Басты ақпарат

ЖАЗУШЫ. ГЕОЛОГ. ДӘРУІШ

«ШЫҒЫС ПЕН БАТЫСТЫҢ МЕЖЕСІ МЫНАУ ДЕП КІМ СЕНІМДІ АЙТА АЛАДЫ? ДҮНИЕ БӨЛІНБЕЙДІ» – ІЛИЯС ЫСҚАҚОВТЫҢ ПРОЗАСЫНДА КЕЗДЕСКЕН БІР КӨРКЕМ ҺӘМ МӘРТЕБЕЛІ ОЙДЫҢ ҰШЫҒЫ ТҰҢҒИЫҚҚА ТАРТАДЫ.

ШІРКІН, ГЕНЕТИКА ҒЫЛЫМЫН БЕС САУСАҒЫНДАЙ БІЛГЕН АТАҢ ҚАЗАҚ НЕТКЕН ҒҰЛАМА ЕДІ: «ЖАҚСЫДАН ЖАМАН ТУСА ДА, ЖАМАННАН ЖАҚСЫ ТУСА ДА, ТАРТПАЙ ҚОЙМАС НЕГІЗГЕ» ДЕП КӨЗЕП АЙТҚАНЫ – СОНЫҢ АЙҒАҒЫ!

 Ілияс Халитұлы Ысқақов (1937-1997) ата тегі жағынан Абайдың туған інісі Ысқақтың шөбересінен туады. Әлемді бөліп-жармай, кеңістікті біртұтас көріп тұрғаны, ақсүйектік дүниетанымы тегіне танбай тартқаны емес пе! Бұл-дағы қанмен берілген, Абайдан айнымай жұққан ырыс. Көкжиекпен шектелмес сана берген бір құдай. Ал көзі қарақты жұрттың бәрі біледі: 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы Абай өлеңдерін алғаш бастырды, ол Ілиястың арғы атасы.

Ілияс Ысқақовтың «Ақын жүрегі» атты жинағының шекесінде –эпиграфында: «Ұмытылмас Абайға, Құнанбайдың ұлына» деп жазылған. 1937 жылы атылған Ілияс Жансүгіровтың есімін Москвадан білім алған Халит Архамұлы қайтпас қайсар рухын танытып, аңдуыл НКВД-дан қаймықпай Құлагердей мерт болған хас жүйрік ақынның жаназасын жоқтағандай, асыл рухын өлтірмей жаңа туған ұлына қояды. Әкесі жер аударылған шешендердің бірнеше отбасын құтқарады.

Ілияс Ысқақов – Ленинградтың В.Плеханов атындағы тау-кен ин­ститутын бітірген, жер жиһанды жаяу кезген геолог. Қаныш Сәтпаев қазақта тыңнан жол салған қиын һәм таңсық ғылымның соқпағымен жүруі оның жазушылық болмы­сына мол олжа салғаны анық. Ол шығармаларын орыс тілінде жазған. Қазақ оқырмандары мен жазушыларының Ілиясты көп біле білмейтіні содан.

Геологтардың қандай оқымысты келетініне оның мына бір әңгімесінен үзінді куә: «Геологтар қызық халық – олардың әрқайсысы біздің және шетелдің классикасын оқып үлгерді деп сана. Ол кезде жақсы достар сияқты кітап та көп бола­тын» (Илияс Искаков. «Сердце поэта», 203-бет). Ол мамандығын шын сүйіп, қыр-сырына қанық. Тайганың үстінде самолетпен ұшып келе жатып, қияндағыны көзі шала­ды. «Қанаттың астында мүлгіген ит тұмсығы өтпес қалың тайга мен көлдердің ағараңдаған дақтары. Өзендер қалай күшті шиырлайды! Геологияда былай айтады, олар қартаю сатысында болған соң, міне сондықтан бұралаңдай ағады. Ал бір кезде жас болғанда, арнасы толық тұнып аққанда, өзендер тура жолмен жүретін – арынына сенімді, күшті сулар». Жазушы тундра­ны «Әппақ үнсіздік» деп қалай дөп атаған! Сондай-ақ, жазушыда «геологиялық ақыл» деген тіркес кездесетіні тегін емес.

«Ұзақ жылдарғы экспедициялық жұмыста мен заңдылықты байқадым – пайдалы кен орындары тап бір адамнан тығылады. Кен іздеп жүріп геолог жатын орнынан тым алысқа ұзап шығандап кетеді. Оның өзімен-өзі өмір сүріп, жападан-жалғыз жұмыс істеуіне тура келеді». Артынша жазушы тәжірибелі шал­дардан естігенін айтады: «Кенді мылқау тастар, жылан мен құзғын жайлаған, солмайтын гүл шөбі өскен жерден іздеу керек». Қатер, қауіпке толы геологтың ғұмырын сүрген Ілияс тұнық мұңды ойшылдығымен баурайды.

Орыс әдебиетін кей орыстан артық біліп, сол мәдениеттің қазығынан табылса да, Ілиястың жаны қазақ жазушы екенін қолтаңбасы айғақтайды. Ол тундрадағы мезетін, оның тәуліктің қай мезгіл екенін күзде ажырата алмастай бұла, тұмса табиғатын сол қалпы суреттейді. Жер жаралғалы тап осылай мүлги тұнжыраған тундра, сірә. Шыңғыстаудан шыққан қазақ баласы айдала Баренц теңізінің лебін сезініп, табиғат сұлулығын ша­шау шығармай шебер қайталайтын суретші натуралист сияқтанады. «Бірақ көктен бір таңғажайып сәуле тарайды» («Но какое-то дивное излучение идет от неба»). Ол солтүстік шұғыланың дәл астында жүр. Көк тәңіріге табынған көктүріктің ұрпағы, оның аспаны әрдайым нұрлы. Қаз қанатының сусылын құлағымен әрі жанымен сезініп отырған қазақтың қанында, отқа, қозға сағыныш барын жазуынан көру қиын емес. Неліктен екені тағы аян, ол әлсін-әлі этнонимдік тартылыс құдіретімен қаз бейнесіне қимастықпен айналып соғып отыра­ды. Поляр өңірдің өзге құсы құрып қалғандай, қазға көбірек елжірейді.

Жазушы стилінің дәлдігі мен географиялық жер бедерін сүюі айқын. Оқырман қасына еріп, қатар жүргендей әсері бар, білгірлігі тәнті қылады. Мен ежелден географиялық атаулар, топонимдерді сүйіп оқитын қауымнан едім. Топонимдер – өмірден әлдеқашан өтіп кеткен адамзаттың көркем түйсігі мен өсиеті, әрі тарихтың бейсана ағымын таңбалаушы жад, әлдебір ғарыш пен жер астасқан код! Деректілік – көркем прозаның ұшар қанаты. Оның прозасынан жалғыздығы мен тектілігі үнемі байқала береді. Барша тірі жан иелеріне, жанды табиғатқа сүйіспеншілігі орасан. Бір деталь: геологтардың отрядында Вадим атты механик-жүргізушінің шалажансар құрдың жүнін жұлған сәтін бейнелеуінде адамшылық ниеті анық. Мынау қатігездіктен жүрегі жаншылған ол жан күйзелісін табиғатқа аудара суреттейді. Қиын жолдан шаршап келген топ асқа қарағысы келмей қалады және әлгі адамнан дереу құтылады. Вертолет шақырып, Вадимді демалыс деген сылтаумен үлкен жерге қайтарады, оның енді геологтар ортасына қайта оралуға құқы жоқ.

Ілияс Ысқақовтың прозасында геология дәрістері тұнып тұруы заңды, жер жынысын, кен орын­дарын зерттеуі көш бастардай. Әрі шығармасының елең еткізер көркем ерекшелігі осында жатыр. Автор минералогия, палентология, ономастика, география, геодезия мен топонимиканың поэтикалық құдіретін оқырман санасына сіңіруге тер төгеді. «Шатырда үшеу: Владик – геоморфолог, Володя – геофизик және мен – геолог». Демек, Ілияс геологиялық карта жа­саумен шұғылданып жүрген ғалым болғандықтан ғылымсыз қалам тарт­пайды деген сөз. Мұз қабаттарында, атам заманғы геологиялық шөгінділерде, полярлық жер-суларында жазушының табаны баспаған пұшпақ жоқ тәрізді.

Ілияс солтүстіктің халық әнін қастерлей қайталайды: «…Ақ қанатты аққулар Терістікке ұшады, / Олардың нәзік қанаттары аязды күйдіреді» (Орысшадан жолма-жол аударма менікі – А.К.). Аққу-қаз сағыныш сазындай сезілері, жыл құстары сахараға – туған жеріне ұшқандықтан. Ол көшпелі нәсілдің тұяғы ғой, ежелгі ғұндар, сақ ата-бабасындай көшіп-қонып жүруге әбден көндіккен, мейлінше дағды алған. Бұхар жырау «Жар басына қамалып, / Жарты лашық тігерсің» деп жырласа, ол жар жастанып, тас төсенген, ұйқы келсе қара тас мамықтай болған ауғақ тіршілік адамы­на айналған. Ілияс Ысқақұлы жолдастарымен құладүзде ылғи қос тігіп, ошаққа мосы ілгендей асын пісіріп отырғаны, кезбелікпен күн кешкенін мына кітап айғақтайды. Үлкен жерге жету үшін бұл экспедициялық топ жұмалап бұзылған күн райының оңалуын тосып жатады. Өркениетті тіршіліктен бейдауа қорғану тәрізді; жабайы тірлік романтикасынан бұрын қыр соңынан қалмайтын қайғыдан бас сауғалап, жан сақтар астары әсте жоқ емес. «Нәлет біздің жүріске!» деп Махамбет жырға қосқан жүрістен жұққан шер сағымданар. Жаһан кезген жүрісінде жыл он екі ай сандалма­мен күн кешкен жазушының жан аза­сы, құса-наласы, тұншыққан айқайы бөгіп жатыр. Өйткені ол үкімге кесіліп, қуғындалған, жалқы емес, тұтас бір ұрпақтың басына түскен жаланың құрбаны, сондықтан ол бейбіт күнде итжеккенге өз еркімен аттанғандай әсері бар. 1937 жылы халық жауы деп атылғанның біреуі менің атам Кемелбай, ішінде шері мен кегі кеткен қазақтан туған не­мере болған соң мұндай назаны мен ұқпағанда кім ұғады. Бұл Ілияс Ысқақұлы тұлғасының өзім жазбай таныған абстракция мен абсурдты өмірбаяны, қайғысының іш қалыбы.

Ақтабан шұбырындыда, Сырдан ауғалы Шыңғыстауды иен жайлаған тобықты руының ырғызбай атасының басына осы ауғақ, екіталай күн, қуғын-сүргін совет үкіметімен қоса туған екен. Елсізде жалғыз шоқиған, дұшпаны қуып жетіп, көздеп атып, асыл сүйегін құр құдыққа тастатып, 30 жыл жатқан Шәкерім атасының жазмышын еске салатын мезеті. Ырғызбай әулетінде еркек тұқымын тұздай құртқан сұм заманның нәубетіне не дейсің?! Қазақ халқын қынадай қырған ашаршылық кезеңі, «халық жаулары» деп оқыған қазақты тегіс аулаған өлара. Абайдың нақ өз кіндігінен тараған тұқымнан бірен-саран ер кіндігі қалса, оның өзі орыстанып кеткені рас. Репрессия қазақтың ең текті тұқымдарын ес жиғызбай жойды, құртты, қорлық шеккізді. Міне, сана түйсігінде жазықсыз қуғындаудан запы болған, әкесі Халит Архамұлын халық жауы деп екі мәрте соттаған соң, көкірегіне шер тұнған бір ұрпағы өз еліне табан тіреуге құлықсыздай сезіледі. Айдалада қаңғып жүргені артық, сірә. Бәлкім, мынау сыған тірлік азаттықты қайыра иемденудің бір жолы – геолог болып еркін жүру шығар. Кім білсін.

Трагедия. Тектік нышан. Құлан құдыққа құлағанда құрбақа айғыр болған кездің уыт-ызғарын жадтан өшіре алмау. Ностальгия Ілиястың әр жолында тығылулы, зарыққан аңсар бар. Ол арғы атасы азулы шон­жар Құнанбайдың күшті уақытын ұйқыда жатып сезінердей: «Мен ұйқыда жатқанда тіпті тебемін. Ендеше қорықпаңыз» дейді ол иен далада қоналқада, шатырда жатарда қасындағы серігіне. Шынжыр балақ, шұбар төс аталары тебісіп өткен, дұшпанына есе жібермеген. Оның жыр-талайын қазақтың маңдайына біткен ғұламасы, классик жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» ро­ман-эпопеясында суреттеп кеткенін білеміз.

Мен ойласам, Ілиястың ана тілінде жазбағаны өкінішті. Абай мен Шәкерімдей классиктермен аталас, құнарлы тіл иелерінің жас өскін бір бұтағы бола тұра, ол заманның кесірі меңдеп, қоғамының ығымен, қаланың заңына бойсұнып, өз тіліне жат болды. Жеріген жоқ, мәжбүрлік көндірді. Орысша білмейтін қазақ күнін көре алмайды деген қағида берік қалыптасты. Тепсінісіп кел­генде кем болмау үшін бұл жол таңдалды. Қаладағы қазақтар жап­пай тұтылуға шақ қалды. Бұл ұлттық қасірет. Бірақ оның прозасын оқып отырып, ол рухымен қазаққа бөгде, жат болды деп айту нағыз күнә. Шет­ке шығындауының өзі оның адасқан қаздай қаңқылдаған жан дауысын ұқтырмай ма!

Шпицберген мұздақтарына таяу, арктикалық шөлде, бір қиян ит өлген жерде, Баренц теңізі маңында жүріп, ол сол тауда өскен шыршалардан Алатаудың кескінін көзге елестетеді, отанын ұмыта қоймайды.

Ілиястың жазушы ретіндегі басты ерекшелігі, батыс әдебиетінде дамып кеткен, француз Бодлер, орыс Иван Тургенев негізін қалаған өлеңдегі проза – «стихотворения в прозе» жанрын қазақ топырағына әкелуі. Осы ақ өлеңнің прозадағы хас шебері Жүсіпбек Аймауытовтың роман-повестері, асыл мұра тыйымда тығулы кез. Ілиястың қысқа жазылған лирикалық, философиялық сарындағы әңгімелері осы жанрдың табиғатын толық ашады. Ол тұстас қазақ жазушыларынан мұндай жанрды, құсни сарынды өз басым ешкімнен кездестірмеген тәріздімін.

Ілиястың кітапты сүйіп оқып, оның кейіпкерлерімен сырласаты­ны анық. Бұл жағынан ол шынайы жазушы бейнесіне тән мәңгі Дон Кихоттықты растайды.

Оның тастары сөйлейді. Кен орындарын іздеу – кәсібі. Геолог­тар асыл тастардың неше атасын, қилы атауларын тау жыныстары­нан табады: «…қан-қызыл гранит дәндерін салқын суда жуып қойды, алмаздардың серігі». Мағынасыз егжей-тегжейлі суреттеу кейде шаршатады, бірақ Ілиястың тырбиған аласа қайыңдар өсетін өлкенің мүкті жер қойнауының қастерлі тастарының сырын шебер әңгімелеуі өзгеше. Ол тастарды қиялында да көреді. «Тундра тегіс, жазықтана көрінетіні алдамшы көрініс». Осы­ны жазушы көзімен көрген соң айтпай ма! Тундра жұмсақ, жа­сыл бұйра, аңсарлы көрінері туу алыстан. Жаратылысы тылсым. Асқақ, сұлу, текті, кезегенге оңай алдырмайды. Тиіп тұрған жерде адасып өлу оп-оңай. Тегінде мұндай қаңғыбас, тұрмысқа қолайсыз, салпаңдаған өмірге көп жұрттың жаны шыдас бермейді. Талайы бір жұмадан соң құрылыққа кері қайтады. Тіпті геолог мамандардың ішінде жұмысын тастап қашатындар бар. Қаптаған маса, су стихиясы, иен, жаз-қыс демей далада түнеу, жалғыздыққа әбден көндігу оңай емес. Романтикасы тек айтарға ғана, әйтпесе қатал табиғат құбылуларына ысылмай болмайды. Бірақ жазушы кезбеліктен айни қоятын- дардың санатынан емес. Ол Қиыр Шығыстың тазалығын, пәктігін, адамдарының рухының тазалығын сүйеді. Қозғалыс күшінде өмір тұр. Оның философиясы осы. Еске Шәкерім атасының «Жаралыс басы – қозғалыс» деген өлеңі оралады. Ілияс бар бейнеден, тас мүсіндерден тіршіліктің бұла күштерін таниды. Қиыр Шығысты кезіп жүргенде туған жерінің жоталарын, жусан­ды даласын сағынып жүреді. По­ляр түнінде бабаларының көшпелі тұрмысын аңсайды. Сарыарқаны, Делбегетейді, Алатауды, Құланды жазығын, Шыңғысты құс жолына, түнгі жұлдыздар шоғырына қарап ойлап отырады. Ғарыш құсының қанатының астынан ұйықтап жатқан дөңгеленген ауылдарды көреді. Бақсы туралы жиі толғайды.

Азаттық сүйер ерлердің өмір салты. Бостандықты шын қалайтын жандар бұған бейім. Өз еркі өзінде, бұғаусыз, қыспақсыз, жалған мінезсіз тірлік. «Дегенмен, бізде, шамасы, бәрі сондай – өзінің жеке басының өміріне немқұрайлылар».

«Саған, жалғызға, мынау орасан зор тілсіз жартастардың арасында жеңіл һәм беймаза, үрейлі» деп жазады Ілияс «Жыланның жүрегі» атты әңгімесінде, және жан дүниесін кеулеген жалғыздығын ештеңеге селт етпес жыланның жүрегіне теңейді. Ол өзін бұл үнсіздік өлі емес деп жұбатады. Шыңғыстауын, анасын жалбыз бен жусан, тау-тасты есіне алып қамығып толғайды. Мұнысы Абай атасының «Сегіз аяқ» атты өлеңіндегі жалғыздықтың ишарасын, күйігін, кіл надандықтың арылмас сорын қайталап тұрған тәрізденді. Абайы бар елдің хакімнің ықпалынсыз кетуі мүмкін емес.

Жартасқа бардым,

Күнде айқай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас – бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

Ол Семей полигонының уытын, атом бомбасы жарылған алапат­та аң-құсы жылаған біздің киелі өлкеміздің, бөгделер менсінбейтін ұлы даланың қасиетін, қалаға қоныстап, тегінен жаңылған қазақтардың тоғышар тіршілігін ұғады. Ана тілін ұмыта бастағанын өзі уайымдайтын Ілиястың қос жарылған сана ағымында Рос­сия мен өз елі кезек ағатыны қайран қалдырады. Қазақтық таза сақталмаған күйге ел тұтылған. Қазақтың оқығанының енді орыссыз күні жоқ. Сөйте тұра жазушының ұлттық сезімі күшті: «Ат тұяғын естисіз бе. Бұл Құрманғазы. Бұл мені құтқару үшін жүйткіп келе жатқан оның жылқыларының дүбірі…». «Менің әкем тірі болса осынау ежелгі, әлі тыныштықты білмеген Жерде есі ауысқандар мен кемтар­лар болмас үшін ол Семей ядролық полигонын жарып жіберер еді, құртар еді». Әкесінің азаматтығын ұлы аса биік бағалайды! Тұтас бір өктем империяға қазақ қарсы келеді деп тайсалмай айтады, байқайсыз ба?! Ол патшалықтар құриды, тек ақын жүрегі өлмейді деп жазды.

Ілияс Ысқақовтың стиліне прозаның қысқа жанры: үзік-үзік фрагменттік, нобай, қарызданған сюжеттерді өзінше жазып шығу, ақ өлең тән. Өтірікке, қысыр қиялға, даңғазаға жоқ проза қысқаны сүйеді. Дегенмен бұл оның кемшілігі де, қиық-қиық тілінгендей жаралы өмірінің тұспалы. «Өмірді бағаламайды. Құстай еркін қалықтап өмір сүрді. Тәкаппарлығы да құс сияқты» деп жазды ол бір танысы туралы, шынтуайтында өзіне де ұқсап тұр. Жетімдігі. Дала кезіп үйренген Ілиястың жүрегінің ақтық соғуы сол туған даласында тоқтайды.

P.S.

Ілияс Ысқақовтың «Ақын жүрегі» атты кітабы туралы жазуды маған республикалық «Абай» қорының басшысы Балташ аға аманаттады. Қазір іздеушісі болмаса көркем әдебиеттің мұңы қалың. Екі мәрте саяси репрессияда сотталған ардақты әкесі Халит Ысқақов туралы естелігінде Ілияс Семейдегі мемлекеттік Абай мұражайы тұрған үйде, атасы Архам­мен тұрғанын жазады: «…ал аулада менің үш атадан қосылатын ағам Балтабек Ерсәлімов анасы Қапизамен тұрды. Ол менен сәл үлкен болған соң мені тоқпақтап алатын. Сосын бәрібір қайта құшақтайтын».

Қазақ «түбі бірге түтпейді» деп айтады. Қазақтың аруақты сый­лайтын, арғы тегін ойлайтын қасиеті өшпейді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button