға көп қатысады. Олардың жасына, қызығушылығына байланысты сурет саламыз. Көбінесе қиялындағы бейнені, яғни еркін форматта салдырамыз. Түрлі түсті қарындаш қолданады. Сондай-ақ қолөнермен айналысамыз. Уақыт тез өтіп кетеді. Шығармашылықпен айналысқанда баланың жан дүниесі ашылады.
Жазғы мектептің бірінші ауысымы 30 мамыр-10 маусым аралығында өткен. Екінші ауысым маусым айының соңына дейін жалғасады. Мұндағы ерекшелік үйірмелердің шығармашылық және спорттық бағытта өткізілуі деп айтар едік.
Айзада Жайыққызы