Тағзым

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАНБИКЕ

IMG_9488

Қазақ халқының ұлттық өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан алғашқы драма, опера театрының негізін салушы актер, музыкант, жазушы-драматург еліміздің алғашқы режиссерінің бірі Жұмат Шанин еді. Бірақ, біз бұл мақалада кеңестік жүйенің жазықсыз құрбаны болған Алаштың азаматы Жұмат туралы емес, оның жан жары, қазақ театрының алғашқы қарлығаштарының бірі – Жанбике Шанина туралы сөз етпекпіз.

Жанбике туралы дерек мүлде жоқ, тіпті, ғаламтордан да ешқандай ақпарат таба алмадық. Сондықтан соны деректер іздеуімізге тура келді. Жанбике Шанинаны көзімен көрген әріптесі, атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі 98 жастағы Хабиба Елебекова мен Жұмат Шаниннің немере інісі, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген қайраткер Атығай Шаниннің қыздары – Алматы қаласының тұрғыны Райхан Шанина мен Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының тұрғыны Раушан Шанина мен күйеу баласы, музыка мектебінің директоры Сағынбай Сыздықовпен тілдесіп, біраз мәлімет жинадық. Олар бізге айғақты деректер айтты. Себебі, Райхан мен Раушан – Жанбикенің сіңлісі Қапизаның қыздары. Жұмат пен Атығай Шаниндер бір үйдің қыздарын алған екен.

Жанбике Шанина 1900 жылы Қарағанды облысы қазіргі Қазыбек би ауданының Шөп­ті­көл ауылында дүние­ге келген. Әкесі Құттымбет аса ауқат­ты адам болған. Құттым­бет­тің Жанбике, Мәрзия, Қапиза атты үш қызы болады. Үшеуі де шетінен әнші, өнерлі екен.

Жұмат Шанин 1917 жылы өз ауылынан жүз шақырым жердегі Қарқаралы қаласына келіп, уездік кооперативке бухгалтер болып орналасады. «Сегіз қырлы, бір сырлы», домбыра, қобыз, мандолина, скрипка сияқты аспаптарда еркін ойнайтын Жұмат бір сауық кешінде өнерлі әрі сұлу бойжеткен Жанбикемен танысады. Бір-біріне сай екі жас мәңгілікке табысады. Актриса Хабиба Елебекова: «Жанбике өте сұлу, тамаша әнші еді. Жұмат сияқты жігітке адал жар болды, бірін-бірі қатты сыйлайтын. Қазақ драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі еді» дейді.

Ал, филология ғылымының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев Жұмат Шанин туралы естелігінде «Жанбике қазақтың тұңғыш әртістерінің бірі болған, адал жар, аяулы ана таудай ауыртпалықты ұзақ жылдар бойы белі қайыспай көтерген батыр жүректі адам» деп жазады.

Жұмат үйленгеннен кейін өнерлі жарын от басы, ошақ қасында қалдырмай, театрдағы артистік жұмысқа тартып, сахнаның қыр-сырын меңгеруге баулиды. Өнерге жаны құштар, өзі әнші Жанбике үшін бұл зор қуаныш еді. Осыдан бас­тап оның өмірі күрт өзгереді. Жан-жарының режиссерлік қызметіне қарай Қызылорда, Орал қалаларында болады.1926 жылы Қызылорда қаласында алғаш қазақ театры ашылып, Жұмат Шанин соның директоры әрі көркемдік жағын басқарушысы болады. Театрда Жанбике ірілі-ұсақты рөлдерде ойнап, өзінің актрисалық қырын ашады. 1927 жылы Москвада өткен этнографиялық концертке қатысады. Жанбике өмірінің өзегіне айналған өнерді өз мүддесінен де жоғары қояды. Атығай Шаниннің күйеу баласы Сағынбай Сыздықов ол туралы былайша баяндайды:

– 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне Қазақстан басшылары мен мәдениет қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, т.б. бірге пойызбен Мәскеу қаласына жол тартады. Жолда Жанбикенің емшектегі баласы Аян шетінеп кетеді. Осынау қайғылы жағдайға байланысты үлкендер Жұмат пен Жанбикеге баланы жерлеу үшін елге қайтыңдар дейді. Сонда Жұмат: «Өлер бала өлді, бала біздікі, бірақ қазақ өнері өлмесін, мен де, Жанбике де қайтпайды» дейді. Өз қайғыларын өнер жолына жеңдіре білген олар сәбилерін Мәскеудегі мұсылмандар зиратына жерлейді. Сол жолы Мәскеу жұртына Жұматтың режуссурасымен «Жалбыр», «Қыз Жібек» опералары көрсетіледі. Көрермендер, үкімет басшылары, өнер қайраткерлері қазақстандықтардың өнерін жоғары бағалайды. Әсіресе, Қыз Жібек рөліндегі Күләш Байсейітова мен Төлегеннің анасы Қамқаның рөлін ойнаған Жанбике Шанинаның шеберлігіне қатты тәнті болып, бұл актрисалар қайдан оқыған деп таң қалысады. Баласынан айырылған ана өз қайғысын Қамқаның рөлі арқылы бере білген ғой.

Менің алдымда Жанбикенің бақытты сәтін бейнелеген суреті жатыр. Ол өте бақытты еді, өйткені, жанында өзін сыйлайтын жан-жары және өмірінің жалғасы – баласы Раупбек бар. Дәл сол сәтте алдағы өмірінде үлкен бақытсыздық күтіп тұрғанын білді ме екен?!

Қазақ өнерінде өзіндік із қалдырған Жанбике өмірінің бір-ақ күнде астан-кестені шығады.

1937 жылы Жұмат Шанин «халық жауы» деп айыпталып, тұт­қын­далады.1938 жылы 26 ақпан күні ешқандай тергеусіз, сотсыз атылады. КСРО НКВД-ның 1937 жылы 15 тамыздағы №00486 бұйрығы бойынша «отанын сатқандар­дың» отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргін басталады. Осы бұйрыққа сәйкес 1938 жылы Жанбикені де қамауға алады. Жұмат пен Жанбикенің баласы Раупбек Мәскеу өнер институтын скрипка мамандығы бойынша үздік бітіріп келген еді. Анадан тірідей айырылған Раупбек 1939 жылы ауыр қайғыдан қайтыс болады. Рауп­бек Жұматұлы қазақтың алғашқы скрипкашыларының бірі еді. Жанбике 8 жылға сотталып, еңбек пен түзеу лагеріне жіберіледі. Оны «АЛЖИР» түрмесіне әкеледі. Лагерьдегі жағдай өте ауыр еді. Барактарда орын жетіспейтін. Лагерь аумағында үлкен қамысты көл болатын. Тұтқындар қамыс шауып, қыста барактарды жылытатын отын ретінде, ал жазда үй салатын құрылыс материалдарына пайдаланды. Алғашқы кезде әйелдермен бірге Жанбикеге де ауыр жұмыстарды істеуге тура келді. Көктем уақытында арықтарды қолымен қазып, тазалау өнер саласында жұмыс істеген адамдарға қиынға соқты. Ауыр да азапты күндерді бастан кешірді. Түрме қапасы мен қыстың шыңылтыр аязы, мардымсыз тамақ, аштық сияқты нәубеттермен қатар аш-арық адамдарға талай ауру жабысты. Жанбике қол өнерге икемді болғандықтан, тігін цехында жұмыс істейді. Сығырайып жанған шамның жарығымен түні бойы киім тігетін. Раушан Шанинаның анасы Қапизаның айтуынша, Жанбике түрмедегі өмірін көп әңгімелей бермейтін. Туысқандарының сөзіне қарағанда, Жанбике1946 жылы мерзімін толық өтеп, Қарағандыға келеді. Әбден жүдеген, кешегі жүзі жайнаған сұлу бейне жоқ, адам танымастай өзгерген, Қарағандыдағы сіңлісі Мәрзияның қолына келіп, тігін фабрикасына жұмысқа орналасады. Ауыр еңбек, қайғы-қасірет, ұзақ жылғы азапты өмірдің салдарынан өкпе ауруына шалдығып,1950 жылы көз жұмады. Зираты Қарағанды қаласында. Сөйтіп, Жанбике жан-жары Жұмат Шаниннің ақталғанын да білмей өмірден өтеді.

Тәуелсіздік таңы атты. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Кеңестік жүйе келмеске кетті. «АЛЖИР» түрмесінің орнына «АЛЖИР» мұражайы бой көтерді. Қазақ өнерінде өзіндік із қалдырған Жұмат пен Жанбикеден ұрпақ қалған жоқ. Бірақ, жазықсыз жазаның кінәсіз құрбаны болған Жанбике Шанина халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Алмагүл САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button