Жаңалықтар

ЖЕДЕЛСӨЗ. Эльвира Шәмшікенова, Жұмыспен қамту ж»әне әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлер және мүгедектер жұмысы жөніндегі бөлім басшысы: «ҚАМҚОРЛЫҚТАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ»»

Жыл сайын қазанның екінші жексенбісі елімізде Мүгедектер күні ретінде аталып өтілуде. Астана қаласында да атаулы күнге орай мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөліп, қол ұшын созу дәстүрі қалыптасқан. Осы тұрғыда Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлер мен мүгедектер жұмысы жөніндегі бөлімінің басшысы Эльвира Шәмшікенова әңгімелейді.

– Мерекеге орай қалада қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?
– Астана қаласы әкімдігінің Мү­ге­дектер күнін өткізу жөніндегі арнаулы іс-шарасы бекітілді. Осыған сәйкес бағдарламалар жасалып, нақты істер қолға алынды. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының қолдауымен тірек-қимыл мүшесі бұ­зылған балалар үшін «Алтын күз» қуыршақ театрының қойылымы өтеді. Мақсат – тағдырдың жазуымен мүгедектіктің қамытын киген жандардың көңілдерін көтеру, олардың тұрмыстық түйткілдеріне аз да болса назар аудару. Ал, 7-11 қазан күндері өте­тін «мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орындарын құру» акциясы олар үшін нағыз қолдау болады деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, Астана қаласы білім бас­қармасының ұйымдастыруымен бұл күні «Әлем балалар көзқарасымен» атты бүлдіршіндер шығармашылығы көрмесі де балғын таланттардың ой-қиялына қанат бітіріп, өз мүмкіндіктерін көрсетудің бір жолы болады.
– Мүгедектерді әлеуметтік қорғау қалай?
– Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасы жергілікті бюджет есебінен мүгедектерге айтарлықтай көмек көр­сетіп келеді. Әсіресе, өздігінен жүре алмайтын адамдарға айрықша көңіл бөлінеді. Қазір елордада үйде әлеуметтік қызмет көрсететін 4 бөлім жұмыс іс­тейді. Бүгінде олар еңбекке қабілетсіз азаматтарға қол ұшын созуда.
Тағы бір атап айтарлығы, қаладағы мүгедектер міндетті жеке бас тазалығы бұйымдарымен, қазіргі заманғы протез-ортопедия, тифлотехника, сурдотехника құралдарымен қамтамасыз етіледі. Құлағы естімейтін, көзі көрмейтін адамдарға арнаулы көмекші мамандар бөлінеді.
Мүгедектер күні қарсаңында мүм­кіндігі шектеулі жандарға 3000 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілді. Қалада оны 14943 адам алды.
– Қалада мүгедектер саны қанша?
– Қазіргі таңда елордада 18203 мүгедек адам бар деп саналады. Атап айтсақ, І топтағы мүгедек – 2047, ІІ топтағысы – 7536, ІІІ топтағы 5929 және мүгедек балалар саны – 2691. Шынын айту керек, тағдырдың жазуы солай болды, олар қазір біреудің көмегіне мұқтаж. Сондықтан мүге­дектерге қамқорлық жасау – әрбір адамның парызы.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button