Басты ақпаратМәдениет

Жазушының «Жарық дүниесі»

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында көрнек­ті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Жарық дүние» атты шығармашылық кеші өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері, қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері,  белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер жұртшылық, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Германия, басқа да мемлекеттерден келген қонақтар қатысты.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың қаламгерге жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті Роза Қажығалымқызы! Сізді мерейтойыңыз­бен құттықтаймын! Өзіңізді отандастарымыз қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Көп жыл бойы ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып келесіз. Қаламыңыздан шыққан тартымды туындыларға заманның үні, қоғамның тынысы және адамдардың жан дүние­сінің асыл қасиеттері арқау болды. Сіздің қолтаңбаңыз­да қайсар мінезді абзал ана, қайраткер әйел бейнесін жасаудағы суреткерлік шеберлігіңіз анық байқалады. «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым» және басқа драмалық шығармаларыңыз театр сахнасында қойылып, көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Алдағы уақытта оқырмандарды жаңа туындыларыңызбен қуантып, жұртшылықтың сый-құрметіне бөліне беруіңізге тілектеспін» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сенат спикері өз тарапынан қалың оқырман Роза Мұқанованы жазушылықты бәрінен биік қойған және жазуды бақыт санап, кие тұтқан суреткер ретінде танитынын атап өтті.

«Сіз сезімтал және сырлы шығармаларыңызбен әдебиетсүйер қауымның жүрек төрінен орын ала білдіңіз. Ұлт әдебиетінде, қазақ руханиятында сіздің орныңыз ерекше» деген Мәулен Әшімбаев бұл тойды тек жазушының ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің, қазақ театрының тойы деп атауға негіз барын айтты.

«Қаламгердің «Жарық дүние» деген атпен басылып шыққан алғашқы жинақтарының бірі қалың оқырманның олжасына айналып, көпшіліктің жоғары бағасын алды. Содан бергі уақытта жазушының қаламынан туған «Дүние кезек», «Құдірет кие», «Шатыр астындағы мен», тағы басқа кітаптары төл әдебиетіміздің алтын қазынасына айналды. Жалпы Роза Қажығалымқызының шығармашылығында әйел образы, әйел бейнесі айрықша орын алады. Тіпті, біз Роза Мұқанованы әйелдің күрескерлік табиғатын ашқан жазушы деп те айта аламыз. Бұл ретте «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Фариза», «Бопай ханым» сияқты пьесаларын ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі қазақ драматургиясын дамытуға қосылған үлкен үлес екені анық» деді Сенат төрағасы.

Ол аттары аталған шығармалардың көбі бұл күндері елордада қаламгердің мерей­тойы аясында өтіп жатқан халық­аралық театр фестивалінде көрсетіліп жатқанын еске салды. Соның ішінде көпшілік көрерменнің сүйікті драмасына айналған «Мәңгілік бала бейненің» шоқтығы биік екенін атап өтті.

«Расымен солақай саясаттың зардабын тартқан Ләйләнің тағдыры ешкімді бейжай қалдырмайды. Бұл туынды – жай пьеса емес, дәуір шындығын қамтыған, ұлттың мұңын, қасіретін ашық көрсеткен, халқымыздың сол кезеңдегі күйін жеткізген жанайқай. Сондықтан мұндай шығармалар ешқашан ескірмейді. Жалпы Роза Қажығалымқызының әр шығармасынан өзінің болмысы, мінезі, рухы сезіліп тұрады. Бұл, әсіресе жазушының драматургиясынан анық байқалады. Ұлттық киноиндустрия саласында да Роза Мұқанованың өз қолтаңбасы бар. Бұған жазушы шығармалары желісі бойынша түсірілген көркем фильмдер айқын дәлел. Құрметті Роза Қажығалымқызы! Сіз қаламгерге тән талғампаздықпен жазушылық парызыңызды адал атқарып келе жатқан, сол арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленген жансыз» деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикері Роза ­Мұқанова туралы айтқан кезде жазушының жұбайы, қабыр­ғалы қаламгер Әкім Таразиге де тоқталмай кету мүмкін еместігін атап өтті.

«Әкім ағамыз Роза жеңгеміздің өмірі мен шығармашылығына үлкен серпіліс әкелген тұлға десек, қателесе қоймаспыз. Алдағы уақытта да бір-бірін толықтырып, шабыттандырып, жаңа шығармалар жазуға жетелеген қаламгерлер отбасы ретінде сіздерді айрықша құрметтейміз. Осы орайда жарының шығармашылықпен айналысуға бар жағдайды жасап, қолдау көрсетіп келе жатқан Әкім ағамыз­ға да айрықша алғысымызды айтамыз» деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Шығармашылық кеште жазушы туындыларынан үзінділер көрсетілді. Атап айтқанда, «Сарра», «Сен», «Фариза» драмалары, «Мәңгілік бала бейне» қасіретнамасы мен «Бопай ханым» тарихи трагедиясынан әсерлі көріністер ұсынылды. Бұл сахналық сценаларды Сая Тоқманғалиева, Гауһар Жүсіпова, Нұркен Өтеуіл, Жәнипа Хасенова, Жанат Чайкина, Әділ Ахметов, Ләйла Бекназар-Ханинга, Сырым Қашқабаев секілді танымал әртістер орындады. Кеш ән-би, күймен көркемделді. Талантты әнші Өзгеріс Шерікбай Абай Құнанбайұлының «Татьянаның хатын», Жұбаныш Жексенұлы халық әні «Шәпибай-ауды» әуе­летті. «Гәкку» жетігеншілер ансамблі «Балапан қаз» халық әнін, Алмат Сайжанов Ықылас­тың күйін орындады. «Гүлдер» би ансамблі «Қуаныш думан» және «Сырласу» билерін биледі.

«Осы мерейлі жастың бір асуына келген сәтте сіздермен жүздесудің, осындай бір мезеттің сәті туды. Мен ең әуелі әдебиетке алғысымды айтамын. Содан кейін менің досым, менің жарым, менің Әкім Таразиіме рақмет айтамын. Жазу тазалықтан туады, ақиқаттан туады. Жазу шын мәнінде жалған айтпайды. Жазу үстінде Алланың алдында отырғандай сезінетінің де рас. Сондықтан көңілдеріңізден шыққан шығармаларым болса, мен ең алдымен өздеріңізге қадірлі оқырман, патша көңіл көрермен сіздерге рақмет айтамын» деді кеш соңында ­сахнаға көтерілген Роза Мұқанова.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button