Денсаулық

Жедел жәрдем жылдам ба?

Қала әкімі жедел медициналық жәрдем стансасына шақырған жерге 10 минутта  жету жөнінде міндет жүктегені белгілі. Бүгінде бұл саланы дамытуға байланысты бірқатар шаруалар қолға алынған.

Қала тұрғындарының көп­шілігі жедел жәрдемнің қыз­метіне емес, жедел жетуіне көбірек шағым айтады. Бірақ жедел топты шақырған адам өзіне «мен расымен жедел жәрдемнің көмегіне мұқтажбын ба?» деп сұрақ қойып көрді ме екен? Олай дейтініміз, шақыртулардың 60 пайызы жедел медициналық көмекті қажет етпейтін шақыртулар екен. Мысалы, тісің ауырса, қызуың көтерілсе, жергілікті емханаға барса жеткілікті.
Негізі, шақыртулардың көбі кешкі сағат 18.00-ден түнгі 23.00-дейінгі аралықта болады. Ал мамандар жол апатына түсіп, өмір мен өлім арасында жатқан жандарға алдымен барады.
Жалпы қалалық жедел меди­циналық жәрдем стансасы бір минутта екі шақырту қабыл­дайды екен.
Бүгінде қала бойынша 14 под­станса бар. Сатып алын­ған са­ни­тарлық көлік­тердің бәрі олардың әр­қайсысына бөлінген. Енді тағы үш станса ашу жоспарланған. Алдағы уақыт­та қалалық емханаларға да осындай көліктер берілмек. Олар өздеріне бекітілген ау­мақтағы шақыруларға барып, жұртшылыққа медициналық көмек көрсетеді.
Алдағы қыс айларының бірінде Есілдің сол жағалауында тағы бір жедел жәрдем стансасын ашу жоспарда тұр. Бұл үлкен диспетчерлік орталық ретінде құрылады. Оның бір бөлігі тек жедел жәрдемге арналса, екінші бөлімі телефон соққан тұрғындарға медициналық кеңес беретін орталық болмақ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button