Басты ақпарат

Жедел жәрдем жедел жете ме?

Еліміздегі жедел жәрдем мамандары бұрынғыдай әрбір шақыртуға жылдам бара бермейді. Жаңа ережеге сәйкес, дәрігерлер жағдайы нашар науқасқа бірінші жетуі үшін өзге шақыр­тулардан бас тартқан болатын. Осы өзгерістерді жұртшылық қалай қабылдауда?

Үкіметтегі кезекті жиындардың бірінде министр Елжан Біртанов жаңа ереже қабылданғаннан кейін ел тұрғындарының бұрынғыға қарағанда жедел жәрдем қызметін азырақ шақыра бастағанын мәлім етті. Сөз арасында ол «103» нөміріне хабарласып, көмек сұрайтындардың саны дамыған елдермен салыс­тырғанда он есе көп болатынын айтып өтті. Соның салдарынан қысылтаяң шақтарда медициналық көліктер босамай қалатын көрінеді. Аталған ережеге сәйкес медициналық қызмет былтырдан бастап төрт деңгейге бөлінген. Осы санат бойынша медициналық бригаданың жету уақыты да белгіленді. Осыған дейін басынан дау арылмаған саланың жұмысы қазір бірізділікке келе бастады.
– Олардың бастапқы үшеуіне науқастың денсаулығына және өміріне қауіп төндіретін жағдайлар кіріп отыр. Ал төртінші санатқа тұрғындар арасында жиі кездесетін созылмалы аурулардың дендеуі жатады. Осының нәтижесінде біздегі жағдай тұрақтала бастады. Медициналық көліктердің де жұмысы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Бұған қоса қоңырау шалушылардың да азайғанын байқадық. Тұрғындар ауырған уақытта телефон соққаннан гөрі ауруханаға барып, емделгенді жөн көреді. Ендігі мақсат – халықты емдеудің сапасын арттыру керек. Бұған қоса осы өзгерістер бойынша, төртінші санатқа енген пациенттерге қызмет көрсету міндеттемелері мен тиісті қаражат ауруханаларға берілді, – деді Елжан Біртанов.
Айтпақшы, «103» нөміріне хабарласқаннан кейін қызмет­кер науқастың деңгейіне бай­ланыс­ты сол арада дереу тиісті санатқа топтастырады. Соны­мен қатар былтыр жиындардың бірінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева жаңа мамандық ашылып жатқанын хабарлаған. Жаңа мамандық – жедел жәрдем көрсететін дәрігерлер. Олардың міндеті – емханаларда отырып, жедел жәрдеммен келіп түскен науқас­тарға шұғыл көмек көрсету.

Төрт санат – төрт түрлі уақыт

Денсуалық сақтау министрлігі бекіткен ережеге сәйкес, жедел жәрдем мамандары бірінші санаттағы науқастарға жылдам арада жетіп, алғашқы көмек көрсетіп үлгеруі тиіс. Бұл санатқа өміріне қауіп төніп тұрған, нақтырақ айтқанда, ақыл-есін жоғалтқан, жүрек пен тыныс алуы тоқтаған, кеуденің ауыруы, ауыр жарақат алған, көп қан жоғалтқан, электрожарақат, дененің басым бөлігін күйік немесе үсік шалған, қан құсқан, зиянды жәндіктер шағып алған науқастар кіреді. «Абзал жандар» мұндай қауіпті жағдайға тап болған жандарға 10 минуттың ішінде жетуі тиіс.
Екінші санатқа топтастырыл­ған шақыртуға 15 минутта жету «парыз» саналады. Жүрек қағысының бұзылуы, тыныс алу жолдары бұзылған, қызу көте­рілгенде дененің бөртуі, жүкті әйелдердің бас ауруы секілді күйге тап болған жандар кіреді. Сол сияқты, бұл санатқа дене қызуы 38 градустан асқан 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге және террорлық әрекет болған орындарға жылдам жету керектігі де қарас­тырылған.
– Алғашқы санатқа енген адамның өміріне тікелей қауіп төніп тұрса, одан кейінгі деңгейге денсаулығына қауіп төндіретін сәттер кіреді. Екінші санаттағы науқастарға да шұғыл көмек қажет, – деді Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев.
Үшінші санатқа жарақат алған, іш ауруы, жоғары температура, аяғы ауыр әйелдің ауыруы, дененің белгілі тұсының күюі немесе үсікке шалынуы секілді жайттар кіреді. Бұл санатқа енген шақырту алдыңғы екеуі секілді шұғыл емес. Алайда «ақ халаттылар» 30 минут аралығында көмек көрсетіп үлгеруі тиіс. Болмаған жағдайда сырқаты немесе жарақаты асқынып кетуі әбден мүмкін.
Ал соңғы санаттағы қоңырауға жету үшін 1 сағат уақыт беріледі. Оған адамның өміріне де, денсау­лығына да қауіп төндірмейтін жағдайлар кіреді. Яғни, дененің аздап қызуы, жеңіл жарақат, тамақтан улану, жүкті әйелдердің құсуы (12 аптаға дейін), ас қорыту жүйесінің бұзылуы, кіші дәретпен бірге қан шығу, босанған немесе түсік тастағаннан кейінгі ауырсыну секілді жайттар кіреді. Сонымен қатар, соңғы санаттағы науқасқа мекенжайына қарасты емхана мамандары көмек көрсетеді.
– Мұның себебі, ауырған сайын жедел жәрдем арқылы емделсе, өзіне қиын. Бұл жағдайда емхана дәрігерлері өз науқастары туралы хабардан беймәлім болады. Бұлай жалғаса беруі – орынсыз. Сол сияқты медициналық жәрдем қызметінің тапсырмасы көбейіп, жұмыс кестесіне кері әсері тиеді, – деді Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры.

Санатқа бөлудің сыры неде?

Ол сөз арасында науқастарды мұндай топқа бөлінуінің де себебін нақтылап түсіндіріп өтті. – Мәселен, шақыртудың бірінде инфаркт алғаны, ал екіншісінде денесін үсік немесе күйік шалғаны туралы хабарлама түссе, жедел жәрдем бірінші кімге көмек көрсетуге асығуы тиіс? Әлбетте, инфаркт алған адамға бірінші ұмтылады, – деді Нұржан Отарбаев.
Демек жедел жәрдем қызметінде жалғыз көлік қалып, алайда екі түрлі деңгейдегі қоңырау түссе, мамандар жағдайы ауыр пациентке бірінші барады.
– Осыған дейін бізде шақыртудың 6 санаты болатын. Кеңес заманында да, тәуелсіздік алғаннан кейінгі бертін уақытта да осы жүйемен жұмыс істеп келдік. Қолайсыз жұмыс кестесінен кейін медициналық көмек көрсетудің уақыты шамадан тыс созылатын. Тиісінше бәріне үлгеру үшін қызмет сапасына да кері әсерін тигізбей қоймады. Тәжірибеге сүйенер болсақ, шақыртуларды санатқа бөлу жүйесі біраз елде бар. Мәселен, Түркияда, Ресейде 8 санаттан болса, АҚШ-тың әр аймағында 6-9 санатқа дейін қарастырылған. Санатқа бөлудің негізгі себебінің мәнісі не деген сұраққа келсек, біз әр шақыртуға бірдей әрі шұғыл ұмтыла алмаймыз. Бәріне дер кезінде үлгеру мүмкін емес. Ешбір мемлекетте оған жетерлік ресурс жоқ, – деді Нұржан Отарбаев.
Елордадағы журналистердің қатысуымен өткен жиындардың бірінде жедел жәрдем қызметінің жұмысы толығымен таныстырылған болатын. Диспетчер бөлімінің алдына қойылған үлкен экранда медициналық көліктердің қай тұста, қандай санаттағы пациентке кетіп бара жатқаны көрсетіледі. «103» қызметіне келіп түскен әрбір хабарлама егжей-тегжейлі сүзгіден өтіп, тиісті деңгейге топтастырылған соң бос көліктегі бригадаларға хабар береді.

Деректер не дейді?

Жыл сайын бізде шақырту саны шамалап алғанда 500 мыңға дейін артып келеді. Бұл – жедел жәрдем қызметінің жұмысын межеден тыс арттырып, тиімді пайдаланбай келгенінің белгісі. Мәселен, Қазақстанда 100 адамға шаққанда 40 шақырту түссе, өзге мемлекеттерде 10 шақыртудан аспайтын көрінеді. Аталған орталықтың директоры басқа елдерде бір бригадаға 7-8 шақырудан түссе, бізде бір ғана Астананың өзінде 23 шақыртудан келетінін айтып өтті.
Сол сияқты, Түркияның Ыстанбұл қаласында 15 млн адам тұрса, жылына 900 мың адам жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Ал Алматыда ресми түрде 2 млн-ға жуық тұрғын болса, ambulance қызметіне хабарласатындар саны Ыстанбұлмен бірдей келетін көрінеді. Бұл ақпаратты Алматы қаласы жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Сәбит Пазылов айтты.
Мәліметтерге сүйенер болсақ, 2016 жылы республика бойынша жедел жәрдем қызметіне 7 835 624 қоңырау түскен болса, оның 183 387-сі жалған хабар болыпты. Сондай-ақ жалпы шақыртудың 30 пайызы төртінші деңгейге жіктеледі екен.
Қазіргі уақытта Астана қаласының Жедел медициналық жәрдем стансасының диспетчерлік қызметіне 2500-ге жуық өтінім түсіп, оның 1500-ге жуығына жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді. Ал қалғаны телефон арқылы түсіндіріледі.

Бір айда – 106 шақырту

Астанада да ambulance қызметіне жиі хабарласатын тұрғындар жоқ емес. Мәселен, өткен жылы 86 жастағы кейуана «ақхалаттыларды» бір айда 106 рет шақырыпты. Қарт кісі болған соң дәрігерлер де көңілін қалдырмай, барып тұрыпты.
– Біз оның мекенжайын жаттап алғанбыз. Әр шақыртуына бардық. Себебі ол кеудесінің жүрек тұсы ауыратынын айтып шағымданатын. Оған қоса, созылмалы аурулары да көп болатын. Бармай қалу – қауіпті. Кейуана қарттар үйіне орналастырылған соң ғана мезгілсіз хабарласуы тоқтады, – деді қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімінің басшысы Бота Сәдетхан.
Қорыта айтсақ, Астанадағы, сондай-ақ жалпы еліміздегі жедел медициналық көмек жыл өткен сайын тұрақталып келеді. Жаңа ережеге сәйкес, дәрігерлердің қай уақытта келетіні де нақтыланды. Біртіндеп қоғам тарапынан да қолдау тауып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің бұл өзгерісі қуанарлық жағдай. Дегенмен, министрлік тарапы қала ішін ғана емес, алыс-жақын маңайда орналасқан елді мекендерге де тиісті деңгейде, жоғарыда аталған төрт санат бойынша дер уақытында қызмет көрсетсе, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленер еді!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button